Наталья Годунова "Хабардың" құпиясын ашудан бас тартты

8271

Қоғам белсендісі Есеп комитетінің аудиті қорытындысын жария етуді талап етті.  

Наталья Годунова "Хабардың" құпиясын ашудан бас тартты

Кейінгі кездері ел Үкіметінің мемлекеттік үгіт-насихат жұмыстарына жұмсалатын ел қаржысын миллиардтап арттырып жатқаны туралы мәселе қоғамда талқылануда. Осыған орай Диана Медведникова Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годуновадан заңға сәйкес, осыған қатысты ақпаратты беруді сұрады.

"Құрметті Наталья Николаевна! "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заңының 6-бабының 9-тармағына, бюджет кодексінің 4-бабының 4-тармақшасына сәйкес, бюджет қаражаттарын шығындау туралы мәлімет қоғам мен БАҚ үшін барынша ашық болуға тиіс әрі шектеуге жатпады. Осыған байланысты сізден 2017-2018 жылдары мына ұйымдарға жүргізілген аудиторлық тексерулер қорытындысы бойынша есептеріңізді ұсынуыңызды сұраймын: "Ақпарат және коммуникациялар министрлігі" меммекемесі, "Хабар" агенттігі" АҚ-ы, "Қазтелерадио", "Қазақстан" телерадиокорпорациясы, "Қазмедиа орталығы" басқарушы компаниясы және басқалары", – дейді Диана Медведникова өз хатында.

Алайда Есеп комитетінің басшысы тура жауаптан тайсақтады.

Ол ұлттық заңнамада сондай талап барлығын растайды: бюджет кодексі бойынша билік ашықтық-транспаренттілік қағидатын сақтауы қажет. Атап айтқанда, бюджеттік заңнама саласындағы барлық нормативтік құқықтық актілерді, заңдарды, шешімдерді, қаулыларды, бұйрықтарды, сондай-ақ олардың орындалуы туралы есептерді, бюджеттерді, Ұлттық қордың пайдаланылуы туралы есептерді міндетті түрде жариялауы керек.

"Есеп комитеті қолданыстағы заңнамаға талабына сай транспаренттілік қағидатын қамтамасыз етіп отыр. "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заңының күші ақпаратқа қолжетімділікпен байланысты қоғамдық қатынастарға да таралады. Сіз сұрап отырған нысандар бойынша аудиторлық іс-шаралар 2018 жылы "Ақпараттық Қазақстан– 2020" мемлекеттік бағдарламасын, сондай-ақ Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жекелеген бюджеттік бағдарламаларының жүзеге асырылуын бағалаған мемлекеттік аудит аясында жүргізілді", – дейді Есеп комитеті басшысы.

Бірақ мұнда да кілтипан бар: егер меморган қандай да бір ақпаратты мемлекеттік не заңмен қорғалатын басқа да құпияға жатқызса, оны қоғамға және бұқаралық ақпарат құралдарына бермеуіне рұқсат етіледі. Годунова ханым жалтарма жауабында соған "жабысып" отыр. 

"Министрліктің жекелеген бюджеттік бағдарламаларының іс-шараларына аудит жүргізу және зерделеу барысында аудит нысандарынан "қызметтік пайдалану үшін" деген таңбасы бар құжаттама сұратылды. Аудиторлық есептердегі байламдар мен ұсынымдар нәтижелері бойынша 2018 жылғы 27 желтоқсанда комитет қаулысымен бекітілген аудиторлық қорытынды әзірленді. Бірақ осының алдында 2015 жылғы 31 желтоқсанда Үкімет қаулысымен қабылданған "Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларына" сәйкес, мәліметтерді таратылуы шектелген ақпаратқа жатқызуды құжатқа қол қойған тұлға жүзеге асырады", – дейді Наталья Годунова.

Ұзын сөздің қысқасы, Годунова ханым 2016 жылы Есеп комитеті төрағасының бұйрығымен бекітілген қызметтік пайдалануға арналған мәліметтер тізіміне сілтеме жасай келе, аудиторлық іс-шаралар материалдарын осындай қалың елге жариялауға болмайтын ақпаратқа жатқызып қойғанын айтады.   

"Осыған орай сізді Есеп комитетінің аталған қаулысы таратылуы шектелген ақпаратқа жатқызылғаны жөнінде хабардар етемін", – деп жауап берді Наталья Годунова қоғам өкіліне.

Ашық ақпарат көздеріне, атап айтқанда, "Правовой медиа-центр" дерегіне жүгінсек, Үкімет 2016 жылы ақпараттық мемлекеттік тапсырыс аясында телеарналарға 41 миллиард, ал 2017 жылы 37 миллиард теңге бағыттаған. Оның басым бөлігі яғни, 13,5 млрд теңге "Хабар" агенттігі" АҚ-ына, ал "Қазақстан" РТРК" АҚ-ына 18 млрд теңге бөлінген.

"Правовой медиа-центр" қоғамдық қорының мәліметі бойынша, кейінгі 7 жылда Есеп комитеті ақпараттық салада мемлекеттік қатысуымен жұмыс жасайтын акционерлік қоғамдарға екі рет аудит жүргізді. Оның барысында біршама бұзушылықтар анықтағаны ақпарат құралдарында жарияланды. Мысалға, олар бюджет қаржысын банктердегі депозиттерге салған. Шығынды болғандарына қарамастан, менеджерлері, басшылары сыйақылар мен бонустар алып келген.

Дегенмен, мемлекеттік телеарналардың мемлекеттік мүдделерді ілгерілетуде салмақты рөл атқаратынын да атап өткен жөн.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу