Неміс елі өз тарихында тұңғыш рет Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын қабылдады

1881

Стратегияда өз халқының бейбітшілік пен бостандықта өмір сүруін кепілдендіру – ГФР ұлттық қауіпсіздік саясатының басты міндеті ретінде жарияланды. 

Неміс елі өз тарихында тұңғыш рет Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын қабылдады Фото: twitter.com

Сарапшылардың айтуынша, осы арқылы Германия күн сөнгенше тұратын мәңгілік мемлекет құруға кірісті. Бұл идеологияның үш басты ұстыны бар, бұлар – мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігі, өміршеңдігі және орнықтылығы. Осы мақсатта, мысалы, неміс елі "Біртұтас саулық" қағидатын ұстанады: бұл идеология адамдардың, жануарлардың және қоршаған ортаның саулығын, саламаттылығын қатар қалыптастыруды қарастырады.

Тарихи құжатқа сәйкес, Германия — қуатты экономикаға ие, Еуропа мен бүкіл әлемдегі сенімді серіктестері бар берік демократия болады.

Бұл тұрғыда неміс елі орыс елін "бейбітшілікке төнген ең салмақты қатер" деп таныды. Екінші Дүниежүзілік соғыстан бері, тіпті азулы Кеңес одағы кезінде де Мәскеу мұндай зұлмат мәртебе алмаған, жау деп танылмаған еді. Сондықтан енді Германия өз күшін осы қатермен жүйелі күресуге жұмылдыруы шарт.

"Германияның қауіпсіздігіне қатысты ахуал терең өзгерістерге түсуде. Біз жолайырық дәуірінде (Zeitenwende) өмір сүріп жатырмыз. Ресейдің Украинаға қарсы агрессивті соғысы халықаралық құқықты бұзды және еуропалық қауіпсіздік пен тәртіпке нұқсан келтірді. Бүгінгі Ресей – еуроатлантикалық кеңістіктегі қауіпсіздік пен бейбітшілікке төнген ең салмақты қатер болып табылады", – деп жазылған Стратегияда.

Ал Қытай халық республикасына құжатта "серіктес, бәсекелес және жүйелі қарсылас" деген сақ, саяси түзу статус берілді.

"Халықаралық контексте Қытай серіктес, бәсекелес және жүйелі қарсылас болып табылады. Соңғы жылдары Қытайдың іс-әрекеттерінде бақталастық пен тайталас элементері күшейді. Бірақ сонымен бір мезгілде Қытай әріптес болып қалуда. Онсыз көптеген жаһандық өткір сын-қатерлерді шешу мүмкін болмайды", – деп белгіленген Стратегияда.

Басқаша айтқанда, Германия федеративтік республикасы (ГФР) Ресейді енді серіктес санамайды, керісінше "терроризм, экстремизм, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз қаржы ағындары, кибершабуылдар, климаттық дағдарыс" қатарында Ресейді қатер санап, күреспек. РФ бейбітшілік пен демократия жолына оралғанша, дамыған елдер үшін тек "қатер" болады. Қатермен ешкім келіссөз жүргізбейтіні белгілі.

Стратегияда Германияның "Батыс Балқан мемлекеттерінің, Украинаның, Молдованың және ұзақ мерзімді перспективада Грузияның" Еуропалық Одаққа кіруін қолдайтыны бекітілді.

Бірден айта кетелік, Германияның Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында көптеген елдердің аты аталған, бірақ Қазақстан туралы бір ауыз сөз жоқ. Еділ (Атилла) мен ғұн бабаларымыз тұсында Ұлы дала елі герман тайпаларының басты одақтасы болған. Бүгінде Германия үшін Қазақстан әлемдегі қаптаған қатардағы әріптестерінің бірі ғана.

Ақпарат құралдарының жазуынша, Стратегия жобасы билік коалициясының ішінде қызу пікірталасқа арқау болды. Құжатты талқылау бірнеше айға созылды. Ресейдің қас жауға айналуы да сол ойталқының қорытындысы болса керек. Әйтпесе, соғыстан бұрын, Берлин Мәскеуді басты әріптестерінің бірі санайтын.

Дұшпан табылған екен, оған қарсы тұратын қауқар болғаны жөн. Сол себепті құжатта қорғаныс шығындарын ЖІӨ-нің кем дегенде 2 пайызына дейін жеткізу жоспары белгіленді. Бұдан бұрын, өткен жылы Германияның қазіргі канцлері Олаф Шольц 2026 жылға дейін өз елінің қорғанысына және армияны қаруландыруға 100 миллиард еуро жұмсалатынын жариялады.

Әйтпесе, бұрынғы канцлер Ангела Меркель тұсында әскерге бағытталатын қаражат бір пайыздан төмен құлдырап кеткен еді. Бұл ретте Германия өз бундесверін (армиясын) "Еуропадағы қорғаныстың конвенционалдық күштерінің ұстынына" айналдырады. Ал бұл заманауи, тіпті болашақ қаруларымен жасақталуды талап етеді.

Бұдан бөлек құжатта ГФР-дің кибернетикалық және ғарыш әлеуетін кеңейту, тыңшылық-шпионаж бен диверсияларға қарсы күресті өрістету, қауіпсіздік пен қорғаныстың еуропалық технологиялық базасын нығайту туралы сөз болып отыр.

Фридрих Эберт атындағы қордың ресейлік бағдарламасының басшысы, саясаттанушы Алексей Юсуповтың айтуынша, қауіпсіздікке қатысты германиялық саясат жаңа деңгейге шықты.

"Бұл Стратегияны партиялық коалицияға кіретін Әлеуметтік-демократиялық партия, Еркін демократиялық партия, Жасылдар партиясы сияқты әртүрлі үш партия мен бірнеше министрлік жазды. Яғни, құжат ұжымдық сипатта, сарабдал болып келеді. Ресей оның мәтінінде он екі рет аталады, бұл Қытайға қарағанда көп. Стратегияда былтырғы 24 ақпаннан бері болған тарихи өзгерістер салмақталғаны, одан қандай сабақ алынғаны көрініс тапқан. Құжат жаһанға жарияланған мәлімдеме іспеттес: қатерлер иерархиясында Ресей — ең бастысы. Германияның саяси элитасы мен қоғамы ақыры осындай консенсустық шешімге келіп отыр", – деді саясаттанушы.

Әрине, құжатта бұл қатерді жою жолдары мен тәсілдері нақтыланбаған. Бұл басқа деңгейлердегі құжаттардың еншісі болса керек. Себебі, Стратегия – қауіпсіздік Конституциясына барабар. Егжей-тегжейлері заңдарда ашылады.

Германия бұрынғы басшылары тұсында қойнына кіріп алған Мәскеуден арылу үшін былтырдан бері біраз қадам жасады. Ресейдің ГФР-дегі және Германияның РФ-тағы консулдықтарының басым көпшілігі жабылды. Қос ел арасындағы қарым-қатынастар барлық салада төмен траекториямен құлдырап барады.

Novaya Gazeta Europe мәліметінше, бұл стратегияның тұңғыш болуының себебі бар: бұған дейін ұлттық қауіпсіздікке қатысты мұндай құжат болмаған. Өйткені жаһандық соғыстан кейін ауқатты Еуропаның төрінде отырған, империялық идеологиясынан бас тартқан Германия үшін қауіпсіздік – үлкен саяси мән-маңызға ие болмады. Неміс саясаткерлері қорғаныс өнеркәсібін дамыту, қару экспортын өркендету, әскери борышты нығайту сияқты мәселелерге суық қарады. Мейнстрим тақырыптардың көшін білім беру, өндіріс, көлік, цифрландыру, климаттық өзгерістер бастады. ГФР лидерлері Үшінші дүниежүзілік соғыстың енді болмайтынына бек сенді.

2022 жылы, қақаған қысқы ызғарда Мәскеудің Еуропаның шетіндегі елге бүкіл армиясымен, алты жақтан шабуылдап, басып кіруі Германияны ХХ ғасырдың басына оралтқандай болды. Шошынтты.

Бірақ соның өзінде өткен ғасырдағы жаһандық қырғыннан соң қайта туған бүгінгі ГФР қауіпсіздік саласында өзін ыңғайсыз сезінетінін байқауға болады. Содан Стратегияның ақырғы мәтініне әскер мен қорғанысқа қатысы шамалы тақырыптар да енгізілді: құру алдында тұрған жануарларды сақтау, климаттық дағдарысты еңсеру, қаржылық жүйенің орнықтылығы, салықтық-фискалдық тәртіп, теңіз қатынас жолдарының еркіндігі, қуатты ауыл шаруашылығы сияқты бейбіт тақырыптарға толды.

Қалай болғанда, мұның бәрі неміс ақыл-ойында қауіпсіздіктің интеграцияланған тұжырымдамасы соғыс пен қарудан өзге өлшемдерді де қамтитынын көрсетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу