Мұнай нарығы үшін Ормұз бұғазы соншалықты неге маңызды?

2995

Ормұз бұғазы төңірегіндегі дау бәсеңдемей тұр. 

Мұнай нарығы үшін Ормұз бұғазы соншалықты неге маңызды?

Жексенбі күні Ұлыбритания әскери-теңіз күшінің 45 Duncan деп аталатын эскадрадық минатасушысының теңіз сауда тасымалын қамтамасыз ету мақсатында бұғазға келуі және АҚШ пен Қытай арасындағы сауда текетіресі нарықтағы қара алтын бағасына кері әсерін тигізіп отыр.

Bloomberg агенттігінің соңғы дерегі бойынша, Лондондағы ICE Futures биржасында 2019 жылдың тамызындағы жеткізіліммен Brent сұрыпты мұнай фьючерсінің бағасы 22 центке арзандап, баррелі 63,24 доллар болды. Ал Лондон және Нью-Йорк биржаларында тамыздағы жеткізіліммен, электрондық сауда барысында WTI маркалы жеңіл мұнай фьючерстері 9 центке түсіп, барреліне 56,11 долларды құрады.

Ормұз бұғазы төңірегіндегі шиеленіс.

Ресми мәліметке сүйенсек, Иранның британдық мұнай танкерін қолға түсіруіне жауап ретінде кеше Ұлыбритания Ормұз бұғазына өзінің әскери кемесін жіберген болатын. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның айтуынша, аймақты осылай патрульдеудің мақсаты - сауда жолын ашық қалдырып, тасымал қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осылайша, АҚШ Ормұз бұғазында коалиция құру туралы жоспарын жүзеге асырып келеді. Бұған дейін Вашингтон коалицияның қажеттігі жөнінде мәлімдеме жасап, осы орайда бірнеше елмен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтқан болатын. Ал Иран тарапы еуропалық елдердің мұндай коалициясын сынға алды. Иран үкіметінің баспасөз хатшысының айтуынша, ресми Лондонның қадамы Парсы шығанағы елдеріне жасалған провокация және бұл әрекет аймақтағы ахуалды одан сайын ушықтырып, тұрақсыздыққа әкеліп соқпақ.

Ормұз бұғазы неліктен маңызды?

Ормұз бұғазының көлемі шағын болса да, әлемдегі ең маңызды теңіз жолы. Оның ұзындығы 148 шақырым, ал ені кем дегенде 33 шақырымды құрайды.Оның солтүстік жағы  Иранмен, оңтүстігі Оман және Бірікке Араб Әмірлігімен шектесіп жатыр. Стратегиялық маңызды бұғаз Парсы шығанағы мен Арабия теңізін байланыстырады. 

Бұғазды Таяу Шығыстың негізгі мұнай және газ өндірушілері пайдаланады. BBC-тің дерегінше, былтыр әлемдік мұнайдың 20 пайызы,шамамен күніне 21 миллион баррель Ормұз арқылы өткен.

Бұл аймақ Парсы шығанағындағы экономикасы қара алтынға тәуелді мұнай экспорттаушылар үшін өте маңызды.

2018 жылы Сауд Арабиясы Ормұз арқылы күніне 6,4 миллион баррель, Ирак 3,4 миллион баррель, Біріккен Араб Әмірлігі 2,7 миллион баррель, ал Кувейт 2 миллион баррель мұнай тасыған.

Мұнай экспорттаушы Иран да осы бұғазға тәуелді.

Сұйытылған газ өндіруден әлемдегі көшбасшы Катар да өнімдерінің барлығын делік Ормұз арқылы экспорттайды.

2018 жылы АҚШ күніне 1,4 миллион баррель импорттаған. 

Иран Ормұз бұғазын бақылай ма?

БҰҰ ережесі бойынша, елдер жағалау сызығынан 19 шақырым жерден бақылау жүргізе алады.

Ормұздың ең енсіз жері 33 шақырым, яғни бұғаз бен оның кеме жүретін 3 шақырымдық жолы Иран мен Оманның шекарасымен өтеді деген сөз.

Ал халықаралық конвенция бойынша, кемелермен қатар әскери кемелер де осы мемлекеттердің аумақтық сулары арқылы өте алады.

Иранға тек өзіне тиесілі аумақтық суларда шетелдік кемелердің құқығын бұзбай әрекет етуге рұқсат берілген.

АҚШ осы аймақтағы әскери ықпалын күшейтіп жатыр. Ақ үй өзге мемлекеттерді Парсы шығанағындағы танкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақыруда.

Вашингтонның ұсынысын бірінші болып Ұлыбритания қабылдап, жексенбі күні 45 Duncan деп аталатын эскадралық минатасушысын бұғазға жөнелтті.   

АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс

Тегеран мен Вашингтон арасындағы шиеленіс Иран ядролық келісім бойынша міндеттемелерді орындаудан бас тартқаннан кейін ушығып кетті.Тегеранның бұл қадамға баруына АҚШ-тың Иран билігін "ядролық қару жасап жатыр" деп айыптап, келісімнен шығып кетуі себеп болды. Артынан Вашингтон Иранға салынған бірқатар санкцияны қайта күшіне енгізді.

Осыдан кейін Иран жағалауындағы ахуал күрт өршіп кетті. АҚШ пен Сауд Арабиясы Тегеранды "Оман және Парсы шығанағындағы танкерлерге шабуыл жасады" деп айыптады.

Шілде айында Тегеранға "Парсы шығанағындағы британдық мұнай танкерін қолға түсіруге талпынды" деген айып тағылды. Бірақ Иран өзіне тағылған барлық кінәні мойындаудан бас тартты.

19 шілдеде ирандық әскерилер Ормұз бұғазында Ұлыбританияның танкерін қолға түсірген болатын. Иран билігінің айтуынша, кеме халықаралық теңіз құқығын бұзған.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу