Мұнай бағасын көтерген үзілістер

1280

Осы аптада әлемнің бірнеше елінде энергетикалық шикізат экспорты тұралады. 

Мұнай бағасын көтерген үзілістер Фото: profitgate.ru

Соның нәтижесінде Brent баррелінің құны сәуірден бері алғаш рет 81 доллардан асып отыр.

НИГЕРИЯ

Shell компаниясы 13 шілдеде экспорттық терминалда көмірсутегінің ағу ықтималдығына байланысты Нигерияның Forcados шикі мұнайын тиеуді тоқтатқанын мәлімдеді.

Мұнда шілде айында тәулігіне 220 000 баррель жеткізу жоспарланған. Алайда, сәрсенбіде жұмысшылар танкерлерге мұнай құйып жатқан жалғыз терминалдың түтіндегенін көргеннен кейін экспортты тоқтатуға тура келген. Мұны Reuters агенттігі хабарлап отыр.

Техникалық проблемалар Африканың жетекші экспорттаушысы саналатын Нигерияның Forcados мұнай ағынын бірнеше айдан бері айналдырып тұр.

Дегенмен Халықаралық энергетика агенттігінің соңғы мәліметтері бойынша, 2023 жылы әлемде мұнайға тәуліктің сұраныс шамамен 102,1 миллион баррелге жетсе,  соның 1,23 миллион баррелін Нигерия қамтамасыз етуі мүмкін.

ЛИВИЯ

Ливияның үш мұнай кенішіндегі өндіріс 13 шілдеде бұрынғы қаржы министрінің, тайпа көсемінің, мұнай инженерлерінің және бір наразылық білдірушінің ұрлануына қарсылық ретінде доғарылған.

Тоқтап қалған кен орындарының бірі - Шарараның қуаттылығы - тәулігіне 300 000 баррель. Ол - елдегі ең ірі өндірістік аумақтардың бірі. Сонымен қатар, бұл кешен саяси қақтығыстардың нысанына жиі айналады.

Ливия биыл мұнайға әлемдік сұраныстың 1,16 миллион баррельін қамтамасыз етеді деген болжам бар.

ҚАЗАҚСТАН

Өндіріс шілденің басында аймақтағы электр қуатының жаппай өшуіне байланысты шамамен бестен біріне қысқарды.

Осының нәтижесінде қазақстандық шикі мұнайды шетелге тасымалдайтын негізгі жол - Каспий құбыр консорциумы еліміздің батысындағы үш сорғы станциясын тоқтатты. Бірақ, осыған қарамастан, "Теңізден" мұнай айдау жалғаса берген.

Қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ өндіріс әзірге маусымдағы 1,8 миллион баррелдік орташа көрсеткіштен төмендеу болып тұр.

Қазақстан 2023 жылы мұнайға әлемдік тәуліктік сұраныстың 1,57 млн баррелін қамтамасыз етеді деп күтіліп отыр.

МЕКСИКА

Мексиканың мемлекеттік мұнай компаниясы Petroleos Mexicanos (Pemex) -компаниясының теңіз платформасында шілденің 7-де алапат өрт шықты. Соның салдарынан бұл кәсіпорын тамыздың басына дейін тәулігіне 100 000 баррель мұнайдан айрылайын деп отыр.

Reuters дерегінше, тәулігіне шамамен 1,6 миллион баррель көмірсутегі өндіретін Pemex шілденің соңына дейін кемінде 2 миллион баррель шикізат жоғалтпақ.

Мексика 2023 жылы мұнайға әлемдік тәуліктік сұраныстың 1,67 миллион баррелін қамтамасыз етуден үмітті.

КҮРДІСТАН

Түркия 25 наурызда Ирактық Күрдістаннан Түркияның Джейхан портына тәулігіне баратын 450 000 баррель мұнай экспортын тоқтатты.

Түркия мұндай шешімді Халықаралық Сауда Палатасы Анкараны Иракқа 1,5 миллиард доллар өтемақы төлеуге міндеттегеннен кейін қабылдап отыр. Айта кетсек, бұған дейін Бағдад Түркияны ирактық күрдтердің мұнайын Ирак үкіметінің рұқсатынсыз экпорттады деп сотқан шағымданған еді.

Өткен айда тараған мәліметтерге қарағанда, тоқтатылған экспортты қайта жандандыру мәселесі бойынша келіссөздер қайта басталған.

Ирак 2023 жылы мұнайға әлемдік тәуліктік сұраныстың 4,24 миллион баррелін қамтамасыз етеді деп күтіліп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу