Нұрлан Нығматулин: "Денсаулық министрлігі наркоздан енді оянды"

18367

Президент Жолдауындағы тапсырма бюджетке енбей қала жаздады.

Нұрлан Нығматулин: "Денсаулық министрлігі наркоздан енді оянды"

Мәжілістің кеңейтілген отырысында депутат Иван Клименко Президент Жолдауындағы тапсырманың 3 жылдық бюджеттен тыс қалып қоя жаздағанын айтып, мәселе көтерді. 

"Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 3 жылдың ішінде барлық ауылдық елді мекендерді фелдьшерлік-акушерлік пунктермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бірақ қаралып жатқан бюджет жобасында, өкінішке қарай, қаржыландыру қарастырылмаған болып шықты. Апта бұрын Nur Otan фракциясының жиналысында Үкіметке табанды түрде осы бюджеттен ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пунктерді салуға қаражат қарастыруға кеңес бердік. Сол кезде бұл мәселені міндетті түрде шешуге уәде берген едіңіздер. Президент тапсырмасын қалай іске асырмақшысыздар. Қанша ауылға осы мәселе бойынша қаржы бөлініп, алдағы 3 жылда қанша  ауыл тұрғынының медициналық қызметке қолы жетеді", – деп сұрады депутат үкімет мүшелерінен.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов әзірге республикалық бюджет есебінен тек 7 нысан салу мүмкін екенін айтады. Қалғанын Президенттің жаңа бастамалар резервінен алуға болатын көрінеді.

"Ең әуелі кейінгі 3 жылда ауылдарда 385 фельдшерлік-акушерлік бекет, дәрігерлік амбулатория мен медициналық бекет салынғанын айтқым келеді. Президент Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес ауылдарда ФАБ-тар мен дәрігерлік амбулаториялар салу "Ауыл – ел бесігі" жобасының аясында шешіледі. Nur Otan фракциясы депутаттарының ұсынысы бойынша 3 жылдық бюджет жобасында құжаттамасы дайын өңірлер бойынша 7 ФАБ құрылысына 1 млрд 680 млн теңге қарастырып отырмыз. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірге ФАБ-тар мен амбулаториялары бар ауылдық елдімекендерді түгендеу жұмысын аяқтап жатыр. Сондай-ақ қанша ғимарат салу қажет екенін анықтап, тиісті құжаттама дайындалуда. Құжаттаманың дайын болуына қарай аталмыш нысандар  республикалық бюджетті нақтылау және алдағы үш жылдық бюджетті қалыптастыру аясында енгізіледі. Бұған қаражат қарастырылған. Ол ақша Президенттің жаңа бастамалар резервінде салынған", – деді вице-премьер.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың сөзінше, Әлихан Сайылов атаған 7 нысан салынса, ауылдағы 8,8 мың адам медицина қызметіне қол жеткізбек. Министрлік келешегі бар деген 137 ауылды таңдап алыпты. Алдағы үш жылда сонда 51 мың халық медициналық қызмет қамтылуға тиіс.

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин министрдің ауылдағы проблеманы жергілікті әкімдікке сілтеп, Нұр-Сұлтанның айналасынан алысқа көз тастамайтынын сынға алды. 

"Денсаулық сақтау министрлігінде қай жерде қандай қажеттілік бар екені туралы толық инвентаризация жоқ болып шықты. "Мұны жергілікті әкімдер істеу керек болған" дейтін ұстанымы да дұрыс емес. Біз медицина қызметкерлерінің еңбекақысы туралы сөз болғанда да министрге айтқан болатынбыз. Идеологияны өзгерту керек. "Бұл біздің ауруханалар, қалғаны әкімдіктікі" деуге болмайды. Вертикаль болуы керек. Әр науқас, әрбір дәрігер сіздердікі. Ауылда істей ме, жоқ Нұр-Сұлтанда ма, ол маңызды емес",– деді Мәжіліс төрағасы. 

Спикер бұл тапсырма Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінен бері орындалмай келе жатқанын да еске салды. 

"3 жылдық бюджетті қарап жатырмыз, ол тапсырманы орындауға бағытталған бір тиын жоқ. Бүкіл Қазақстан бойынша тек 7 ФАБ бойынша құжат дайын. Денсаулық сақтау министрлігі наркоздан тұрған адамдай енді оянып жатыр. Осының бәрі 2019 жылы істеліп қоюы керек болған. Ералы Лұқпанұлы, бұл істі вице-премьер ретінде сіз бақылауыңыз керек болған шығар. Мемлекет басшысының тапсырмасы үшін Үкіметпен бірге біз де жауап береміз. Енді Денсаулық министрлігіне уақыт жоғалтпау керек. Осы тапсырманы 100 пайыз орындау үшін бюджетке қажет нақтылаулар енгізуге дайынбыз", – деді ол сөзінің соңында.

Дегенмен, Премьер-Министр Асқар Мамин ауылдардың проблемасы Үкімет назарынан тыс қалмағанына сендірді. 

"Ауыл ел бесігі" жобасының аясында ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту – біздің  бірінші кезектегі міндетіміз. Біз келешегі бар және тірек ауылдардың тізбесін анықтадық. Барлық ауылдардың ішінен 3,5 мың ауыл осы тізімге енді. Осы ауылдар межелі кезеңде түгелдей жаңартылуы керек. Ол үшін тиісті бағдарлама да бар. Тек фельдшерлік-акушерлік бекеттер ғана емес, барлық  әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылым заман талабына сай етілуі екен. Біз өзге ауылдарға тірек болатын, даму сипаттары бар ауылдардың тұрмыс сапасын көтеретін боламыз. Оларды тірек және серік ауылдар деп атаймыз. Ондағы өмір сапасы қаланың тұрмысына жақын болуы қажет. Бұл мәселе біздің бақылауымызда болады. Ол үшін Парламент алдында, Мемлекет басшысының алдында жеке басымызбен жауап береміз. Іске асыратынымызға сенімдімін", – деді Асқар Мамин.

Есжан Ботақара


 

Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу