Мұсылман елдері халал етті қайдан импорттайды

7047

Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы елдеріне халал ет экспорттайтын елдердің алғашқы ондығына Бразилия, Аустралия, Үндістан, Франция, Қытай, Нидерланд, Испания кіреді.

Мұсылман елдері халал етті қайдан импорттайды

Бүгінде Меккеде қажылықты аяқтап, Айтты мерекелеп жатқан екі миллиондай шетелдік мұсылманның кейбірі Оңтүстік Америкадан импортталған еттен әзірленген тағамдардан дәм татуы ғажап емес. Өйткені, Сауд Арабиясы – Бразилиядан халал ет сатып алудан көш басында тұрған мемлекеттердің бірі.  

Бразилияның өзі де ет экспорттаудан, соның ішінде, халал, яғни, жер шарындағы 2 миллиардтай мұсылманның тұтынуына "рұқсат етілген" етті шетелге шығарудан әлем бойынша алдыңғы қатарда тұр.    

Дубайдағы ислам мәдениеті мен өмір салтына арналған Salaam Gateway веб-сайтының дерегінше, 2015 жылы дүниежүзінде халал-сертификатталған тағамдар мен сусындар нарығының жалпы құны 415 миллиард долларға жеткен.

Бразилия Таяу Шығыс пен халқының басым бөлігі мұсылман елдерді басып озып, құрамына 57 мемлекет кіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына жыл сайын шамамен 15,9 миллиард доллардың халал өнімдерін сатып отыр. 

Дегенмен,  ірі жанжалға байланысты Бразилия мен шетелдегі халал нарығы арасындағы сауда-саттық кейінгі кездері тұрақты болмай тұр.

Бразилия-Саудия: ет дауы
Аталған сайттың мәліметінше, 2017 жылы Сауд Арабиясының Бразилиядан құс етін импорттау деңгейі 20,97 пайызға төмендеп кеткен. Өйткені, былтыр  наурызда Бразилияның федералдық полициясы жария еткендей, бұл мемлекеттің денсаулық сақтау мамандары ықпалды ет компанияларынан пара алып, шетелге шығарылатын еттің сапасын тексеру барысында анықталған кемістіктерді жасырып қалған. Бұл жанжал Бразилияда құс және шошқа еті бағасын күрт төмендетіп, шетелдегі тұтынушыларды да алаңдатып қойды.

"Рейтердің" хабарлауынша, Сауд Арабиясы осы дау көтерілгенде, Бразилиядан сиыр және тауық етін импорттауға уақытша тыйым салды. Дегенмен, Saudi Gazette басылымының хабарлауынша, Саудия 2012 жылы да аусыл ауруына байланысты Бразилиядан ет алуды доғарып, сол шектеудің күшін 2015 жылдың желтоқсанында ғана жойған. 

Биыл наурызда Бразилия ауылшаруашылығы министрлігінің өкілі Эюмар Новаки Парсы шығанағы Стандарттау Ұйымының директоры Суфиян әл-Ирхаиммен кездесіп, Сауд Арабиясына халал ет импорттау ережелерін қатаңдату мәселесін талқылады. Аталған министрлік таратқан мәлімдемеге қарағанда, сол кездесуде Саудия импортерлері Бразилияда ет өндіру және мал сою тәсілдеріне алаңдаушылық білдірген.

АҚШ ауылшаруашылығы департаментінің ақпаратына қарағанда, Бразилия Сауд Арабиясына құс еті экспортының бестен бірін жоғалтқаннан кейін мыңдаған саудиялықты еліне қайтарды. Осыған байланысты корольдікте биылғы жылдың бірінші тоқсанында Бразилиядан импортталатын ет бағасы өсіп, бройлерлік ет өндірісі қарқын алған. Маусымда EuroMeatNews хабарлағандай, Саудияның Бразилиядан ет импорттау деңгейі 30 пайызға кеміген.

Алғашқы ондықта араб елдері жоқ
Ал, "әл-Жазира" телекомпаниясы Дубайдағы Ислам Экономикалық даму орталығы мен "Рейтердің" зерттеуіне сүйеніп жариялаған статистикаға жүгінсек, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы елдеріне халал ет экспорттау бойынша Бразилиядан кейінгі орындарда Аустралия, Үндістан, Франция, Қытай, Судан, Оңтүстік Судан, Нидерланд, Испания, Сомали және Түркия тұр.

Былтыр алты мұсылман елі Бразилиядан 1,369,791 тонна тауық етін импорттаған екен. Бұл – 2016 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 2, 68 пайызға төмен көрсеткіш. Мұндай мәліметті Бразилия Жануар протеині қауымдастығы өзінің 2017 жылғы баяндамасында жариялады.

Импорттың азаюына Сауд Арабиясының Бразилиядан 2016 жылғыдай 746 мың тонна емес, 590 мың тонна ғана ет сатып алуы себепші.

Дегенмен, бразилиялық экспортерлерді қуантатын бір жаңалық – Мысыр мен Ирак олардан етті бұрынғыдан көп импорттап отыр. Мәселен, 2017 жылы Бразилиядан тауық етін Ирак 2016 жылмен салыстырғанда 68 пайызға, Мысыр 67 жарым пайызға, Кувейт 7,13 пайызға артық сатып алған. Бірақ, Біріккен Араб Әмірліктері мен Оманның бұл оңтүстікамерикалық мемлекеттен ет импорттауы сәйкесінше 0,41 және 2,85 пайызға кеміп отыр.

Латын Америкасындағы ең үлкен мұсылман қауымы Бразилияда шоғырланған. Бірақ, "Ньюсуик" журналының дерегінше, мұнда халал тағам тұтыну дәрежесі салыстырмалы түрде төмен. Дегенмен, ислам мемлекеттері Бразилияның тұтынушылық базасында маңызды орынға ие. Сондықтан, жергілікті компаниялар өз өнімдерінің мұсылмандардың талап-тілектеріне сәйкес екендігін дәлелдеу үшін арнайы процедуралардан өтуге міндетті.  Ол ережелерге малды тірідей бауыздау және есінен тандырмау, мал соярда мұсылманша дұға оқу кіреді.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу