Өндірушілер энергетикалық сусындарға акциз енгізуге қарсы шығуда

394

Сәуірдің орта тұсында біз Қазақстандағы тәтті сусын өндірісі және қант диабетіне шалдыққандардың көбеюі туралы материал ұсынған едік.  

Өндірушілер энергетикалық сусындарға акциз енгізуге қарсы шығуда Фото: РБК

Соның ішінде энергетикалық сусындарға қосымша салық енгізу жайы да айтылған болатын. Дегенмен сол кезде өндірушілер энергетикалық сусындарға акциз енгізілуі мүмкін екенін айтып, секем алған. Күмән бекер болмапты, жаңа Салық кодексі жобасының аясында Қазақстанда энергетикалық сусындарға салық салынатын болды. Енді өндірушілер бұл бастамаға қарсылығын көрсетіп жатыр. Олар қандай себептерді алға тартып отыр, басқа елдердің тәжірибесі ескерілді ме?

Сонымен, өндірушілер жаңа салықты "теңгерімсіз шешім" деп бағалаған екен. Дей келе, сала өкілдері энергетикалық сусындарға акциздерді қайта қарауға шақыруда. Акциз мөлшері қанша? Жаңа Салық кодексі жобасында келесі мөлшерлемелер белгіленбек: 2026 жылы – энергетикалық сусынның әр литріне 100 теңге, 2027 жылы – 140 теңге, 2028 жылы – 180 теңге салық енгізілмек.

"Еуразиялық энергетикалық сусындар қауымдастығының" төрағасы Ермек Шерияздановтың айтуынша, бұл шешім бизнеспен толыққанды диалог жүргізілмей қабылданған.

– Біз үкіметке бірнеше рет негізделген болжамдарымызды ұсынып, бұл шараның экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін көрсеттік. Энергетикалық сусындардың барлық алкогольсіз сусындар ішіндегі үлесі 5%-дан сәл ғана асатынын ескерсек, қабылданған шешім біздің ойымызша теңгерімсіз, – дейді ол.

Сарапшылар экономикалық тәуекелдерге назар аудартып отыр. Мысалы, акциз енгізу және ҚҚС-ты қатар көтеру өндірістің 30%-ға төмендеуіне, жұмыс орындарының 20%-ға қысқаруына және жалақы қорының шамамен 6,2 млрд теңгеге азаюына әкеледі-мыс. Сондықтан жақын арада отандық өндірушілер басқа тауарға ауысады немесе мүлде жабылуы мүмкін.

Өндірушілер акциз әсерінен инвестициядан да қағыламыз деп қорқатын сыңайлы. Қосымша салықтан кейін потенциалды инвесторлар заңнамасы тұрақты және жағдайы қолайлы Орталық Азияның басқа елдеріне бет бұруы мүмкін. Негізі бұл сала расымен де жақсы көрсеткіште инвестиция тартып келе жатқан. Мысалы, 2023-2024 жылдары Қазақстандағы энергетикалық сусын өндірісіне 10 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Акциз енгізілмеген жағдайда 2025-2026 жылдары да осындай көлемде инвестиция тартылады деп күтілген.

Жасыратыны жоқ, энергетикалық сусындарды біздегі секілді 21 жасқа толмағандарға сатпау, қосым салық салу әлемнің көптеген елдерінде бар тәжірибе. Дамыған кәрі құрлық елдері, Мексика, Түркия, Оңтүстік Африканы айтпағанда Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірлігі тұтынуды азайту мақсатында 100 пайыз акциз енгізген. Нәтижесінде баға екі есе өскен.

Ал өндірушілер көрші елдермен салыстырғанда біздегі акциз мөлшері біршама жоғары болатынын еске салуда. Мысалы, Ресейде энергетикалық сусынның әр литріне қосымша салық 50 теңге болса, Өзбекстанда – 77 теңге. Осылайша Қазақстан көрші елдермен салыстырғанда жоғары акциз енгізуге бет бұруда.

Осы тұста бір мәселенің шеті шығады. Отандық өнім – энергетикалық сусындардың өндірілуі кенжелеп немесе бағасы айтырлықтай қымбаттаса, дүкен сөрелерінде импорттық өнімдер қаптауы мүмкін. Кейде заңсыз өніммен алмастыру қаупі болады, көлеңкелі нарықтың да өсуіне әкелуі мүмкін.

– Мұндай мысал ретінде Данияны келтіруге болады. Алкогольсіз сусындарға акциз енгізілгеннен кейін бірнеше ай ішінде дүкен сөрелеріндегі өнімдердің жартысынан көбі салық енгізілмеген басқа Еуропалық одақ елдерінен әкелінген импортпен алмастырылды, – дейді сарапшы Ермек Шериязданов.

Оның сөзінше, қатаң шаралар қант өнеркәсібіне, қаптама өндірісі, дистрибуция, логистика, қоғамдық тамақтану және мейрамханалар бизнесі сияқты ілеспе салаларға да теріс әсерін тигізбек. Сондай-ақ салық салуда тең көзқарас қажет екеніне назар аудартып отыр.

– Бүгінде жастар да, ересектер де жұмыс орнында, кофеханаларда, серуен кезінде қант пен шәрбат қосылған кофені жиі тұтынады. Ел көлемінде бұл да едәуір тұтыну көлемін құрайды және денсаулыққа әсер етуі мүмкін. Алайда реттеушілердің назары тек энергетикалық сусындарға бағытталғаны салық салудағы әділдікке қатысты сұрақтар туындатады. Біз реттеуге қарсы емеспіз, бірақ ол ғылыми негізделген әрі экономикалық тұрғыдан есептелген болуға тиіс, – дейді Шериязданов.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов осы сусындар санаты үшін акциздің орнына ең төменгі бөлшек сауда бағасын енгізу тәсілін ұсынған. Ол мұндай тәсіл бюджетке ҚҚС және КТС есебінен қосымша түсім түсіретінін, шекара маңындағы өнім ағынын азайтуға ықпал етіп, ең бастысы – саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, инвестиция мен жұмыс орындарын сақтауға көмектесетінін жеткізген.

Қалай алсақ та, үкімет энергетикалық сусындарға қатысты акциз енгізу көзқарасын өзгерте ме, әлде осы ұстанымында қала ма – әзірге белгісіз. Шамасы, көптеген елдердің тәжірибесі ретінде қолданысқа енгізуді құп көріп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу