Азаматтар "Финико" пирамидасына 40 миллиард теңгедей салған

2581

Ресейлік пирамидаға қатысу үшін қазақстандықтар жалғыз үйін сатып, банктен көп қарыз алған.

Азаматтар "Финико" пирамидасына 40 миллиард теңгедей салған

Татарстан астанасы Қазан қаласында Finiko қаржы пирамидасының негізін қалаушы Кирилл Доронин тұтқындалды. Оған РФ Қылмыстық кодексінің 159-бабы – аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр. Оның қызметінен келген шығын әзірге бар-жоғы 70 миллион рубльді құрады. Дегенмен, ресейлік пирамидадан зардап шегушілердің көбі Қазақстанда тұратынға ұқсайды. Алаяқтар көрші елден әрекет ету арқылы біздегі жауапкершіліктен құтылып кетудің қарекетін жасаса керек, деп жазады Inbusiness.kz.

Ресейлік пирамиданың қызметі Қазақстанда қызды

РФ Ішкі істер министрлігіне жапа шеккен салымшылардан 100-ден аса шағым түсіпті. Ресейліктер бұл компанияға 100 мыңнан 10 миллион рубльге дейін салған екен. Тергеушілердің мәліметінше, Finiko 2018 жылдан бері "жоғары тиімділікті инвестициялық салымдар" деген жалған жарнамамен жұрттан ақша жинаған. Қаражат қор нарығына және биткоинге салынатыны уәде етілген. Шынында, ешқандай да инвестициялық қызмет жүргізілмеген, түскен қаражат ұрланған көрінеді.

Қазақстанда да осы схема қолданылды. Құйған ақшасы ай сайын 500%-ға дейін (Ресейде – 25%) көбейіп отырады дегенге сенген жұрт лек-лекпен ағылған.

"Бизнес Online" дереккөзінің хабарлауынша, Қазақстанды қоса алғанда, Finiko-ның жалпы табысы 7 миллиард рубльден (40,6 миллиард теңге) асыпты.

Татарстанның Ішкі істер министрлігі Қазақстандағы алданғандардан өтініштер түсіп жатқанын хабарлады. Салымшылар салған ақшасын да кері ала алмағандарына арызданады.

Қарағандылық Айман Қалдыбек жұбайы екеуі биылғы көктемде Instagram-да Финико жарнамасына кезігеді. Оларды әр салымға берілетін үлкен сыйақы қатты қызықтырады. Бұған қоса, жылжымайтын мүлікті, автокөлікті өз құнының 35%-ына, су тегінге сатып алу мүмкіндігі берілетіні хабарланған. Бұдан бөлек, салымшылар өз кредитінің 35%-ын ғана төлеп, толық жауып тастай алатыны уәде етілген.

"Күйеуім екеуіміз Жезқазғандағы пәтерімізді саттық. Содан түскен 21 мың доллар қаражатты Finiko-ға салып, сол арқылы елордадан қымбат үйлердің бірінен баспананы арзанға сатып алуға ниеттендік. Компания шарты бойынша ақшаны оның сайтынан аудардық. Ол қаржы Finiko-ның өзі ойлап тапқан Сyfron криптовалютасына конвертацияланды. Нәтижесінде, 21 мың долларымыз 19 029 Cyfron-ға айналды. 2021 жылғы 24 мамырда бекітілген келісімге сәйкес, салымым биылғы қыркүйекте 52 400 цифрон сомасында қайтарылуға тиіс болды", – дейді А.Қалдыбек.

Бұл ретте олар ай сайын азын-аулақ сыйақы алып тұрған. Алайда маусым айында оның жұбайына сыйақы төлеу күрт тоқтатылыпты. Осыдан кейін көңілдерінде күмән туған. Тек сонда ғана бұл компания туралы жай-жапсарды білу үшін интернетке жіті үңіліпті. Жалпы алғанда, бұл отбасы шотына 2021 жылғы сәуір-маусым аралығында сыйақы түрінде 2 700 доллар түскен. Содан кейін сыйақы аудару доғарылды.

Қазақстан қылмыстық іс қозғады

Алматы тұрғыны Михаил Д. да ең ірі мегаполисімізде Финико менеджерлері белсенді әрекет етіп келгенін айтады.

"Олар Алматыда Finiko және "Амир Капитал" деген пирамидалар ашып алды. Бас компаниясы Ресейде орналасқан, оларды онда қудалап жатыр. Қазақстанда өркен жаюда, емін-еркін әрекет етеді. Бірнеше жылдан бері қаншама отбасыны ойрандады, қаншама қазақстандықты тақырға отырғызды. Көптеген адам салымшы атану үшін қарызға батып, банктерден несие алды. Бұл алаяқтар ешқашан бой тасалаған емес, офисі Алматыдағы Атакент аумағында орын тепті. Өздерінің цифрон атты псевдовалютасын ойлап тапқан. Олар мемлекетке қарсы уағыз жүргізеді: "Мемлекетке сендердің кедей болғандарың керек, сонда қанауға оңай, сондықтан жоғарғы мөлшерлемелі кредит таратып, әдейі берешек батпағына батырады. Ал біз оны жеңіл шарттармен өтеуге, 35%-ын ғана төлеуге мүмкіндік береміз" деп алдайды. Салымға 500%-ға дейін сыйақы беруге уәде етеді. Мұның пирамида екенін құзырлы органдар неге ертерек анықтамаған", – дейді Михаил.

Финико сайтында оның тек "ойын имитациясы" екені, тиісінше, жауапкершілік арқаламайтыны көрсетілген. Қылмыстық істер қозғалғанымен, жазадан құтылып кетуі де ғажап емес.

Зардап шегушілер бұл компанияға сенбеу қиын екенін айтады: оның қызметін жарнамалау белсенді әрі ашық жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік желілер "ақшасын көбейткен", тіпті "жылжымайтын мүлік сатып алған" салымшылардың риза пікірлеріне толып тұр. Күн сайын дерлік онлайн кездесулер өткізетін компанияның негізін қалаушылар мен топ-менеджерлер құйылған ақшаның сыйақысымен қайтатынын кепілдендіреді. Олар ресми халықаралық форумдарға да қатысып, сөз сөйлегені бейнеленген бейнероликтер жетерлік.

Оның үстіне Финиконың Қазақстанның әрбір қаласында филиалы жұмыс істейді. Оның кеңселері көрнекті жерлерде ашылған, құқық қорғау органдарынан тығылып жүрген жоқ.     

Тек таяуда ғана Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттіктің төрайымы Мәдина Әбілқасымова бұл компанияға теріс баға берді. Бірақ баға беруде біраз кешігіп қалды.

"Finiko-ның қызметінде қаржы пирамидасының және қаржылық алаяқтықтың нышандары бар. Бұл компания Қазақстанда қаржы ұйымдары қатарына жатпайды. Себебі, біздің агенттіктен алған лицензиясы жоқ. Сондықтан оның халықтан ақша тарту, сенімді басқару және тартылған қаражатты инвестициялау қызметін жүзеге асыруға құқығы жоқ", – деді агенттік төрайымы.

Алматы қаласы прокуратурасының дерегінше, биылғы 7 шілдеде Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөліміне сәйкес, Финикоға қатысты аса ірі мөлшерде ақша тарта отырып, қаржылық-инвестициялық пирамиданы, қылмыстық топты құрғаны және басшылық еткені үшін сотқа дейінгі тергеу басталған.

Бұл қылмыстық іс Алматы қаласының Экономикалық тергеу департаментінің қарауында. Зардап шеккендер соған жүгінгені жөн.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу