Мұнайдың миллиардтары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен

8322

Соңғы үш жылда Қазақстанда миллион тонна мұнай ұрланып, 100 млрд теңгеден астам шығын тіркелген.  

Мұнайдың миллиардтары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен

Бұл туралы Қазақстан Республикасы бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин мәлімдеді.  

"Бұл сала ұлттық қор активтерінің жарым бөлігін құрайды, сол себепті сала стартегиялық болып саналады.  Саладағы көлеңкелі айналым қаншалықты көп болса, мемлекетке түсетін пайда  соншалықта аз болатыны түсінікті. Бұл проблема тек бізде ғана маңызды болып отырған жоқ. Мәселен, әлемдік мұнай нарығының заңсыз айналымы жылына 100 млрд доллардан асып кетеді. "Транснефть" корпорациясының мәліметінше, Ресейде жыл сайын бес миллион тонна мұнай ұрланады. Ал біздің елдегі мұнай мен мұнай өнімдерінің көлеңкелі айналымы миллион тоннаны құрап отыр. Мемлекетке келген шығын мөлшері 104 млрд млрд теңге. Біз қазір анықталған және дәлелденген фактілер бойынша айтып отырмыз. Алайда бас прокуратура бұл саладағы көлеңкелі айналым бұдан да зор болуы мүмін деп есептейді", - деді Андрей Лукин Ақтөбеде өткен "Мұнай мен газдың көлеңкелі айналым проблемалары" атты өңіраралық форумда.

Бас прокурордың орынбасарының айтуынша, ең басты мәселе - бүгінгі күнге дейін мұнай айналымының нақты есебінің  болмауында. Тіпті шамамен алған есептің өзінде өндірілген мұнай мен өңделген және экспортқа шығарылған мұнай арасындағы айырмашылық екі миллион тонна болып отыр. Бұл шамамен 600 млн доллар. Осыдан барып қаншасы ұрланып, қаншасы қалғанын анықтау қиын. Бұл жүйедегі ашықтықтың болмауы қадағалау органдарына мұнай айналымын толық бақылауға мүмкіндік бермей отыр.

Бас прокуратураның мәліметі бойынша, тек соңғы үш жылдың өзінде 723 қылмыстық іс қозғалып, мұнай ұрлайтын 11 ұйымдасқан қылмыстық топ ауыздықталған. Заңсыз бизнесті бүркемелеп отырған шенеуніктер де қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Андрей Лукинның айтуынша, бұл шаралар әлі де жеткіліксіз. Бір қылмыстық топ сотқа тартылып жатқанда, оның орнында екінші қылмыстық топ пайда болады. Сондықтан бұл проблеманы кешенді түрде шешкен жөн.

Сонымен қатар бас прокурордың орынбасары ұрлықтың себептерін атап кетті. Ол мұнайды есептен шығаратын заманауи нормативтің жоқтығын, мұнай тасымалдаудың бақылауға алынбайтынын және т.б себептерді тізіп шықты.

"Мұнай мен газдың көлеңкелі айналымына келетін болсақ, онда бұл ұлттық қауіпсіздік және тұрақтылық мәселесі. Мәселенің Ақтөбе облысы, сонымен қатар жалпы Қазақстан үшін маңызы зор. Мұнай мен газдың көлеңкелі айналымының соңы немен бітетіні бәріне аян. Бұл бдюжетке түсетін табыстың айтарлықтай бөлігін жоғалту, елімізден ақшаның жылыстауы, халықтың әл- ауқатының, инвестициялық ахуалдың төмендеуі. Мұның бәрі жиналып келіп мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаны орындауға қауіп төндіреді. Көлеңкелі айналым-жекелеген ұйымдасқан  қылмыстық топтардың, оның ішінде радикалды және діни ағым топтарының  жұмысын қаржыландырудың көзі. Мысалы, 2014-2016 жылдары Кеңқияқ кен орнында ұйымдастырылған қылмыстық топ тоғыз мың тонна мұнай ұрлаған. Бұған қатысы бар адамдар ұсталып, сотталды.  Қазір Ақтөбе облысының  ІІД  мұнай ұрлау мен оны заңсыз сатуға байланысты 17 қылмыстық істі тексеріп жатыр", – деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Тап қазіргі уақытта барлық жүйе біріктірілмеген. Мемлекеттік органдар мен мүдделі субъектілерде ортақ мәліметтер базасы жоқ. Сондықтан қадағалау органы мұнайға қатысты барлық қозғалысты қадағалай алмайды.

Бас прокуратураның тағы бір атап кеткені – бұл сыйымдылықтардағы мұнайдың көлемін анықтау үшін өлшем сызғышын қолдану. Бұл жерде көп нәрсе адами факторға байланысты, сондықтан ұрлық болуы да ғажап емес. Бұған қатысты бір-ақ ұсыныс бар, ол – электрондық есептеу формасы. Ал мәлімет тікелей энергетика министрлігіне түсу керек.

"Сағыз Петролеум Компаниялар" ЖШС-ның операторлары мен күзетшілері түнде ұрланған мұнайды сататын болған. Олар 500 тонна мұнай ұрлаған. Қазір тергеу жұмысы жүріп жатыр", - деп мысал келтіріп кетті бас прокурордың орынбасары. 

Бас прокуратура департаменті басшысының орынбасары Азамбат Дүйсембаев abctv.kz-ке көмірсутекті заңсыз Ресейге, Өзбекстанға және кавказ еліне әкеткен фактілер бар екенін айтты. Бас прокуратураның болжамы бойынша, ұрланған мұнай одан әрі Еуропаға кетеді немесе шағын МӨЗ-де басқа мұнай өніміне айналады. Кей жағдайларда мұнайды заңсыз ұрлауға лауазымды тұлғалар, оның ішінде құқық қорғау органдарының өкілдері кездесіп жатады.

Мұнай мен газды тасымалдау үшін мұнай тасығыш пен газ тасығыш қолдануға заң бойынша рұқсат бар. Дәл осы жағдай үлкен проблема, өйткені бұл ешқандай бақылауға алынбайды.

"Осыған байланысты инвестициялар және даму министрлігі бас прокуратурамен бірлесе отырып, мұнайды есепке алудың ақпараттандырылған автоматты  жүйесін енгізуге бастама жасады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұнай өндіру мен мұнай айналымымен айналысатын салада жұмыс істейтін  субъектілер үшін міндеттеме енеді. Олар өздерінің нысандарын есептеу құралдарымен  жарақтандырып, мәліметті энергетика министрлігіне беретін болады. Бұл жоба шамамен 2,7 млрд теңге тұрады. Жобаны республикалық бюджет есебінен қаржыландыруға қаржы министрлігі қолдау білдіріп отыр", - деп нақтылады инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев.  

Форум соңында қорытынды құжат қабылданды. Онда мұнай мен газдың көлеңкелі айналымына қатысты жеті кешенді шара енгізілді.  

ОПЕК-тің  бағалауы бойынша, Қазақстан әлемдегі мұнай өндіруші елдер арасында 15 орында. Соңғы үш жылда елімізде 189 млн тонна мұнай мен 118 млрд текше метр газ өндірілген.  

Гүлназ Ермағанбетова, Семен Данилов 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу