НАТО-ның шығыс шекарасында шиеленіс неге күшейіп келеді

1199

Польша Беларусьпен арадағы шекарасына мыңдаған жауынгер аттандырып жатыр. Сондағы мақсат – стратегиялық дәлізді басып алуға жол бермеу. 

НАТО-ның шығыс шекарасында шиеленіс неге күшейіп келеді Фото: Frank Vincentz/commons.wikimedia.org/CC BY-SA 3.0

Польша Беларусьпен арадағы шекарасына мыңдаған жауынгерін шоғырландырып жатыр. Варшава бұл әрекетін екі көрші арасындағы шиеленіс ушыққан шақтағы тежеуші фактор деп атады. НАТО мен Еуроодаққа мүше Польша мен Украинадағы соғыста Мәскеумен одақтас Беларусь арасындағы дұшпандық соңғы айларда өрши түсті.  

Шиеленістің себебі

Польша 2020 жылғы президенттік сайлаудан бері Беларусь оппозициясын қолдап келеді. Сол сайлау нәтижесінде ресейшіл мемлекет басшысы Александр Лукашенко алтыншы мерзімге қалды.

Фото: Reuters

2021 жылы Беларусь Таяу Шығыс пен Африкадан жеткен мыңдаған мигрантты Польшаға өткізіп жіберді. Бұл қадамды Варшава мен ЕО Минск пен Кремль жоспарлаған, Еуропаны тұрақсыздандыруға бағытталған әрекет деп есептейді. Сол кезде Польшаның оңшыл үкіметі мигранттарды қабылдау идеясына қарсылық танытып, шекарада 400 000 долларға қабырға тұрғызды. Ол қорған босқындар легін айтарлықтай азайтты.

2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін, Польша бұл шабуылды айыптап, Киевке әскери техникамен, саяси тұрғыдан және гуманитарлық көмекпен, соның ішінде 1,2 миллионнан астам босқынды қабылдаумен қолдау көрсетті. Беларусь - Украинадағы соғыста Ресейдің жағында, ал Польша Минск пен Мәскеуге жарияланған халықаралық экономикалық санкциялардың барлығына қосылып келеді.

Беларусь пен Ресейдің таяудағы әрекеттері

Беларусьтің мемлекеттік қайраткерлері мен үкіметшіл белсенділері "Патриоттық күштердің қолбасшылығы" деп аталатын топ құрды. Минск оны саяси құрал ретінде пайдаланып отыр. Жақында поляк халқына арнаған үндеуінде бұл топ ел саясаткерлері "өз әрекеттері мен риторикасымен соғыс отын тұтатып жатыр" деп мәлімдеді.

Мәскеу болса, Польшаны Украинаның батыс аймақтарын аннексиялауды көздеп отыр деп бірнеше рет негізсіз айыптаған. Сонымен қатар, Ресей қысқа қашықтыққа арналған ядролық қаруларының бір бөлігін НАТО-ның шығыс шекарасына жақын орналасқан Беларусь жеріне көшіргенін жариялады.

Польша, сондай-ақ, таяуда өз шекарасы маңында жаттығу өткізген мыңдаған ресейлік "Вагнер" жалдамалы сарбаздарының Беларусьте шоғырлануына қатты алаңдаулы. Өткен аптада Польшада "Вагнер" тобының идеологиясын таратты" деген айыппен екі ресейлік ер адам қамауға алынды. Ал, IBRIS компаниясы жүргізген сауалнама қорытындысына қарағанда, поляктардың жартысынан көбі Беларусьтегі ресейлік жалдамалыларды елге төнген қауіп деп есептейді екен.

Өткен аптада Беларусьтің екі әскери тікұшағы Польшаның шекараға жақын орналасқан Беловьеза ауылының үстінен төмен ұшып, Беларуське қайтып оралды. Бұл әрекетті Польша арандатушылық деп бағалаған.

Бұл аймақ неліктен стратегиялық маңызға ие?

НАТО мен ЕО-ға кіретін Польшаның шығыс шекарасы – стратегиялық нүкте. Ондағы Сувалкский өткелі — Балтық жағалауындағы үш мемлекетті, Литваны, Латвияны және Эстонияны НАТО альянсымен және ЕО-ның басқа да елдерімен байланыстырады. Сонымен қатар, бұл тар корридор Беларусьті Ресеймен құрлықта байланысы жоқ әрі қатты әскериленген ресейлік эксклав -Калининградтан бөліп тұр.

Фото: discover24.ru

Батыстағы әскери сарапшылар бұрыннан бері Сувалкский дәлізін Ресей мен НАТО арасындағы кез келген тайталастың басталу нүктесі ретінде қарастырып келеді және де олар Ресей бұл өткелді басып алып, Балтық жағалауындағы аталған үш республиканы НАТО-дан айырып алуға әрекеттенуі мүмкін деп қауіптенеді.

Айта кетсек, қазір бұл аймақты Польша жағынан поляк және Америка сарбаздары, ал Литва тарапынан канадалық, германиялық жауынгерлер мейлінше қорғап тұр.

Польша шекарасын мықтап жатыр

Фото: dzen.ru

Польша үкіметі ештеңеден қорқытпайтынын ескертіп, елдің Беларусьпен, Калининградпен арадағы шекараларындағы қорғанысты нығайту мақсатында әскер мен  заманауи техниканы шығысқа жылжытып жатыр.

"Беларусь режимінің Кремльмен ынтымақтастығы елімізді тұрақсыздандыруға бағытталғаны күмәнсіз", – деді Польша қорғаныс министрі Мариуш Блашчак өткен аптада жасаған мәлімдемесінде.

Польша қорғанысқа жұмсайтын шығындарын былтыр ЖІӨ-нің 2,5%-дан астамына дейін арттырды және бұл сома биыл тағы да өспек. Сонымен қатар, Польша Abrams танктеріне, Patriot зымыран жүйелеріне, реактивті истребительдерге, танктер мен гаубицаларға және өзге де қару-жараққа 16 млрд доллардан астам қаражат бөлген.

Сайлау және қорғаныс

Польшада маңызды парламенттік сайлау 15 қазанда өтеді. 2015 жылдан бері билікте отырған популистік "Заң және әділдік" партиясы тағы да жеңіске жетіп, үшінші мерзімге қалудан үмітті.

Бұл партия қоғамның қауіпсіздік мәселелеріне алаңдаушылығын есепке алып, қорғанысты күшейтуге уәде етіп, сайлаушыларды өз саясаты төңірегіне топтастыруға әрекеттенуде. Бұл партия бүгінде оппозиция мен оның лидері, бұрынғы премьер-министр Дональд Тусктің беделін түсіруге тырысып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу