Қазақстанда қауіпті жаңа "МММ" өркен жаюда

5669

Ол билікті жамандап, азаматтарға кредитін жабуға уәде етеді.

Қазақстанда қауіпті жаңа "МММ" өркен жаюда

Елімізде белең ала бастаған жаңа сипаттағы қаржы пирамидасы туралы белгілі кәсіпкер, қаржыгер, "Бизнес сеть 2013" аға сарапшысы Михаил Жангелдин хабарлады. Ол еліміздің ең ірі мегаполисінде ресейлік ірі пирамидалардың заңсыз жұмысына тосқауыл қоюды, тайраңдауын тыюды сұрап, құзырлы органдарға да жүгініпті.

"Бұл пирамидалар еліміздің қарапайым азаматтарын алдауда. Олар өздерін "Finiko" және "Амир капитал" деп атайды. Бас кеңсесі Ресейде орналасқан. Өткен жылғы желтоқсанда Ресейде бұған қатысты қылмыстық іс қозғалып, қудалау жүруде. Ал Қазақстанда олар өркендеуде және еш қымсынбайды. Аяқтарын алшаң басады, ашық әрекет етеді. Мысалы, "Finiko" кеңсесі Алматыдағы "Атакент" іскерлік орталығы аумағында орналасқан. Бұлардың кесірінен азаматтар қарызға батып, кредит алуда, борышын төлей алмай, ұрыс-керістен отбасылар күйреп жатыр", – деді М.Жангелдин.

Оның түсіндіруінше, пирамидалар елден жиған ақшаны биткойнге және басқа да криптовалюталарға ауыстырады. Биткойнді әлемде бірде бір мемлекет эмиссияламайтындықтан, оның ізін табу да күрделі.

"Содан кейін салымшының жеке кабинетінде сол соманы көрсетіп қояды. Бұл ретте ақшаны азаматтардан тек доллармен қабылдайды. Алайда қолына тие салысымен, долларды өздерінің "төл валютасы" – "цифрон" дегенге айналдырады. Бір жаманы, бұлардың менеджерлері мемлекетке қарсы үгіт жүргізетін көрінеді: "мемлекетке халықтың қайыршы-кедей болғаны керек, сонда билік бұқараны өзі қалағанша билейді, пайдаланады, сондықтан сіздерді әдейі кредит құрдымына қуып тығып жатыр" деп айтады екен. Бізде бұларды Аркадий Ким және оның орынбасары Елена Джанабекова басқарады", – деді маман.

"Компанияның" қазақстандық бас кеңсесі Алматыда орын тепкен. Ал оның желісі бүкіл Қазақстанға таралғаны байқалады. Ресми сайтында "Финиконың" "құжаттарын беру бекеттері (пункты выдачи документов компании "Финико") Нұр-Сұлтанда, Ақтауда, Ақтөбеде, Атырауда, Қарағандыда, Көкшетауда, Қостанайда, Қызылордада, Павлодарда, Петропавлда, Семейде, Талдықорғанда, Таразда, Теміртауда, Оралда, Өскеменде және Шымкентте орналасқаны көрсетілген.

Қынжылтатыны сол, жергілікті құзырлы органдар бұларға мән берер емес. Ал компания қызметінде қаржылық пирамида көріністері өріп жүр.

"Олар салымды 500% өсіріп қайтаруға уәде етеді. Ең бастысы, олар азаматтардың кредиттерін жауып беретініне сендіреді. Ол үшін салымшы өз кредитінің 35%-ы көлемінде ақша енгізуі керек. "Билік сіздерді борыш батпағына батыруда, ал біз сіздерді құтқарамыз" деп көлгірситін көрінеді. Әйтсе де "Финико" осының бәрі жай ғана ойын имитациясы екенін, сондықтан өздері салымшылар енгізген қаражат үшін ешқандай жауапкершілік арқаламайтынын жазып қойған. Бұлар өздерін сенімді ұстайды, ештеңеден қорықпайды. Әлдебір тұлға бұларға тірек болып тұрғандай ой қалыптасады. Осындайларды көріп тұрып, кәдімгідей алаңдайды екенсің. Жауапты органдар қайда қарап отыр? Елдегі тыныштық пен бейбіт өмірді қорғау керек емес пе! Кім көрінген сырттан келіп шайқалта берсе не болмақ. Мемлекеттің беделіне нұқсан келтіріп, қарсы үгіттеп жүрген, бұқараны алдап, наразылықты өршіткен қаскүнемдер құрықталса, жөн", – дейді М.Жангелдин.

Компания болса, өзін пирамида санамайды.

"Финико – табысты генерациялайтын автоматтандырылған жүйе. Ол тәуекелдерді болжамдау қағидаты бойынша жұмыс істейді. Индекс он тәуелсіз өнімнен қалыптастырылады. Әрбір өніммен кәсіби мамандардың жеке командасы жұмыс істейді. Мысалы, криптовалюта саласындағы сарапшылар арнайы сауда стратегиясы арқылы табыс табуға тырысады", – деді ол.

Алайда барлық табыс тағы да әлемде жоқ "ақша" – цифронда сақталады. Бұл біреуден ақша алып, орнына журнал қиындыларын ұсынған секілді көзбояушылыққа ұқсайды.

Халықаралық сарапшылар мұны бекерден бекер "жаңа МММ" деп бағалап отырған жоқ. Себебі, қазіргі кезде оның филиалдары Ресей, Қазақстан, Қытай, Беларусь, Қырғызстан, Армения, Түркия, Өзбекстан, Чехия, Корея, Моңғолия секілді елдерде құрылып, негізінен орыстілді орта арасында жұмыс істейді.

Қорқыныштысы сол, кезінде 1989 жылы құрылып, бертінде посткеңестік кеңістіктегі ең ірі пирамидаға айналған Сергей Мавродидің "МММ"-і қуат жия, салымшылар ақшасын молынан тарта келе, мемлекетті ауыстыруға, саясатқа араласуға, ұлттық валюталарды жоюға талпынған екен. Осыдан кейін мемлекеттер онымен тегеурінді күресуге кірісті.

"Құбыжықтың" қайта бас көтеруіне жол бергісі келмей ме, Ресей, соның ішінде Татарстан прокуратурасы жеке тұлғалардың аса ірі көлемде қаржысын тарта отырып, қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны үшін (РФ Қылмыстық кодексінің 172.2-бабы) "Финикоға" қарсы қылмыстық іс қозғады. Өйткені компания осы өңірде дүниеге келіпті.

Татар прокурорлары анықтағандай, салымшылардың ақшасын қаржы нарықтарына, криптовалютаға және басқа да сауда алаңдарына инвестициялауға уәде бергенімен, шынында бұл компанияның форекс-дилер лицензиясы жоқ болып шықты. Оның үстіне мемлекеттік тізілім-реестрлерге де кірмеген және салық органында тіркелмеген. Онсыз әлгіндей инвестиция жасау мүмкін емес екені белгілі. Енді компанияның ресейлік кеңселерінде тінту жүргізілуде.

Біздің құзырлы органдар неге тыныш отырғаны белгісіз. Әлеуметтік желіде бұл пирамидалардың топтары көп. Олардың бәрі үлкен табыспен қызықтырады, бірақ инвестор салымының қалай қорғалатыны туралы тіс жармайды. Ресей прокуратурасы анықтағанындай, ақша салған барлық азаматтарға қауіп төнді. Олардың ақшалары белгісіз бағытта кеткен, ал оның орнына есептелген Cyfron-ның құны бір тиын да тұрмайды.

"Финиконың" қазақстандық сайтында да цифронның ақша немесе оны ауыстыратын құрал екені айтылмаған. Бұл тек "пайдаланушыларға жылжымайтын мүлікті, автокөліктерді сатып алуды, кредитті өтеуді және инвестициялауды имитациялайтын ойын бағдарламаларына кіруге мүмкіндік беретін алаң" ғана екені жазылған. Сондай-ақ "CFR ешқандай қаржылық құндылыққа ие емес" деп ашық атап өткен.

Келісімнің "Жауапкершілік" деген бөлімі де назар аудартады. Ол бір сөйлеммен шектелген: "Cyfron ешқандай кепілдік ұсынбайды".

Яғни, тез баюға құмартып, бұларға долларын енгізген қазақстандық оның орнына қолға ұстауға болмайтын әлдебір "ойын имитациясына" қол жеткізеді. Демек, алданған адам аңқаулығы мен пайдакүнемдігі үшін өзін ғана айыптай алады.

ІІМ дерегінше, 2020 жылы 20 мыңнан аса қазақстандық пирамидаларға қаржы саламын деп, барынан айырылды. Олар құнды дүние-мүлкін, баспанасын сатып, өзгеден қарыз, банктен несие алып, пирамидаларға жалпы сомасы 30 миллиард теңгеден астам қаражат құйыпты. Азаматтарды тақырға отырғызған ірі қаржы пирамидалары қатарында "Гарант 24 Ломбард", "ЕSTATE Ломбард", "Выгодный займ" аталды.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің берген ақпаратына жүгінсек, былтырғы 9 айда Қылмыстық кодекстің қаржы, инвестициялық пирамида құру және оған басшылық ету деп аталатын 217-бабы бойынша жалпы саны 110 қылмыстық іс қозғалған. Олар бойынша бастапқы шығын көлемі 3,01 миллиард теңге теңгені құрапты. Кейін ол сома он есе артқан. Көп адам алданғанына сенбей, қайтарады деп ақырына дейін күтеді. Соңынан алаяққа жем болғанын түсініп, құқық қорғау органдарына ағылады.

Құзырлы құрылымдар қудаламаған соң кейбір азаматтар "ісі заңды шығар" деп, жаңа пирамидаларға қайта жүгіреді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу