Мобилизациядан қашқан ресейліктер көрші мемлекеттерге миллиардтаған доллар кіріс әкелді

1607

Украинадағы соғыс постсоветтік елдердің ақшаларын әлемнің ең мықты валюталарына айналдырды. 

Мобилизациядан қашқан ресейліктер көрші мемлекеттерге миллиардтаған доллар кіріс әкелді Фото: bloomberg.com

Путин Украинаға әскер кіргізгеннен кейін, Ресейден қашқандар бұрынғы советтік республикалардың валюталарын әлемдік рейтингтің басына шығарды.

Кавказ тауларындағы Грузия мен Армения, Орталық Азиядағы Тәжікстан ақпан айынан бері ондаған мың ресейлік азаматты өз жеріне қоныстандырды. Ал, сол релоканттар бұл мемлекеттерге өздерімен бірге миллиардтаған доллар алып барып, жергілікті ақшаны мейлінше күшейтіп отыр.

Бұл шағын ғана елдер - ресейліктер үшін ерекше тартымды. Өйткені оларда туристік визалар талап етілмейді, орыс тілі кең таралған және жергілікті банктерге жинақтарды аударуға ешқандай шектеулер жоқ.

Мұның бәрі жыл басынан бері Армения драмын долларға шаққанда  22%-дан астам деңгейге дейін нығайтқан. "Блумберг" агенттігінің мәліметінше, бұл - бүкіл әлем валюталары арасында ең үлкен өсім. Грузияның лариі мен тәжіктің сомониі де сәйкесінше 16% және 10% -дан астам күшейіп, өсім жағынан Ресей рублін басып озды.

"Бұл елдерге геосаяси жағдайға байланысты ұзақ уақытқа көшіп барған ресейліктер ақшаларын жергілікті валютаға ауыстырып, айырбас бағамын көтерді", - дейді Freedom Holding Corp. сарапшысы  Наталья Милчакова "Блумберг" агенттігіне берген сұхбатында.

Грузия Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, соғыс нәтижесінде биыл Грузияға Ресейден келетін ақша аударымдарының көлемі бес есеге артып, барлық аударымның 60%-дан астамын құрап, 1,75 млрд доллардан асып кеткен.  Арменияға жіберілген ақша болса,  алғашқы он айда 2,8 млрд долларға жетіпті. Бұл - 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төрт есеге жоғары.

Ресейліктердің үдере көшуі бұрынғы кеңестік шағын республикалардың валюталарына көбірек әсер етті. Халқының саны бойынша Армения мен Грузиядан шамамен 6 есе үлкен Қазақстанға да ресейліктер көптеп келді. Соған қарамастан, теңге доллардың жанында 7,5%-ға әлсіреумен жылды аяқтауға жақын.

Соғыстың басында экономикалық табысқа кенелуді ешкім ойлаған жоқ. Себебі Ресей сияқты ең ірі сауда серіктесі халықаралық санкцияларға алынғандықтан, көрші елдер қатты зардап шегеді деген болжамдар айтылды. Бірақ, шын мәнінде, мол капиталдың келуі экс-советтік елдердің валюталық қорларын молайтып, олардың ағымдағы шоттарындағы балансты жақсартты. Армения экономикасы екінші және үшінші тоқсанда екі таңбалы санмен өссе, Грузия экономикасы қыркүйекке дейінгі үш айда шамамен 10%-ға дамыған.

BCS Financial Group эксперті Наталья Лаврованың ақпаратына жүгінсек, Тәжікстанға бірінші жартыжылдықта ақша аударымдары кем дегенде 50%-ға артты. Соның арқасында бұл елдің экономикасы биыл бұрынғы болжамдағыдай, 4-5%-ға емес, 7% -ға өскен.

Халықаралық валюта қоры болса, "иммиграция мен соғыстан туындаған қаржылық ағынның күшеюіне" назар аудара отырып, Грузияның үстіміздегі жылдағы экономикалық даму болжамын 10%-ға дейін көтеріп отыр. Бұл ретте Армения орталық банкі ресейліктердің көптеп келуіне байланысты ішкі жалпы өнімнің өсу болжамын 4,9%-дан 13%-ға дейін көтерді, деп хабарлайды жергілікті ақпарат құралдары.

"Экономиканың  мұнша қарқын алуына, әрине, ақша аударымдарының күрт өсуі оңтайлы әсер етті.  Арменияда да, Грузияда да сырттан келген қаражат тұтынушылық сұраныс пен тұрғын үй құрылысының күшеюіне жетеледі", - дейді Лаврова. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу