Бүгінде шағын және орта бизнес өкілдері үшін орталықтандырылған касса орнату өзекті мәселенің біріне айналып отыр. "Электронды үкімет" құру шеңберінде қолға алынған бұл шараның жетілдіретін тұсы көп екені айтпаса да түсінікті.
Үкімет орталықтандырылған касса жүйесін орнатуға бірінші кезекте алкоголь мен темекі және жанар-жағармай саудасымен айналысатын шағын және орта бизнес өкілдерін міндеттеді. Биылдан бастап саудамен айналысатын нысандардың барлығы орталықтандырылған касса орнатуы тиіс. Ал бұған кәсіпкерлер дайын емес. Олардың айтуынша, жаңа жүйеге операторлық қызмет көрсететін "Қазақтелеком" компаниясына бірқатар техникалық мәселені шешу қажет. Бұл туралы орталықтандырылған касса жүйесіне техникалық қызмет көрсету орталығын ашқан кәсіпкер Василий Калугин: "Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кіріс комитеті жүйенің жұмысын жетілдіру үшін саланың тілін білетін мамандардың басын қосып, арнайы жұмыс тобын құрды. Күні бүгінге дейін жұмыс тобы бірнеше рет бас қосып, түйінді мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Сонда Салық кодексіне бірқатар өзгеріс енгізу қажеттігі айтылды. Қазақстан Еуразиялық Одақ аясында орталықтандырылған касса жүйесін бірінші болып қолға алды. Біздің бұл бағытта жұмыс істегенімізге екі-үш жылдың жүзі болды. Ресей бұл жүйеге енді ауысып жатыр, – деді.
Оның сөзінше, кез келген істі жүзеге асырғанда өзге елдің іс-тәжірибесі басшылыққа алынады. Бірақ басты мәселені назардан тыс қалдырмау керек.
"Үкімет осы іске кіріскен кезде дамыған елдердің іс-тәжірибесін басшылыққа алған сияқты. Кез келген елдің өзіндік ерекшелігі болатынын ескерсек, орталықтандырылған касса жүйесін енгізуде біз өзіміздің ешқандай елге ұқсамайтын жүйемізді қалыптастыруымыз керек екенін түсінуіміз қажет. Сондықтан бізді алда көп жұмыс күтіп тұр деп есептеймін, – деді кәсіпкер.
Оның сөзінше, орталықтандырылған касса орнату ісінде түйіні тарқатылмаған техникалық қиындық бар.
"Қазір шағын және орта бизнеспен алыс ауылдардағы тұрғындар да айналысады. Жаңа талап бойынша олардың дүкендерінде де орталықтандырылған касса болуы тиіс. Касса үздіксіз істеуі үшін ғаламтор үнемі қосылып тұруы керек. Ал алыс ауылдарда ғаламтор түгілі ұялы байланыс дұрыс жұмыс істемейді. Түсінікті тілде айтатын болсам, ауылдағы кәсіпкерлерге орталықтандырылған касса орнату туралы талап қою ақылға сыймайтын іс", – деді Василий Калугин.
Сөз арасында ол тағы бір өзекті мәселені атап өтті.
"Орталықтандырылған кассаларға қызмет көрсететін ІТ мамандар тапшы. Қалада мамандар бар ал аудан орталықтарында бұл саланың тілін жетік білетін маман жоқ", – деді Василий Калугин.
Оның айтуынша, елімізде кәсіпкерлік нысандарының 10% ғана орталықтандырылған кассалық жүйеге қосылған. Оларға қазір 150-ге жуық техникалық қызмет көрсету орталығы қол ұшын беріп жатыр.
"Бізде орталықтандырылған кассалық жүйеге техникалық қызмет көрсететін мекеме өте аз. Болашақта кәсіпкерлік нысандарының барлығы жаңа жүйеге көшетін болса, үлкен мәселе туады. Мұның алдын алу үшін қазірден бастап қамдану қажет", – деді Василий Калугин.
Ал тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының сарапшысы Темір Назханов кез келген жаңа жобаның қиындығы болатынын алға тартты.
"Мұның әуресі көп екен деп ескі жүйемен жүре беруге болмайды. Сондықтан шағын және орта бизнес өкілдері бұл бастамаға түсіністікпен қарауы керек. Қазақстан электронды үкімет құру бойынша қыруар шаруа атқарып жатыр. Бүгінде біз электронды қолтаңба арқылы өзімізге қажетті құжаттарды үйден шықпай-ақ алып жүрміз. Сол сияқты алдағы уақытта кәсіпкерлер мен салық органдары бір-бірімен кездеспей-ақ, шаруаны виртуалды әлемде бітіре беретін болады. Ең бастысы бұл жүйе сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойып, көлеңкелі экономиканың тамырына балта шабады, – дейді кәсіпкерлер қауымдастығының сарапшысы.
Оның сөзінше, жаңа жүйені жатсынбау үшін біраз уақыт керек.
"Бізде атқарушы билік қандайда бір мәселені бастағанда көпшілікке тиісті деңгейде насихаттамайды. Салдарынан түсініспеушілік туады. Осыдан біраз бұрын кәсіпкерлерге пост-терминал орнату туралы талап қойылды. Бұл үшін біраз уақыт та берілді. Жоғары жақта дәл осындай мәселе қолға алынып жатқанда кәсіпкерлер мәселенің мәнін түсінген жоқ. Ал түсіндіру жұмыстары жүргізілмеді. Нәтижесінде қоғамда үлкен дау туып, бұл мәселе біраз уақытқа кейін шегерілді. Орталықтандырылған касса орнату ісінде де осындай олқылық орын алып отыр. Белгілі орталарда, салалық мекемелерде осы мәселеге қатысты арнайы жиын өтті. Бірақ бұл туралы БАҚ бетінде тиісінше жарияланған жоқ. Қазіргі кезде шағын кәсіпкерлікпен айналысатындардың басым бөлігі қазақ тілді азаматтар. Олар кез келген ақпаратты мемлекеттік тілде алғысы келеді. Ал атқарушы билік кәсіпкерлердің жұмысын реттейтін ереже мен жарғыны қазақ тілінде әзірлей алмай отыр. Орталықтандырылған касса орнату ісі осыған бірден бір дәлел, – деді Темір Назханов.
Нұрлан Жұмахан