Нұр-Сұлтанда – АстраПлат, Алматыда – Оңай, ал Семейде – Avtobys болмақ

6104

Семей қаласында қоғамдық көліктерде жүру ақысы екі есе көтерілуі ықтимал деген әңгімелер біраздан айтыла бастаған. Енді бұл шындыққа айналуда. 

Нұр-Сұлтанда – АстраПлат, Алматыда – Оңай, ал Семейде – Avtobys болмақ

Әлемге танымал полигон жанындағы шаһар тұрғындары онсыз да жоғары тариф төлеп келген болатын. Статистика бойынша жалпы алғанда, еліміздегі қалаішілік автобустар билетінің орташа құны шамамен 66 теңгедей. Ең қымбаты – Нұр-Сұлтан қаласы мен Өскеменде, яғни бұл қала тұрғындары 90 теңгеден төлейді. Бұлардан кейін жолаушылардан 80 теңгеден талап ететін қалалар  – Семей, Алматы, Қарағанды, Атырау, Қостанай және Петропавл.

Енді Семей де Нұр-Сұлтан әдісімен "дифференцияланған тарифті" енгізіп жатыр. Мәселен, елордада "АстраПлат" жол жүру картасымен төлейтіндерден 90 теңгеден алынса, ал "тірі" ақшамен төлейтіндерден автобусқа әр мінген сайын 180 теңгеден сұралады.

Ал Семейде жағдай қалай болмақ?

Қала әкімі Ермак Сәлімов қол қоятын "Семей қаласында жолаушылар мен багажды тұрақты қалалық автомобильмен тасымалдау маршруттарына сараланған тарифті белгілеу туралы" әкімдік қаулысы жобасының егжей-тегжейі жарияланды.

Оған сәйкес, біріншіден, жолаушылар мен багажды тұрақты қалалық автомобильмен тасымалдау кезінде көлік карталары арқылы жолақысын төлейтін жолаушылардан қазіргідей 80 теңгеден жинала береді. Бұл ретте 7 жастан 15 жасқа дейінгі балалар 40 теңге төлейді.

Екіншіден, қолма-қол ақшамен төлейтін адамдар үшін билет құны 160 теңгеге дейін бірден екі есеге көтерілмек.

Қымбатшылық балаларға да аяушылық танытпайды, мұғалімі уақытында картаны рәсімдемеген немесе онысын жоғалтып алған балалар, сондай-ақ өзге қалалардан келген картасыз балалар қоғамдық көлікке әр кірген сайын 80 теңге шығындамақ.

Қаулы жобасы 9 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауда болады.

Айтқандай, электронды билет жинаудан әкімдіктің күтері көп. Қаулыға түсіндірме жазбада бұл шара қаладағы қылмыстық жағдайды жақсартуға, "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын орындауға, Семей қаласының жолаушылар көлігі жұмысының экономикалық тиімділігін арттыруға, жергілікті бюджетке қосымша салық түсімін көбейтуге, нақты қанша жолаушыға қызмет көрсетілгенін бақылауға алуға мүмкіндік беретіні айтылған.

Қазір қалада "Avtobys" атты бағдарламалық өнім енгізілуде.

"Бүгінде Алматы қаласындағы "Innoforce solutions" компаниясы ұсынған жолақысына төлем жинаудың және оны бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Оны ендіру үшін алматылық осы "Innoforce solutions" 450 млн теңге инвестиция салуда", – дейді Семей қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серікқали Жұманов.

Оның мәліметінше, алдында Қоғамдық көліктегі сараланған тарифті бекіту жөніндегі жұмыс комиссиясы тасымалдаушы компаниялардан тұрақты маршруттар бойынша есептемелерін сұратыпты.

"Тасымалдаушылар жолаушы тасымалы қызметінің тарифіне қатысты есептемелерін ұсынды. 42 бағыт бойынша орташа тариф 154 теңгедей болады. Ал қолданыстағы тариф – 80 теңге, жеңілдікпен жүрушілер үшін жолақы 50 пайызы көлемінде. Қазіргі кезде 7 жасқа дейінгі балалар, І топтағы зағип жандар алып жүретін адамымен қоса, ІІ топтағы зағип жандар және Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық көлікте тегін жүреді. Жасы 70-тен асқан зейнеткерлер, 7–15 жастағы балалар барлық маршруттарда тарифтің елу пайызын төлеп, жеңілдікпен жүреді. Комиссия жолаушылар мен багажды тұрақты қалалық көлікпен тасымалдауға қолма-қол ақшамен төлеу кезінде ересектерге – 160 теңге, 7–15 жас аралығындағы балаларға – 80 теңге тариф белгілеу қажет деген қорытындыға келді", – дейді бөлім басшысы.

Қалада қоғамдық көлік электронды билеттеуге жаппай көшуге қызу дайындалуда. Әзірге жаңа жүйе 1 бағытта ғана енгізіліп, сынақтан өтуде.

Жалпы, Семей көшелерінде күн сайын 42 бағыт бойынша 321 автобус жолға шығады.

"Бір қарағанда, автобус жүргізушілері не кондуктор тарапынан болуы мүмкін жемқорлықты жоюға бағытталған бұл шара, шынында, жемқорлықтың әлдеқайда ірі көріністерін тудыруы ықтимал. Мысалы, әкімдік оны ендіретін, миллиардтаған ақшаны айналдыратын компанияны қалай таңдайтынын тұрғындар білмейді. Сонымен қатар бұрындары жергілікті биліктер автобус парктерінің сұрауымен билет құнын ең болмаса, 10–20 теңгеге көтеру үшін қаншама күш салатын. Қазір екі есеге көтере салады. Мысалы, елордада сараланған тариф деп, қолма-қол ақшамен есептесетіндер үшін 90-нан 180 теңгеге көтерді. Енді картамен есептесетіндер үшін де жол жүру ақысын 180-ге көтеру қажет деген әңгіме айтылуда. Онда картасыздарға 400 бола ма?" – деп алаңдайды экономист Асқар Ерболаев.

Қазіргі уақытта еліміз бойынша қоғамдық көлікте сараланған тариф Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау және Көкшетау қалаларында енгізілген.

Негізі, сараланған тариф орнату рәсімі қолданыстағы заңнама еш регламенттелмеген. Оны әр қала өз білгенінше белгілейді. Өйткені "Автомобиль көлігі туралы" заңының 19-бабының 2-1 тармағына сәйкес, тарифтер жергілікті билік шешімімен дифференцияланады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу