Мұң болған мың зауыт

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
8734

ИИДМБ аясында іске қосылған мыңға жуық кәсіпорынды үкімет түгендеуге кірісті.

Мұң болған мың зауыт

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев осы мәселені 2018 жылдың соңғы жұмыс күні үкіметтің экономикалық блогы алдында төтесінен қойып, 1000 зауытты Қазақстанның аумағынан қолына шырақ алып іздеуге ниет танытты.

Премьер-министрдің айтуынша, облыстағы жалғыз зауыттың жұмысы тоқтап қалса, ол сол өңірдегі еңбек өнімділігін артқа тарта бастайды.

"Мыңдаған зауытты аштық деп айтып отырмыз. Ал олар еңбек өнімділігін неге жоғарылатпайды? Сонда қандай зауыттар ашып жатырсыздар?" – деді Бақытжан Сағынтаев.

Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында 4 трлн теңгенің 961 жобасы іске қосылып, 90,6 мың тұрақты жұмыс орны ашылған екен. Әйтсе де 2011 жылдан бері елдегі жұмыссыздықтың ресми көрсеткіші 5 пайыздан кемімей тұр.

Ресми статитистика "қолға алынған жобалардың үш-ақ пайызы орындалмады, бұл – қалыпты жағдай" деген уәж айтады.

Енді жабылып қалған зауыттардың ең ірілерін еске түсірейікші.

2003 жылы елбасының қатысуымен ашылған Балқаш мырыш зауытынан жылына 100 мың тонна мырыш өндіреді деп үміттіндік. Бұл "Қазақмыс" корпорациясының басты жобаларының бірі болатын. Зауыт құрылысына 120 миллион доллардан астам қаржы жұмсалған. 2009 жылы маусым айында Балқаш мырыш зауытының тоқтағанын туралы ресми басылым беттерінде қысқа ғана хабарлама жарияланды.

2004 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы "Ютекс" мақта өңдеу кешені салтанатпен қатысып, Қазақстанда бұрын-соңды мұндай фабрика болмағанын айтты. Кешен жобасының жалпы құны 19,3 миллион долларға тең, оның 13 миллионын "Қазақстан даму банкі" несие түрінде, ал 6,3 миллионын Ұлыбританияның Intrex Worldwide компаниясы инвестиция түрінде бөлген. Жоба бойынша Қазақстанда алғаш рет мақта өсіруден бастап одан жіп иіруге дейінгі толық өндірістік циклді жүзеге асырылып, жобалық қуаты жылына 6 мың тонна жіп иіруге жетеді деп есептелген. Бұл зауыт 2011 жылдан соң жұмыс істемейді.

Экономист Мағбат Спанов шетелдік нивесторлардың қаржыландыруымен жүзеге асқан жобаларға аса сақтықпен қарау қажеттігін айтады. Себебі шетелдік инвестор қаржысының желге ұшқанына төзбейді.

"2008-2018 жылдар арасында қаржыландырылған жобаларда шетелдік инвесторлардың үлесінің қанша болғандығы туралы дерек көздер енді жарияланып жатыр. Мұнда жобалардың жабылып қалуы – Қазақстанның инвестициялық имиджіне теріс әсер етеді. Құны 1-3 млрд АҚШ долларына бағаланған жобалардағы шетелдік инвесторлардың үлесі, кем дегенде 10 пайыз болады, ал бұл аз қаржы емес", – дейді Мағбат Спанов.

Мағбат Спанов, мұндай жобалардың басым көпшілігі үкіметтің кепілдендіруімен жүзеге асатынын айтады. Бұл қоғамға құпия емес.

"Мемлекетпен шетелдік инвестор арасындағы жоба жабық есік жағдайында өтеді. Шетелдік инвесторлар мұндай келісімшартқа қол қойған кезде барлық тәуекелді ескереді. Жоба күйреген жағдайда Қазақстан тарапынан берілетін өтемақы көлемі де алдын ала заңдастырылады. 2008 жылдан бері шетелдік инвесторлар қаржыландырып, тоқтап қалған жоба үшін мемлекеттің төлеген өтемақысы қандай жолмен қайтарылғаны да құпия. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың санда бар, санатта жоқ 1000 зауыттың жұмыс істемейтіндігін ашық мойындауы – біздің шегінерге жеріміздің қалмағанын көрсетеді. Алдағы уақытта шетелдіктердің қатысуымен қаржыландыратын жобалардың жүзеге асуын тәуелсіз сарапшылар бақылауы керек", – дейді Мағбат Спанов.

2006 жылы маусым айында "ҚазСат" спутнигін ғарышқа шығарып салу салтанатына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин қатысты. Ғарыш кеңістігінен шала-жансар хабар беріп тұрған спутник 2008 жылы жоқ болып кетті. Бұл жоба құнының 65 млн АҚШ долларын Қазақстан жағы көтерді.

Ғарышқа ұзатылған KazSat-тың үні өшкен күні Талғат Мұсабаев "KazSat-1" жобасы біліксіздердің арқасында "ойдағыдай" ойсырады" деп баға бергенін журналистер әлі күнге дейін ұмытқан жоқ.

"Мұсабаев неден түңілді, "KazSat" спутнигін құрастырған ресейлік зауыт шығынды жапты ма?" деген сұраққа үкімет тарапынан ресми түрде жауап берілген жоқ. Үкіметтің бей-жайлығына қарап "65 млн АҚШ доллары біздің мемлекетіміз үшін ет пен терінің арасындағы жел сияқты болмашы қаржы шығар" деген ойды санамызға түйіп қойғанбыз. Кейін ел арасында "ҚазСатты" жасауға тапсырыс берген зауыт спутник жасауға маманданбағаны, оның ыдыс-аяқ пен балалар ойыншығын шығарған деген әңгіме шықты.

2004 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында құрылған "Ютекс" мақта өңдеу кешенінің қаржылық құны 19,3 миллион доллар еді. Оның 13 миллионын "Қазақстан даму банкі" несие түрінде, ал 6,3 миллионын Ұлыбританияның Intrex Worldwide компаниясы инвестиция түрінде бөлген. Жоба бойынша Қазақстанда алғаш рет мақта өсіруден бастап одан жіп иіруге дейінгі толық өндірістік циклді жүзеге асыру қарастырылған еді. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 6 мың тонна жіп иіруге жетеді деп есептелген. "Ютекс" компаниясының өкілдері бұл кешеннің 2011 жылдан соң жұмыс істемейтінін айтты.

Айтпақшы, мақта кластеріне байланысты "Мақта өзімізде өседі. Біз неге жеңіл индустрияны дамыта алмай отырмыз" деген өкпе-наз жиі айтылады. Үкіметтің сайтында мақта кластерін дамытуға бөлген қаржысы 1 млрд АҚШ долларынан асып кетті деген мәліметті кездестірдік. "Біз бұл саланы неге дамыта алмай отырмыз" деген сауалға Мәскеудегі технология институтын 1970 жылдары тәмамдаған экономист Төрехан Сабыровтың өз уәжі бар.

Жеңіл өнеркәсіпті жалғыз мақтамен дамыта алмаймыз
"Жоғары сұрыпты мақта талшығы 100 күнде ғана пісіп жетіледі. Ондай мүмкіндік Канада, Үндістан және Тәжікстанда бар. Өзбекстанда өскен мақта талшығы біздің жерімізде өскен мақтамен салыстырғанда 20 пайызға сапалы. Бұл одан киім тігуге жарайтынын білдіреді. Ал бізде Түркістан облысында өскен мақта, 50-60 күннен кейін қолдан кептіріліп, жиналады. Одан жоғары сапалы киім емес, өндірістік киім мен бөз мата ғана дайындалады. Сондықтан, өз күшімізбен жеңіл өнеркәсіпті дамыта аламыз деген сөз бос әңгіме", – дейді Төрехан Сабыров.

Алматыдағы мақта-мата комбинатының жобасына қатысқан маман КСРО кезінде мақта талшығы Ресейге Үндістаннан жеткізілгенін, біздің комбинат Ресейден жеткізілген мақта талшығынан киім-кешек дайындағанын, өз жерімізде өсірілген мақтадан әскерилерге киімдер дайындалғанын айтты.

Аты – қазақстандық, заты – шетелдікі
1000 зауыттың мұны үкімет төрінде жоқталғанын бергі бір аптада "енді не істемек керек" деген мәселеге қоғам жауап күтіп, іштен тынып тұр. Сарапшылар болса, өндіріске тек есеп беру үшін емес, өзіміз үшін шындап мойын бұруымыз қажеттігін айтып жатыр.

Экономист Мағбат Спанов инновациялық жобаларды қаржыландыруға шешім қабылдаған кезде қалталылардың макроэкономикалық жағдайларын шешу үшін қабылданатынын, зауытты ашумен шаруа бітпейтінін айтады.

Зауытты ашумен қатар оның шикізат көзін және қай тарапқа өткізу және тауарлардың өтімділігі зерттелуі керек. 2015-2018 жылдары мемлекет басшысының қатысуымен өткен телекөпір кезінде Қызылорда, Түркістан облыстарында бір-біріне көрші қонған аудандарда бір өнім шығаратын зауыт мен кәсіпорындардың тұсауы кесілгенін хабарланды.

"Бұл тәсіл жоғары жаққа жұмыссыздардың санын қысқарттық деп есеп беру үшін керек. Қазіргі технология тілін білмей өндірісті басқара алмайсың. Кез келген кәсіпорын мен зауытқа жоғары білікті маман керек. Сол технологияның тілін білетін мамандарды өзімізде дайындауды қолға алмасақ, өндіріс алға жылжымайды", –дейді Мағбат Спанов.  

Оның пайымдауынша, Қазақстанда ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы көрсеткіші мен шетелдік инвестицияға, шетелді инветорларға көбірек мән беріледі.

"Ұлттық инвесторлардың бизнес-жоспарын ынталандыруда кемшілік көп. Ресми ашылған зауыттардың экономикаға мультипликативті әсерін бермеу себебі де осы", – дейді Мағбат Спанов.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу