"Мемлекеттік қызметтерді 100 пайыз автоматтандыру мүмкін емес"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2814

Бүгінде Қазақстанның электронды үкіметі E-GOV 2.0 сатысында, ендігі міндет – E-GOV 3.0-ге ойысу.

"Мемлекеттік қызметтерді 100 пайыз автоматтандыру мүмкін емес"

Статистикаға сүйенсек, бүгінде Қазақстанның электронды үкіметіне, яғни e-gov-қа 8,5 миллионнан астам тұтынушы тіркелген. Былтыр аталған портал арқылы 30 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, алдағы уақытта тағы 588 қызмет оңтайланбақ. Олардың 141-і электронды форматқа ауыстырылып, 447 қызметтің мерзімі мен оған қажет етілетін құжаттардың саны қысқарады. Десе де, мемлекеттік қызметтерді 100 пайыз автоматтандыру мүмкін емес.

"Себебі тиісті маманның қатысуынсыз жүзеге аспайтын қызмет түрлері бар. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі балаларды тексеру мен оларға медициналық-педагогикалық кеңестік көмек көрсету қызметін алуға болады. Дегенмен, мұндай қызметтердің процесі мен мерзімін қысқарту үшін тиісті шаралар атқарылуда", – дейді Дәурен Абаев.

Министрдің мәліметінше, ел тұрғындары денсаулық сақтау қызметтерін жиі пайдаланады екен. Сондықтан былтыр медициналық ұйымға тіркелу және дәрігер таңдау қызметі электронды форматқа көшірілді. 4 айдың ішінде бұл қызметті 70 мың адам пайдаланған. Ал 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап наркологиялық, психологиялық және тубдиспансерлер анықтамасын портал арқылы алуға мүмкіндік туды. Қазір қажетті құжаттарды үйден шықпай-ақ алуға болады.

"Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жүйелі жұмысты қажет етеді. Бұл шаруа кешенді түрде жоғары цифрлық сауаттылықпен атқарылуға тиіс. Сапалы интернеттің енгізілуін де ұлғайта беруіміз керек. Өйткені былтыр Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 10 миллионнан астам мекенжай анықтамасы берілген. Алайда қазір бұл құжатты электронды үкімет порталы арқылы, электронды цифрлық қолтаңбамен немесе смартфондағы телеграм-ботты пайдаланып та алуға болады", – дейді Дәурен Абаев.

Жалпы, қазақстандықтардың 64 пайызы интернетті смартфон арқылы пайдаланады екен. Сондықтан министрлік электронды үкіметтің mGov мобильді қосымшасын дамытуға ерекше назар аударып отыр. Бүгінгі таңда mGov арқылы 87 қызмет пен сервисті ғана пайдалануға мүмкіндік бар.

"Бұл қосымшаны қазір 1,3 миллион азамат пайдаланып отыр. 2018 жылдың өзінде m-Gov арқылы 3,6 миллион қызмет көрсетілген", – деп толықтырды министр.

2018 жылы электронды үкіметтің даму деңгейі бойынша БҰҰ өткізген зерттеулер нәтижесінде Қазақстан 39-шы орынды иеленді. Бұл даму қарқыны өте жоғары мемлекеттер арасындағы көрсеткіш. Біздің электронды үкімет қазір E-GOV 2.0 сатысында. Ендігі міндет – E-GOV 3.0 сатысына көтерілу. Бүгінде бұл саты Оңтүстік Корея, Аустралия, Сингапур, Ұлыбритания мен Дания елдерінде қолданылады.

"E-GOV 3.0 "Жасанды интеллект", "Проактивті қызметтер", "Интернет заттар" және басқа да технологиялық артықшылықтардан тұрады. 2021 жылы E-GOV 3.0 сатысына толық көшуді жоспарлап отырмыз. Десек те, бүгінде аталған сатының кейбір элементтері енгізіліп те қойды", – дейді министр.

Мәселен, биылдан бастап мемлекеттік қызметтерді саусақ ізімен алу тетігі толықтай іске қосылады.

"Мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдету үшін қызмет алушылардың жеке басын растаудың жаңа механизмін іске қостық. Енді азаматтар қызметті бет-бейнесі немесе саусақ іздерінің көмегімен ала алады. Соның нәтижесінде электронды цифрлық қолтаңбаны қолдану немесе жеке куәлікті ұсыну қажеттілігі жойылады", – дейді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов.

Оның айтуынша, бұл базаны қаржы, коммерциялық қызмет көрсету және қауіпсіздік салаларында, сондай-ақ ғимаратқа кіру жүйесінде пайдалануға болады.

Басқарма төрағасының сөзінше, аталған жоба 2018 жылдың 12 желтоқсанынан бастап Астана және Алматы қалаларында іске қосылған. Ал осы жылдың қыркүйек айында тұтас ел бойынша толықтай енгізілмек.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу