Премьер-министр Олжас Бектенов вегетациялық кезеңді өткізуге байланысты құзырлы органдарға жаңа тапсырмалар берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Үкімет басшысы қазіргі уақытта әлемде ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы мен оларға деген сұраныстың өсу тенденциясы байқалатынын айтты.
"Осыған байланысты ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен аграрлық сектордың экспорттық әлеуетін нығайту, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңөңдеуді ынталандыру басым бағыттар болып саналады. Бұл ретте егіс науқанын уақтылы әрі сапалы өткізу айрықша маңызға ие. Үкімет ауыл шаруашылығы жұмыстарын қаржыландыру мен материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады. Осы кезеңде жоспарланған іс-шаралардың тиімді әрі үйлесімді іске асырылуын қамтамасыз ету өте маңызды", - деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр егіс науқаны белгіленген мерзімдерде аяқталуы керек екенін баса айтты.
"Мемлекет басшысы атап өткендей,диқандар ішкі және сыртқы нарықта тұрақты сұранысы байқалатын дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту қажет, сондай-ақ осындай бағыттарда мемлекеттік қолдауға басымдық берілуі тиіс. Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша бекітілген жоспарлар іске асырылуы қажет", - деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов бүгінгі Үкімет отырысында лизингтік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген қаражат тиімді, атаулы әрі ашық пайдаланылуы тиіс екенін баса айтты.
Белгіленген көлемде арзандатылған дизель отынымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді, деді ол. Сөзінше, бұл бірінші кезекте әкімдіктердің жауапкершілігі.
"Бүгінгі таңда шамамен 220 мың тонна отын жөнелтілді. Бұны мақсатсыз пайдалану, алыпсатарлықпен өткізу және жасанды тапшылық жасау фактілеріне мүлдем жол беруге болмайды. Отынның барлық қажетті мөлшері фермерлерге бекітілген кесте бойыншажеткізіп берілуі тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл мемлекеттік қолдау көлемі едәуір ұлғайды. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 700 миллиард теңге, жеңілдетілген лизинг бағдарламаларына 200 миллиард теңге бөлінді. Бұл ретте қаржыландыру тек қана тиімді әрі адал өндірушілерге берілуі тиіс", - деді Премьер-министр.
Әкімдіктерге бюджет қаражатының мақсатты және ұтымды пайдаға асуына тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды.
"Су ресурстары және ирригация министрлігі Қаржы министрлігімен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, ауыл шаруашылығында су үнемдейтін технологияларды енгізу жұмысын жандандыруы тиіс. Су тапшылығы қаупі жоғары өңірлерді басым тәртіппен қаржыландыруды көздеу қажет. Сондай-ақ, диқандардың тамшылатып және жаңбырлатып суаруға көшуін ынталандыру жөніндегі шаралар кешенін іске асырған жөн", - деді Олжас Бектенов.