Қытайдың батыс бөлігін бетке аламыз

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3338

Қазақстанға офшор емес, мидшор тиімді.

Қытайдың батыс бөлігін бетке аламыз

Ресей билігі  өз аумағында офшорлық сипаты бар аймақ  ашуға ниет танытты. Бұл туралы "Ведомости" басылымы хабарлады. БАҚ-тың мәлімдеуінше, офшорлық аймақ  Калининград облысының Октябрьский аралы мен Қиыр Шығыстың Русский  аралында құрылуы мүмкін.

Қазір жоба РФ экономикалық даму министрлігінде талқыланып жатқан көрінеді. Министрлік дайындаған құжат салалық ведомстваларда таныстырылып, күзгі сессияда қабылданады деген сөз бар. 

Сарапшылар бұл анау айтқандай жаңалық емес деп отыр. Себебі 2014 жылы АҚШ-тың ақпарат құралдары: "РФ Калининград облысынан офшор ашпақ" деген жаңалықты жаһанға жанталасып жеткізген. Осы ақпараттың дақпыртымен біздің парламент те ұйқысынан оянып, мәселені талқы таразысына салған.

Сол кездегі мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов Қазақстанда өзінің "ойын ережелері" айқындалған  аймақ  ашсақ  ұтылмаймыз дегенді тілге тиек етіп: "Жезқазған немесе Семей қаласын офшорлық аймақ үшін ең қолайлы жер болады деп есептеймін", – деген болатын.

Отандық сарапшылар Қазақстан Ресейдегі жағдаймен  бетпе-бет келуі мүмкін екенін алға тартуда. Себебі қазақ үкіметі кеше ғана ресейлік компаниялардың қазақ нарығынан кетпейтінін мәлімдеді. Ал АҚШ пен батыс елдерінің Ресейге салған санкциясынан әзірше бас тартатын түрі жоқ. Бұл жерде қазақстандық компаниялардың, қазақ олигархтарының РФ компанияларында үлесі бар екенін ескеруіміз керек. Бұл туралы саясаттанушы Расул Жұмалы: "Қазақ-Ресей бірлескен компаниялары АҚШ  және батыс елдерінің санкциясына ілінсе, қазақ үкіметінің саясат тақтасындағы жүрісі өзгереді", – дейді.

Бүгінгі таңда Қазақстан мен Ресей экономикасының интеграциясы тым тереңдеп кеткен. Қазақ экономикасындағы Ресей үлесі біздің жанымызды бір кемеге мінгестіріп қойған. Бұл бүгін болмаса ертең біздің елде офшорлық аймақ құру мәселесі мемлекеттік деңгейде көтерілуі әбден мүмкін деген сөз.

Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың  пайымдауынша,  әлем елдері офшордың экономикалық емес, саяси қырына көбірек басымдық береді. Сондықтан оның иммунитетін бұрынғымен салыстыруға  болмайды.

"ЕО елдері офшорлық аймақтағы елдердің "қара тізімін" жасап, салық саясатына байланысты олармен ынтымақтасудан бас тартуға келісті. Бізге офшорлық аймақ құрғаннан бұрын отандық компанияларды қадағалау мәселесін мықтау қажет. Капиталды ұстап тұру тетігін офшорсыз-ақ ойластыруға болады. Ол үшін билік басындағылар Өзбекстан сияқты мүдделі топтардың  экономикаға ықпалын әлсірету керек", – деді Эдуард Полетаев.

Ол заңсыз ақша айналымымен күрес  офшорлық аймақтарда да  жүргізілетінін, бұл аймақта да "қара тізімге" енетіндер болатынын айтты.

Әлемдік экономика және саясат  институтының сарапшысы Сергей Домнин  офшорлық аймақтар жайлы негативті ойлардың формасын құқық қорғау органдары қалыптастырғанын баяндады. Сарапшының сөзінше, бұл мәселемен  даму жолына түскен елдер емес, дамыған мемлекеттер бетпе-бет келіп отыр.

"Қазір әлем елдері оңтайлы салық жүйесі арқылы өздеріне жайлы инвестициялық  климат қалыптастырып отыр", – деді Сергей Домнин.   

Қаржыгер Ілияс Исаевтың пікірінше, офшорлық аймақ  қалыптастыру үшін мұхитқа немесе әлемдік нарыққа шыға алатын геосаяси артықшылыққа ие  болу керек. Офшордың табиғаты тым саясиланып кеткен климатты көтере алмайды.  Бірақ инвестициялық климат арқылы офшорлық сипаты бар орталық ашып, жағымды инвестициялық күй қалыптастыруға болады.

"1 шілдеден бастап Астана халықаралық қаржы орталығы өз қызметіне кіріседі. Қазір Қытайдың батыс бөлігіне жақын ешқандай хаб жоқ. Бұл Астана ХҚО үшін тиімді болып тұр. Инвесторлар Астана арқылы Қытай нарығына шығу мүмкіндігіне ие болады. Мұндай қаржы аймақтарын әлемде мидшор деп атайды. Мидшорды  жүйелеп алсақ,  бізге офшор қажет болмайды. Біздің мемлекетте арнайы мамандандырылған экономикалық аймақ бар. Алайда біздің бай-бағландар оның мүмкіндігін  пайдаланып  жүрген жоқ. Біз бизнес жүргізуге  және  инвестиция салуға  қолайлы аймақты  өз күшімізбен  қалыптастыруымыз керек", деді қаржыгер Ілияс Исаев.

Оның ойынша, офшорға ұлттық, мемлекеттік компаниялар да кетуге дайын. Себебі бізде ұлттық компаниялардың өздері табысын жариялаудан қорқады.

Айта кетейік, соңғы 10 жылда Қазақстаннан жылыстаған тікелей инвестицияның жалпы көлемі 58,3 млрд долларды құраған.

"Бұған дейін офшор олигархтарға табыстарын жасырын ұстауға мүмкіндік беріп келді. Мемлекет тапқан табыстың қайда жұмсалғанын жариялау туралы талап қойған жоқ. Түптің түбі мұның барлығы реттеледі, бір ізге түседі", – деп түйді ойын Ілияс Исаев.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу