Мемлекеттік сатып алудың қай түрі жемқорлықты барынша тыйып, қайсысының шикілігі басым екенін нақты көрсету қиын. Белгілісі - іс жүзінде тараптар заңның әлсіз жерін пайдаланып, айналып өткен кездері қашан да бола бермек.
Осыдан бір жыл бұрын, 2015 жылдың желтоқсан айында, "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңға өзгеріс пен толықтыру енгізіліп, қаржы министрлігінің мәліметінше, бұл заңның талабы барынша қатаңдатылды. Нақтырақ айтар болсақ, мемлекеттік сатып алу келісімшарты жасалу үшін тендерге қатысатын үміткер компания саны көбейтіліп, келісімшартта көрсетілетін тауар мен қызмет барынша нақтыланған.
Тендер нарығына қатысушы жекелеген кәсіпкер мен тендерді ұйымдастырушы кәсіпорындардың пікірінше, соңғы бірнеше жылдан бері мекеменің қаражатын үнемдеуде және мекеме керек-жарақты тиісті түрде сатып алуда мемлекеттік сатып алу жүйесінің енгізілгені өте пайдалы болып отыр. Дегенмен, заңның өзгеруімен бірге оны айналып өтуші пысықтардың да пайда болатынын алға тартатындар бар. "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңмен істес болып отырғандар осыны айтады.
"Мен қызметке келгелі мекемеге қажетті керек-жарақтың бәрі мемлекеттік сатып алу арқылы алынады. Бұл жүйе келгенге дейін бюджет қаражатының қалай бақыланғанын білмеймін, бірақ мемлекеттік сатып алу жүйесінің бастапқы жылдарына қарағанда қазір талап барынша қатаң және әділ болуы керек", – дейді мемлекеттік сатып алу жөніндегі маман Бекзат Сыздықов.
"Қосымша келісім" тендерді жеудің классикалық үлгісі болған
Жалпы, мемлекеттік сатып алу талабы екіжақты сауда келісімінде көрсетілген қаражаттың көлемі мен алынатын тауар немесе көрсетілетін қызметке байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Осы орайда, әрқайсысының өз ерекшелігі бар.
"Мемлекеттік сатып алудың да өзінің бірнеше түрі бар. Бір ғана адаммен келісіп жасайтын сауда бар. Ол үшін заңның 39-бабы, 3-тармағындағы бірнеше тармақшаның біреуі сәйкес келсе болғаны, тендер жарияламай, бір ғана кәсіпкермен келісіп шарт жасаса беруге болады", – дейді маман.
Мемлекеттік сатып алуда заңды айналып өтудің ең классикалық үлгісіне айналған "қосымша келісім" жасау жағдайы да былтырғы өзгерістен кейін сәл күшейтілгенге ұқсайды. Бұрын мекеме мен тапсырыс қабылдаушы кәсіпкер өзара келісіп, тендерде ең минималды көрсеткішпен ұтып алған тапсырыс алушы кейін тапсырыс берушімен тағы жолығып, қосымша шарт құрып, бағаны қайта көтеріп алатын. Сыздықовтың айтуынша, қазір бұл олқылықтың орны заңмен толтырылып, "қосымша келісімшарт" жасау үшін арнайы талап қойылған.
Сонымен қатар, Сыздықовтың айтуынша, мекеменің қаражатты үнемдеуі үшін ең ұтымдысы "баға бойынша" тендер өткізу. Алайда бұл кезде сатып алатын тауарыңыз бен тұтынатын қызметіңіздің жалпы құны 100-2000 АЕК аралығында ғана болуы керек. Сонымен қатар мұның бір әлсіз жері – тапсырыс беруші өзінің нақты талабын қоя алмайды. Мәселен, компьютерге тапсырыс бергенде оның маркасы мен өзге де қасиеттерін нақтылай алмайсыз.
Ал мемлекеттік сатып алудың "Аукцион" деген түрі тиімді көрінеді. Осы түрі арқылы мекеме қаржысы молынан үнемделмек. Оның шаруасы да көп. Аукцион арқылы жасалатын келісімшарттың құны шамамен 8 млн теңгеден аспауы тиіс екен.
Ал байқау үлгісіндегі мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру үшін арнайы комиссия құрылуы тиіс. Талап етілетін құжаттар тұрғысынан аукционға ұқсайды.
Айта кетейік, "аукцион" мен "байқауда" тапсырыс беруші мекеме тапсырыс қабылдаушыға нақты талап қоя алады. Соның ішінде тауардың маркасы мен қызметкердің арнайы дипломы болуы да талап етіледі.
Бекзат Сыздықовтың пікірінше, жоғарыдағы мемлекеттік сатып алу түрлерінің қайсысы жемқорлықты барынша тыйып, қайсысының шикілігі басым екенін нақты көрсету қиын. Белгілісі, іс жүзінде тараптар заңның әлсіз жерін пайдаланып айналып өткен кездері қашан да бола бермек.
Самұрық-Қазына өз алдына бөлек "үкімет" пе?
Бір қызығы, "Мемлекеттік сатып алу туралы" заң 2009 жылдан бері "Самұрық-Қазынаға" тиесілі компаниялардың ешқайсысына жүрмейді. Ұлттық әл-ауқат қорының қарамағындағы 250 шақты компания үшін "Самұрықтың" өз заңы бар. "Самұрықт" үшін "мемлекеттік сатып алу" деген термин жоқ, олардікі тек "сатып алу".
"Самұрық-Қазына келісімшарт" компаниясы бас директорының орынбасары Мұхит Мағажановтың айтуынша, сатып алудың "Самұрықта" өзіндік жүйесі қалыптасып, бірыңғай номенклатуралық анықтамалығы бекітілген.
"Анықтамада 160 мың код жинақталған. Олар сатып алатын әрбір тауарға жеке-жеке беріледі. Қызметтің немесе тауардың өз коды бар. Сатып алу байқауының барлығы сол кодтар арқылы өткізіледі. Бұл сатып алуға қатысатын кәсіпкерлер үшін де ыңғайлы. Себебі, барлығы бір жүйе, ешқайда барудың қажеті жоқ. Электронды тәсілмен жүргізіледі", – дейді Мұхит Мағажанов.
"Мемлекеттік сатып алу туралы" заң жиі жаңартылып отырады. Оның үстіне жылына бірнеше рет қаржы министрлігінің осы заңға қосымша бұйрықтары мен нормативтік-құқықтық актілері тағы қосылады. Жалпы, мемлекеттік сатып алу мен тендерге белсенді қатысушы кәсіпкерлердің пікірінше, мұндай кезде заңды бұзуға бірінші кезекте сол заңның жиі өзгеруі түрткі болып жатады.