Қыркүйек айынан бастап Қызылорданың қалаішілік автобустары электронды билет жүйесімен жұмыс істейтін болады. Бұл жаңалыққа қала халқына әдепкіде сыр білдірмегенмен жүйенің мәнісін түсіне келе әлеуметтік желілерде наразылықтарын білдіре бастады.
"Сараланған тариф әзірге сыйымдылығы жоғары маршруттық автобустарға енгізіледі де кейіннен қоғамдық көліктің барлық түріне қолданылатын болады" деп хабарлады қалалық әкімшілік. Ал "Қызылорда қалалық автопаркі" жол картасымен төлеу бағасы бұрынғы күйінде қалатынын, яғни 90 теңге. Ал қолма-қол есеп айырысу 120 теңге болады. Сондай-ақ стандартты автобус картасының құны 500 теңге, мектеп карталары 400 теңге. Оларды жүргізушілерден сатып алуға болатыны айтты. Яғни мегаполис қалалардағы тәжірибе енді Қызылорда да іске аса бастайды. Бірақ бұған облыс халқы дайын ба? Өйткені жол картасында ескеретін тұстар да, сабақ алар жайттар да аз емес.
Қалалықтар электронды билет беруді енгізуге және онлайн төлем жасауға қарсы емес. Бірақ автобустардың жағдайы, сервисі, жүргізушілер мен кондукторлардың мінез-құлық мәдениеті соған сай ма деген сұрақтарға әкімдік пен автопарк жауап берсінші дейді.
"Сараланған тариф бойынша 120 теңге өте қымбат. Сонымен қатар, зейнеткерлер, мүгедектер және Ұлы Отан соғысының қатысушылары үшін жеңілдіктер қарастырылмаған. Дәл қазір пандемия кезінде халық мұндай бағаны төлей алмайтынын ескеру қажет. Барлығы электронды төлемге бейімделіп, үйренгенше де уақыт қажет. Ал осы уақыт ішінде билеттерді 120 теңгеден сатып алуға тура келеді және бұл оңай емес, қарапайым халықтың қалтасына тиеді, ал ауылдан келгендерге тіпті қиын болуы мүмкін", – дейді мұғалім Әлия Болатбекқызы.
Осыдан үш жыл бұрын қалаішілік жол жүру бағасы 70-тен 90 теңгеге көтеріліп кетті. Баға уәжіне сол кезде автопарк өкілдері шығынға ұшырағандарын, автобустарды күтіп ұстауға ақша жетпейтіндігімен байланыстырған еді. Сонымен қатар, қала тұрғындарына қызмет сапасын ретке келтіріп, ескі автобустарды жаңалауға да уәде берген болатын. Бірақ одан бері ескі маршруттардың жаңарған түгі жоқ, дейді тұрғындар.
Автобустардағы бей-берекетке наразы халықтың тағы айтары, маршруттарда минуттық аралық сақталмайтыны, сағат 19.00-ден кейін қаланың кейбір бөліктерінде микроавтобустардың жүрмейтіндігі, салондардың тазалығы, билеттердің берілмейдігі, кондукторлар мен жүргізушілердің дөрекіліге және бір-бірімен жарысып, жолаушы жинайтын жүгенсіздігі де себеп.
Ал енді Қызылордада сатылымға шығатын автобус карталары неге қымбат? Осы жайды өзге қалалармен салыстырсақ. Мәселен, Нұр-Сұлтанда ересектерге арналған ұқсас картаның құны – 400 теңге, бірақ оның ішінде тегін бір сапардың жолақысы кіреді. Алматыда 500 теңге, оның да ішінде бір мәрте жүрер тегін жол кіресі бар. Семейде 400 болса, Атырауда 300 теңге тұрады. Ал Қызылордада 500 теңге және тегін бір реттік сапардың құны да жоқ. Егер ересектер үшін 500 теңгеден кем дегенде 100 мың автобус картасы сатылатынын ескерсек, Атырауда сатылған осынша көлемдегі карта құнынан 20 миллион теңге артық пайда түседі екен.
"Бізде жол жүру карталарының жағдайы әлі анық емес. Мамандардың пікірінше, карта пластикасының негізгі бағасы 100-ден 150 теңгеге дейін ғана екен. Ал тұрғындардан кәсіпкерлер қанша ақша сығып алатынын елестете аласыз ба? Ал көпбалалы аналар қайтпек?! Қарапайым математикалық есеп. Мәселен 4 оқу жасындағы баласы бар ана 1600 теңгеге 4 карта сатып алу қажет. Әрі қарай, балансты әрқайсысына жүктеуі бар. Жол картасының өзі халыққа қаншама шығын. Баға құнын түсіру керек, ал тегін берсе тіпті жақсы. Ешқандай жеңілдік пакеттері жоқ", – дейді қоғам белсендісі Талғат Телеубаев.
Электронды жүйеге өтуге келісім берген қалалық Қоғамдық кеңес пен қалалық мәслихат депутаттары болатын. Осы қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі Эрик Теңізбаев "Фейсбук" әлеуеттік желісінде :
"Мен қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесімін және мен электронды билет беруді енгізу үшін дауыс бердім. Өйткені бұл қазіргі заманғы технологиялар, барлық төлемнің ашықтығы және бюджетке түсетін түсімдер артады. Барлық жол жүру ақысы, соның ішінде азаматтардың жеңілдік санаттары көрінетін болады. Ал жеке тасымалдаушылар өздерінің ескі автобустарын жаңарту үшін бюджеттен өтемақы, субсидия және дотация алуға үміткер бола алады. Сонымен қатар, жолаушылар үшін ақысыз төлем әлдеқайда ыңғайлы және жылдам", – деп жазды.
Қала әкімдігі мен "Қызылорда автопаркінің" электронды билеттеудің мәні мен мағынасы туралы егжей-тегжейлі түсіндірулеріне қарамастан, әлеуметтік желілер пікірталасқа толы.
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Нұрбек Дәуренбеков