"Мен ақшаларыңды қайтармаймын!"

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
10643

"Гарант 24 Ломбард" ЖШС құрылтайшысы салымшыларға осылай деп хабарлама жолдаған. 

"Мен ақшаларыңды қайтармаймын!"

Былтыр еліміздің 13 аймағында "Гарант 24 Ломбард", "Estate Ломбард" және "Выгодный займ" атты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бөлімшелері ашылды. Ізінше танымал вайнерлер, эстрада әншілері және әртістер әлеуметтік желілер арқылы серіктестікті жер-көкке сиғызбай мақтады. Сол-ақ екен халық аты аталған компанияларға лек-легімен ағылды.Осыны күткен ЖШС өкілдері қарапайым адамдардан бөліп төлеу құқығымен қымбат бағаға автокөліктер мен жылжымайтын мүліктерді сатып ала бастады. Келісімшарт бойынша 3-5 ай көлемінде клиенттерге ақшаның бір бөлігі берілуге тиіс болған. Осы аралықта ЖШС өкілдері бірінші тұлғалардың мүлкін үшінші тұлғаларға арзан бағамен сатып, алаяқтық жасаған. Бұдан бөлек серіктестік өкілдері 40% мөлшерлемемен қайтару туралы жалған уәдемен азаматтардан қолма-қол ақша алған.

Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі: "Салымшыларды 480% мөлшерінде жылдық сыйақы береміз деп алдаған. Ақша "Гарант 24 Ломбард" ЖШС-ның кассасы арқылы қолма-қол қабылданған. Салдарынан 2800 адам қаражатынан айырылған", – деп ресми мәлімдеме жасады.

Алаяқ басшылар күдік туғызбас үшін WhatsApp желісінен чат ашып, салымшылармен тікелей байланыста болған. Ал пайдаға кенелуді ойлаған адамдар оларға қолындағы барын берген.  

15 ақпан күні "жарылқаушылар" қыруар қаржыны жиып алып, үшті-күйлі жоқ болып кетті. Өз кезегінде вайнерлер мен әншілер, әртістер осыған дейін айтқандарынан айнып, жаздық, жаңылдық, "өзімізде алдандық" деп шықты. Екі ортада халық зар илеп қалды.

19 ақпанда "Гарант 24 Ломбард" ЖШС құрылтайшысы Мырзабеков Аслан Пазылжанұлы WhatsApp желісіне шығып, салымшыларға: "Мен ақшаларыңды қайтармаймын! Сенім білдіргендеріңе рахмет! Жеңіл ақшаны жақсы көретіндер, сау болыңдар!" – деп хабарлама жолдаған. Қазір құқық қорғау органдары жазба авторын іздестіріп жатыр.

Іс насырға шапқанда...

Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура әрекет ете бастады. Нәтижесінде қаржы пирамидасын құрған "Гарант 24 Ломбард", "Estate Ломбард" және "Выгодный займ" компанияларына қатысты 22 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі тергеу басқармасының басшысы Санжар Әділов: "Алаяқтықпен  айналысқан "Гарант 24 Ломбард", "Estate Ломбард" және "Выгодный займ" сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысты 22 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қаржы пирамидасын құрған алаяқтар ел азаматтарына 5 млрд 411 млн теңге материалдық шығын келтірілген. Аты аталған ұйымдардың 3 құрылтайшысына және алаяқтыққа қатысы болған 6 адамға мемлекетаралық іздеу жарияланып, 13 адам қамауға алынды", – деді.

Бас прокуратураның хабарлауынша, аты аталған ұйымдар 6 мың адаммен 42 мың келісімшарт жасаған. Яғни осынша адамды сан соқтырған.

"Кіріс көзі дәлелденбеген, қомақты қаражатқа қол жеткізу туралы уәде беретін күмәнді ұйымдарға қаражат салмауға шақырамыз", – деп Бас прокуратура ел азаматтарына үндеу жолдады.

Министрдің мәлімдемесі

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ақша табу үшін жарнама жасап, өздері ақ-қарасын айырмаған іске халықты бағыттайтын танымал тұлғаларды ақылға шақырды. Ол ел алдында жүрген адамдар халықты адастырмауға тиіс екеніне тоқталып, жауапкершіліктен жалтармау үшін сөз бен іске сақ болу қажет екенін айтты.

"Қоғам танымал тұлғаларға сүйіспеншілікпен қарайды және сенеді. Сондықтан осындай нәрселерге ерекше назар аударып, абай болу керек", – деді Ақтоты Райымқұлова.

"Instagram акаунттарды бұғаттау керек"

"Қазақстан ұлттық тұтынушылар лигасы" республикалық қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Светлана Романовская миллиондаған оқырмандары бар Instagram акаунттардың иелері ақша төлесе, кез келген дүниені жарнамалайтынын тілге тиек етті.

"Синтетикалық есірткіні, қаржы пирамидасын жарнамалағандарды көрдік. Оларды ешкім тезге салған жоқ. Неге? Жарнама беруші мен оны жарнамалаушы жарнаманың мазмұнына және салдарына жауап беруге тиіс. Жарнама арқылы қоғамға қандай да бір қауіп төндіретін Instagram акаунттарды бұғаттау керек. Мәселені парламент деңгейінде шешу қажет. Ал қарапайым халыққа қаржылық сауаттылығын арттырған жөн. Ешқашан, ешбір жерде оңай әрі жеңіл табыс болмайды", – деді ол.

Вайнерлер мен эстрада әншілеріне және әртістерге...

"Гарант 24 Ломбард" ЖШС-ны мақтап, "Ақсақты тыңдай, өтірікті шындай" соғып, халықты адастырғаны үшін 400-530 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Бұл туралы Бас прокуратура: "Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жарнама жасауды жүзеге асырған және таратқан тұлғалардың жауапкершілігі қарастырылып, олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі", – деді.

Бірде-бір ломбард тіркелмеген

Биылғы жылғы 1 қаңтардан бастап "Микроқаржылық қызмет туралы" заңға  сәйкес, ломбардтардың жеке тұлғаларға микрокредит беруі микроқаржылық қызмет деп қарастырылатын болды. Осыған орай ломбардтарға 1 шілдеге дейін қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің есептік тіркеуінен өту міндеті қойылды. Алайда күні бүгінге дейін бірде-бір ломбард тіркелмеген.

Бұл – еліміздегі ломбардтар микроқаржы ұйымдарының тізілімінде жоқ деген сөз.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, ломбардтардың қызметі "Азаматтық кодекспен" реттеледі. Ломбардтар лицензиясы болған жағдайда ғана халыққа микроқарыз бере алады.

"Құжаты жоқ ломбардтармен қандай да бір келісім жасаған азаматтар ықтимал тәуелге бел буады және оның салдарына өздері жауапты болады. Сондықтан тіркеуден өтпеген  ломбардтардың қызметіне жүгінбеуді ұсынамыз", – деп мәлімдеді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу