Мұғалімдер мен тәрбиешілердің жалақысы қаншалықты өзгермек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
10685

Жалақысы төмен бюджеттік қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге бөлінетін қаржының 75 пайызы білім саласына бағытталады.

Мұғалімдер мен тәрбиешілердің жалақысы қаншалықты өзгермек Фото: Azattyq.org

Сонымен 1 маусымнан бастап мұғалімдердің еңбекақысы көтеріледі. Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшиденованың сөзіне сенсек, жалақысы төмен бюджеттік қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге бөлінетін қаржының 75 пайызы білім саласына бағытталады. Бұл ретте, жаңа тарифтік коэффициент бекітілген. Осыған орай қазір есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Министрдің сөзінше, үш категориядағы азаматтардың жалақысы көтерілмек.

"Бірінші категория – негізгі персонал. Бұған мектеп және колледж мұғалімдері, психологтар, әлеуметтік психологтар, балабақша тәрбиешілері мен олардың көмекшілері жатады. Екінші категория – қосымша, яғни көмекші персонал. Бұл топта еден жуушылар, күзетшілер, от жағушылар, сантехниктер, электриктер бар. Үшінші категория – басқарушы персонал. Бұған мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары, балабақша басшылары кіреді", – деп нақтылады Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатына қатысқан Күләш Шәмшиденова.

Министрліктің есебінше, қалада жұмыс істейтін әлеуметтік педагог, кітапханашы, 2-3 жылдық тәжірибесі бар балабақша тәрбиешілері қазір 55,8 мың теңге еңбекақы алып отыр. Енді олар 1 маусымнан бастап 70,8 мың теңге алатын болады. Бұл ретте, ауылдықтар 69,8 мың теңгенің орнына 88,5 мың теңге алмақ.

Бес жылға дейінгі тәжірибесі бар балабақша тәрбиешілерінің көмекшілерінің, яғни "нянкалардың" еңбекақысы 54,1 мың теңгеден 63,9 мың теңгеге дейін өседі. Бұл қалада жұмыс істейтіндердің алатыны. Ал ауылдықтардың еңбекақысы 67,7 мың теңгеден 79,8 мың теңгеге дейін ұлғаяды.

Сонымен қатар, 2-3 жылдық тәжірибесі бар қалада жұмыс істейтін психологтардың еңбекақысы 65 мың теңгеден 81,5 мың теңгеге дейін өседі. Тиісінше, ауылдықтар 81,2 мың теңгенің орнына 101,9 мың теңге алатын болады.

2-3 жылдық тәжірибесі бар мұғалімнің еңбекақысы қалада 66,3 мың теңгеге дейін, ал ауылда 82,9 мың теңгеге дейін көбеяді.

Министрдің сөзінше, мұғалімдердің кәсіптік деңгейін көтеруге бағытталған жұмыстар жалғасады. 2019-2021 жылдар аралығында 144 мың мұғалім қайта даярлау курстарынан өтеді. Бұдан бөлек, 82 мың класс жетекшілері мен психологтар да арнайы курстарға барады. Кәсіптік білім беру саласында жұмыс істейтін 15 қызметкер білімін жетілдірмек.

"2019-2021 жылдар аралығында елімізде 190 мектеп салынады. Ең алдымен үш ауысыммен жұмыс істейтін мектептердің проблемасына назар аударылады. Одан кейін аппаттық жағдайдағы мектептердің проблемасын шешеміз. Орын тапшылығы бар мектептердің мәселесіне де көңіл бөлінеді. Жер сілкінісіне байланысты бірқатар мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған", – деді министр.

Күләш Шәмшиденованың сөзінше, қоғамда қызу талқыланған педагог мәртебесі туралы заң жобасы қайта қаралуда. Құжат тамыз айында Мәжілістің қарауына ұсынылмақ.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу