"Бір терезеден" "бір өтінішке" көшеміз

Лицензиаттың мекенжайы өзгерсе, лицензияны қайта алудың қажеті жоқ. 

"Бір терезеден" "бір өтінішке" көшеміз

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңаша тәсілі қалай жүзеге асатыны түсіндірілді. Халыққа мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметті сапалы ету үшін қолданыстағы бірнеше заңға өзгерту мен түзетулер енгізіліп отыр. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін заң жобасының жағымды тұстарын Мәжіліс депутаты Майра Айсина айтып берді.

Заң жобасына "проактивті", "экс-аумақтық" және "композиттік" қызмет деген 3 жаңа термин еніп отыр. Проактивті қызмет азаматтың өтінішін күтпестен, мемлекет тарапынан автоматты түрде көрсетілетін қызметті меңзесе, композиттік қызмет "бір өтініш арқылы бірнеше қызметке өтінім беруді көздейді. Ал "экс-аумақтық қызмет" Қазақстанның кез келген нүктесінде жүріп қашықтықтан анықтама алуға мүмкіндік береді.

Мәжіліс депутаты жаңа туған баланы тіркеу, жөргекпұл мен өзге де өтемақыларды тағайындау қазір проактивті түрде көрсетіле бастағанын айтады. Ал "бір өтініш" қағидаты бойынша зейнетақы тағайындау іске қосылған.

"Бір өтініш" қағидаты бойынша қызмет көрсету қазір де бар. Қазір бұл қағидатпен 19 құжаттың басын біріктірген 8 қызмет көрсетіледі. Жаңа заң аясында 63 қызметтің басын біріктірген 29 композиттік қызметті іске қосу қарастырылған. Мысалы, бұл мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-атаналарға  өте тиімді. Себебі тексеру, оқыту және  оңалту бойынша 6 мемлекеттік қызметті бүгінде  бір ғана өтінішпен ала алады. Бұрынғы кезде олар  6 мекемеге барып, 6 өтініш жазатын. Қазір бұл жүйемен зейнетақы тағайындау қызметі ілкі жоба ретінде көрсетіліп келеді", – деді депутат.

Мәжіліс депутаты проактивті қызмет лицензиямен жұмыс істеушілердің жұмысын да жеңілдетінін айтады.

"Жасыратыны жоқ, мемлекеттік органдар көшенің атауын немесе  үйлердің реттік сандарын ауыстырған кезде  халықтың арасында реніш туындайды, себебі олар құжаттарын қайта рәсімдеуге мәжбүр болады. Банктерде азаматтардың деректері  өзгеше болуына байланысты ескі дерекпен жасалған құжаттарды қабылдамайды.  Құжат жаңалау үшін тұрғындарға кемінде 10 күн кететін. Ал  мына заң жобасында мемлекеттік органдардың бастамасымен мекенжай атаулары өзгеретін болса, аталмыш аумақта тұратын адамдарға өзіне қатысты мәліметтерді жаңалау үшін ешқандай органға барудың қажеті жоқ.  Өйткені мәліметтердің барлығы ақпараттық жүйелердің интеграциясы есебінен  автоматты түрде іске асырылады. Бұл өзгеріс лицензия алушыларға да қатысты. Бұрын лицензиаттың мекенжайына қатысты мәліметтер өзгерген кезде  қайтадан лиценизия алуға мәжбүр болатын. Енді  бұл да автоматты түрде жасалатын болады", – дейді Майра Айсина.

Заңда дефис арқылы жазылатын адам аттарына қатысты өзгеріс те бар.

"Бұған дейін адам аты дефис арқылы жазылатын қосарланған сөзден тұрса, баласының құжатында ол дефиссіз, бірге жазылатын немесе қос сөздің бір сыңары ғана жазылатын. Енді өз құжатында қалай жазылса, баланың құжатына да солай жазылатын болды", – дейді ол.

Заң жобасы АХАТ бөлімдерінен алатын 7000 мың қызметті қашықтықтан алуға жағдай жасайды.

"Бұрын Алматыда тұрып, Орал қаласынан бір құжат алу үшін пошта арқылы бір ай уақыт жұмсалатын.  Қазір жергілікті АХАТ бөлімдері беретін құжаттарды Қазақстанның кез келген нүктесінде тұрып алуға болады", – дейді Майра Айсина.

Шара барысында мемлекеттік қызметтің 80%-ы электронды форматқа көшкенімен, халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезектің сейілмей тұрғаны айтылды. Депутат аталмыш орталықтарда интернеттің қыр-сырына қанық жастардың да көп жүретінін айтып, қазақстандықтарды электронды қызмет алуға машықтануға шақырды.

"Орталықтардағы жас қыздарымыз бен ұлдарымыз таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 20.00-ге  дейін жұмыс істейді. Сенбіде де демалыс жоқ.  Сондықтан барлық қазақстандық мамандарға сыйластықпен қараған жөн. Бір-бірімізді түсінуіміз керек", – деп түйіндеді депутат.

Жыл басынан бері азаматтарға арналған үкімет мекемесінің қызметкерлері мен тұрғындар арасында 8 төбелес тіркеліпті.

"Жыл басынан бері ондай 8 оқиға тіркелді. Оның ішінде сотқа дейін жеткен істер бар. Кейбір оқиға бойынша әлі тергеу жүріп жатыр. Бұл 8 факті нақты қол жұмсауға қатысты. Оқиғалардың көбі негізінен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында тіркелді", – дейді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарушы директоры Мұрат Жұманбай.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу