Өндірісті өңір астанаға алақан жайып отыр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
19204

Павлодар бюджетінің үштен екісін республикалық қазынадан бөлінетін қаржы құрайды.   

Өндірісті өңір астанаға алақан жайып отыр

Павлодар облысының 2020-2022 жылдарға арналған үш жылдық бюджеті бекітілгенін жақсы білеміз. Деректерге сүйенсек, биылғы бюджеттің жалпы кірісі 210,9 млрд теңге екен. Болжамға сәйкес, оның тек 32,6 млрд теңгегесі ғана өңірдің өзінен түседі екен. Яғни, бұл – салық органдары арқылы жеке тұлғалар мен бизнестен жиналып, жергілікті қазынаға түсетін қаржы. Бұдан бөлек, аудандар мен қалалардан облыстық қазынаға 47 млрд теңге аударылады. Ал қалған 130,9 млрд теңге – республикалық бюджеттің қаржысы. Бұл дегеніміз облыстық бюджеттің шамамен 62 %-ын республикалық қазынадан бөлінетін қаржы құрап отыр. Демек, республикалының өндірістік орталық өзін-өзі қамтамасыз ете алмайды деген сөз. Сонда өңірдің табиғи байлығы жыртыққа жамау бола алмағаны ғой.

Павлодар облысы әкімдігінің ресми сайтында келтірілген мәліметке ден қойсақ, өңірдің барлау жүргізілген табиғи ресурстарының қоры 460 млрд долларға бағаланған екен. Республикадағы көмір қорының 70 %-ы, электр энергиясы мен мұнай өнімдерінің 40 %-ы, ферро қорытпаның 75 %-ы Павлодар облысына тиесілі. Бұған республика бойынша тек осы өңірге ғана тиесілі алюминий өндірісін қосыңыз. Мыс өндіретін Бозашкөл кен байыту комибинаты да Павлодар облысының аумағында орналасқан. Сонымен қатар, бұл тізімді қара металлургия, болат құбыр өндірісімен айналысатын ірі кәсіпорындармен жалғастыра беруге болады. Өкінішке қарай, табиғаттың осынау мол қорына иелік ете тұра, Павлодар облысы республикадағы жалпы ішкі өнімнің 4,2 %-ын ғана қамтамасыз етіп отыр. Былай қарасаңыз, қисынсыздау дүние.

Ал енді мына бір дерекке назар аударыңыз. Республикадағы ірі өндірістік кәсіпорындардың көп бөлігін иеленіп жатқан Павлодар облысы бойынша биыл зауыттар мен электр станцияларынан, көмір кеніштері мен басқа да өндірістерден небәрі 79 млрд теңге салықтық түсім түседі екен. Мынадай мол байлықтан осыншама аз ғана түсім түседі дегенге сену қиын, әрине. Сөйтсек, өндірістік өңірлердің табысы ірі корпорациялардың елордадағы бас кеңселеріне ауып кетеді екен. Жұмыстың бәрі өңірлерде атқарылғанымен, қызығын жоғарыда отырғандар көреді. Ал проблеманың бәрі өңірлерде қалады. Экологиялық қалдықтар, онкология, әлеуметтік һәм коммуналдық проблемалар, аз ғана жалақыға қарап отырған еңбек ұжымдары... Мұның бәрі өңірлерде ғана орын алып отыр. Мыңдаған адамның еселі еңбегімен келген мол табыстың қызығын көріп отырған астанадағы корпорация басшылары салықты республикалық бюджетке төлейді, әрине. Осылайша, өңірлер несібесінен қағылып отыр.

Сондықтан Павлодар облысының республика экономикасындағы жалпы үлесі 4,2 %-ды құрап отыр. Ал Шығыс Қазақстан және Қарағанды секілді ірі өңірлердің үлесі 6 және 8 %-ға тең. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары, сондай-ақ Маңғыстау мен Атырау облыстары Қазақстан экономикасындағы  донор өңірлер болып саналады. Яғни, олар өздерін ғана емес, республиканың өзге аймақтарын да қамтамасыз етіп отыр. Бұл қатарға Павлодар облысы қосыла ала ма? Ол енді бөлек әңгіме.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу