"Мұсылман қытайлар" мешіттің күмбезін құлатуға жол бермеді

2020

Бірақ оларға осы қарсылық үшін өз еріктерімен берілу туралы шарт қойылып отыр. 

"Мұсылман қытайлар" мешіттің күмбезін құлатуға жол бермеді Фото: google.com

Қытайдың Юньнань провинциясында биліктің көне мешіт күмбезі мен мұнараларын құлату жоспары мұсылмандарды қатты ашындырды. Соңғы мәліметке қарағанда, мыңдаған адам "құдай үйін" қоршап алып, оны бұзуға жол бермейтінін ескерткен.

Әлем ақпарат құралдарының хабарлауынша, 13-шы ғасырда  салынған Нацзяин мешіті маңындағы жағдайды қадағалауға коммунистік үкімет мыңнан астам тәртіп сақшысын жіберді. Олар 30 шақты адамды тұтқындағанымен, халықты күшпен тарата алмай, шегінуге мәжбүр болды.

Дегенмен, жергілікті билік кейіннен митингке қатысушыларға маусымның 6-на дейін өз еріктерімен берілу туралы хабарлама жіберіп, бұл шартқа көнгендерді жеңіл жазалауға уәде берген. Сонымен қатар, шенеуніктер тұрғындардан  Нагу қаласында орналасқан мешітті қорғаушылар туралы мәлімет беруді сұрап отыр.

Соңғы кездері бұл мешіт кеңейтіліп, оған жаңа күмбез қосылып, мұнаралары көбейтілді. Алайда, 2020 жылы сот оларды заңсыз деп тауып, жоюға бұйрық берген.

Қарсылық акциясын араб және парсы саудагерлерінің ұрпақтары саналатын хуэйлер ұйымдастырды. Бұл этникалық топты жергілікті ақпарат құралдары "мұсылман қытайлар" деп атайды. Олар - аралас неке мен ассимиляция нәтижесінде негізінен ханьдардан құралған Қытай қоғамына етене интеграцияланған қауым. Көбі мандаринше, яғни, қытайша сөйлейді.

Айта кетсек, Қытайда билікке қарсы шерулер өте сирек өтеді. Дегенмен, пандемия кезінде карантиндік шектеулерге қарсы бірнеше ауқымды наразылық акциясы ұйымдастырылып, содан кейін локдаун жеңілдетіліп, экономика, жалпы Қытай елі әлемге қайта ашылғаны белгілі.

Қытай үкіметі осы күнге дейін 56 ұлт пен ұлысты мойындаған екен. Солардың бірі – дәл осы хуэйлер. Олардың саны бүгінде 10 миллионға жетіп отыр. Солардың 700 мыңдайы оңтүстік-батыстағы Юньнань аймағында тұрады.

Қытай өзін атеисттік мемлекет деп таныса да, дін бостандығына рұқсат беретінін мәлімдеп келеді. Бірақ бірқатар сарапшылардың пікірінше, кейінгі кездері Бейжіңдегі билік елге бақылауды күшейту үшін діни топтардың әрекеттерін де қадағалауды күшейте түскені байқалып отыр.

Айта кетсек, 2021 жылы президент Си Цзиньпин "дінді қытайландыру" саясатын жариялады. Оған сәйкес, діни сенімде де қытайлық мәдениет пен қытайлық қоғамның нышандары көрініс беруі керек.

Қытай үкіметі елдің солтүстік-батысындағы Шыңжаңда ұйғыр мұсылмандардың құқықтарын жүйелі түрде бұзды деп айыпталып келеді. Және де бұл аймақта мешіттер жаппай бұзылып, ислами рәсімдерге тыйым салынған. Алайда Бейжің Шыңжаңда дінге қиянат жасағанын ылғи жоққа шығарады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу