Офшордағы ақшаға есепші есеп бере ме?

"Qiwi-әмиян" күмән туғызып тұр.

Офшордағы ақшаға есепші есеп бере ме?

Қазақстанда қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру қиындауы мүмкін. Бүгін Парламент Мәжілісінде осы мәселені реттейтін жаңа заң жобасы талқыланды.

Заңсыз жолмен келген ақшаны офшорға жіберу, террористік немесе экстермистік топтарды қаржыландыру сияқты күмәнді операциялардың жолын тыяды деген үмітпен ұсынылып отырған құжатты депутаттарға Қаржы вице-министрі Қанат Баеділов таныстарған болатын.

Қолданыстағы заңнамада бұл мәселелердің барлығын қаржылық мониторинг комитеті бақылап отыр.  Ал жаңа жоба бойынша, осы комитеттің үстінен ведомствоаралық кеңес құрылуы керек. Жаңа құжат аясында жаппай қырып-жоятын қаруды таратуды қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен тұлғалардың тізбесін жасап, мониторинг жүргізіп отыратын уәкілетті орган белгілеу көзделген. Депутат Омархан Өксікбаев заң жобасының осы тұсына қарсылық білдірді.

"Мен бұл іспен қауіпсіздік комитетінің айналысқанына қарсымын. Одан да мұнымен экономикалық қатынастарды реттейтін органдар айналыссын. Бизнестің ісіне ҰҚК килікпеуі керек. Кәсіпкерлік нысандарының қаржылық шаруашылығына есік ашылса, үркітіп-қорқыту, бизнесті бопсалау көбеюі мүмкін. Онсыз да шағымдар көп", – деген депутат елге "Qiwi-әмиян" арқылы келетін ақшаға мониторинг жасауды ұсынды.

"Жаңа заң жобасы осындай жолдармен келіп жатқан ақшаның ағынын бақылап, реттей ала ма? Осы жағына бас ауырту керек сияқты. Көшеге шығып, шерулетіп жүргендердің бір бөлігіне осындай жүйелер арқылы ақша төленеді деген ақпарат бар. Егер ол ақпарат рас болса, бұл терроризмнен қауіпті құбылыс деп айтар едім. Өйткені ондай қаржы тұтас мемлекеттің ішкі жағдайын бұзуға бағытталуы мүмкін", – деді Мәжіліс өкілі.  

Ал Азат Перуашев заң жобасында есепшілер мен заңгерлерге ақылға қонымсыз міндеттер арту көзделгенін айтып, наразылық білдірді. Жаңа құжат бойынша, қаржылық мониторинг ел аумағында жұмыс істейтін қайырымдылық ұйымдарын, қаржылық көмек көрсететін діни бірлестіктерді, комерциялық емес ұйымдарды қамтуы тиіс. Енді олар қаржылық мониторинг комитеті сұраған ақпараттарды ұсынып,  өзі жүргізген операциялар мен оған қатысқан құрылтайшылар туралы деректерді кемінде бес жыл бойы сақтауға міндеттелмек. Азат Перуашевтың ойынша, мұндай талап шағын бизнестің сорын қайнатуы мүмкін.

"Еліміздегі кез келген қаржылық операция екінші деңгейлі банктер арқылы өтеді. Олар арқылы өтетін қаржының қауіпсіздігін қолданыстағы заңнама да қамтамасыз етіп отыр. Заңсыздықты біле тұра жасырған адам онсыз да жауапқа тартылады. Ал бізге ұсынылған жоба шағын бизнесті тұншықтырады. Өйткені елдегі шағын бизнес нысандарының көбі жеке есепші мен заңгер ұстауға қауқарсыз.  Сондықтан олар зейнетке шыққан есепшілер мен заңгерлерге қосымша жұмыс ұсынуға мәжбүр. Егер мына заң күшіне енсе, аталмыш мамандардың барлығы шағын бизнеске жұмыс істеуден бас тартады. Салдарынан шағын бизнес өкілдері тағы да тексерулердің астында қалатын болады", – деді Азат Перуашев.

Оның айтуынша, кез келген  адамның заңсыз әрекеті әкімшілік құқық бұзу  кодексі бойынша да, қылмыстық кодекс бойынша да жазаланады. Яғни жаңа заңға есепшілер мен заңгерлерді жеке субьект ретінде бөліп кіргізу дұрыс емес. 

"Бұл заңның о бастағы міндеті – көлеңкедегі экономиканы әшкерелеу.  Шын мәнінде бұл істі банк каналдарын жауып-ақ реттеуге болады.  Заңсыз ақша сыртқа шығарылса да, ел ішінде заңсыз айналса да банктер арқылы өтеді. Қаржыны қап-қабымен ұрлап, офшорға шығарып жатқан кәсіпкерлер емес. Жемқорлықпен табылған мүлік пен ақша жалған тұлғалардың атына рәсімделеді. Міне осындай қатынастарды ешбір орган тексеріп жатқан жоқ.  Заң жобасы солардың ізіне түсудің орнына заңды жолмен жұмыс істеп жүргендерге құрық салмақшы.  Бізде осындай түсініксіз тенденция бар. Қандай да бір заңсыздық туындаса, біздің тексеруші органдар көзінің алдында заңды жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерді тексере кетеді. Ал көлеңкедегілер тасада қала береді", – дейді депутат.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу