Онлайн-кредит үлестірушілерге тықыр таянды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5792

Ұлттық банк онлайн-кредит ұйымдарының пайыздық мөлшерлемесін шектемек.

Онлайн-кредит үлестірушілерге тықыр таянды

Осыдан бір айдай уақыт бұрын елдегі онлайн-кредит ұйымдарының халықты сүлікше сорып отырғанын жазған едік. Аталған мақалада мұндай ұйымдардың басым бөлігі ел аумағында заңсыз қызмет көрсететінін, сондай-ақ, жылдық пайыздық мөлшерлемені заңмен бекітілген нормадан бірнеше есе асырып отырғанын айтқанбыз. Енді, міне, Ұлттық банк байлыққа бөгіп отырған мұндай ұйымдардың қызметін реттеп, тұтынушылардың құқығын қорғауды қолға алмақ.

Атап айтқанда, қаржылық реттеуші онлайн-кредиттің пайыздық мөлшерлемесін 100%-дан асырмауды ұсынып отыр. Еске сала кетейік, бүгінде олардың пайыздық мөлшерлемесі 700%-дан асып жығылады.

Ұлттық банктің хабарлауынша, қаржылық реттеуші шамадан тыс пайыздық мөлшерлемелерді азайту жөнінде бастама көтеріп, үкіметке ұсыныс жасаған. Бұл бастаманы әділет министрлігі мен Бас прокуратура да қолдап отыр. Жалпы, аталған бастамаға онлайн-кредиттеу нарығындағы шиеленісті жағдайлар түрткі болып отыр. Себебі, кредит берушілер қысқа мерзімді қарыздарды күніне 2,5-3%-дық мөлшерлемемен береді. Сонда жылдық пайыз 700-900% болып шыға келеді. Бұл тұрғындар үшін тиімсіз. Тиімсіз дейміз-ау қауіпті. Ал мұндайда кредит берушілер халықтың қаржылық тұрғыдан сауатсыздығын ұтымды пайдаланып кетеді. Осылайша, тұрақты табысы жоқ тұрғындар өз аяғымен жарға қалай құлағанын білмей қалады.

Жалпы, онлайн-кредит үлестірушілерге қатысты мәселені депутаттар да дүркін-дүркін көтере бастады. Халық қалаулыларының алаңдайтын жөні бар. Себебі, мұндай ұйымдар клиенттің төлем қабілеттілігін толық тексермейді. Сондай-ақ, қарызды өтемеген жағдайда клиентті қандай қауіп-қатер күтіп тұрғынын егжей-тегжейлі түсіндірмейді. Сондықтан, сенат Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдап, онлайн-кредит беретін ұйымдарды тексеруді талап етті.   

Осы орайда, Ұлттық банк жүргізген мына бір есепті мысалға келтіруге болады. Мәселен, онлайн-кредит үлестіретін ұйым қарызды жылдық 900%-дық мөлшерлемемен (күніне 2,5-3%) берді делік. Ал елдегі орташа айлық жалақы 150 мың теңге шамасында. Клиент үш айға 100 мың теңге алатын болса, кредитті қайтару сомасы орташа айлық жалақыдан 2-2,5 есеге асып түседі екен.

Сонымен, Ұлттық банк хабарлағандай, қарыз алушыдан алынатын түрлі комиссияларды, айыппұлдар мен өсімақыларды және басқа да төлемдерді қоса есептегенде жылдық мөлшерлеме 100%-дан аспауы керек. Аталған шектеуді енгізу нарықтағы қауіп-қатер деңгейін едәуір төмендетпек. Оның үстіне, мұндай жағдайда ай сайынғы төлем қарыз алушының табысының 24%-ынан аспайтын болады. Ұлттық банктің хабарлауынша, бұл норма банк және шағын қаржы ұйымдары болып табылмайтын заңды тұлғаларға ғана қолданылады. Яғни, аталған шектеу онлайн-кредит беретін ұйымдарға ғана қатысты.

Қаржылық реттеушінің хабарлауынша, мұндай шектеу шетелдік тәжірибеге сүйеніп жасалған. Шет мемлекеттердің біразында онлайн-кредиттерге қатаң шектеулер қойылған. Соның нәтижесінде шығындар азайған. Мәселен, Ұлыбритания мен АҚШ штаттарының көбінде дәл осындай шектеулер бар.

Белгілі экономист, "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рақым Ошақбаевтың пікірінше, онлайн-кредит беретін ұйымдардың пайыздық мөлшерлемесіне шектеу қою өте орынды қадам.

"Әдетте, Қазақстан тұрмысы төмен тұрғындардың шарасыздығын пайдаланбай, қайта оларға көмектесуді көздейді. Сондықтан, онлайн-кредит қазақстандық этикаға сәйкес келмейді. Жоғары пайызбен қаржы үлестіріп, халықты қарызға батыру дұрыс емес. Жалпы, мұндай ұйымдардың төркіні Ресейден бастау алады екен. Қазақстанда кредиттер бойынша ең жоғары жылдық пайыздық мөлшерлеме – 56%. Осы норманы сақтау керек", – дейді Рақым Ошақбаев.

Еске сала кетейік, жуырда экономист Рақым Ошақбаев еліміздегі онлайн-кредит беретін ұйымдардың басын біріктіріп отырған Қазақстан финтех қауымдастығының (Kazfintech) басшысы Ерлан Смайловты пікірталасқа шақырған болатын. Алайда, белгілі бір себептерге байланысты пікірталас жүзеге асқан жоқ. Есесіне, Ерлан Смайлов ғаламтор арқылы онлайн-кредиттің мөлшерлемесін шектеуге қатысты өз пікірін білдірді.

Қауымдастық басшысының айтуынша, Ұлттық банктің шектеуінен соң онлайн-кредиттеу нарығы "көлеңкелі" бизнеске көшуі әбден мүмкін. Осылайша, заңсыз қызмет көрсететін компаниялар көбейетін болады. Сондай-ақ, онлайн-кредиттеу нарығында жылдық пайыздық мөлшерлеме деген түсінік атымен жоқ. Себебі, қарыз берудің орташа мерзімі 23-24 күн. Осы мерзімнен аспауы керек. Сондықтан, қарызды жылдық 56%-бен немесе 100%-бен беру тиімсіз. Қауымдастықтың есебінше, екі жағдайда да онлайн-кредит үлестіретін ұйымдар шығынға ұшырайды.

Бірінші несие бюросының деректеріне сүйенсек, 2017 жылы 944 мың кредит келісімшарты рәсімделген екен. Бұл дегеніңіз шамамен 248 мың клиент. Ал тұрғындарға берілген онлайн-кредиттердің жалпы көлемі 39,75 млрд теңгені құраған. Бұл бұған дейінгі жылдардың көрсеткішінен әлдеқайда жоғары. Мәселен, 2015 жылы рәсімделген онлайн-кредит көлемі 2,5 млрд теңгені құраса, 2016 жылы көрсеткіш 8,9 млрд теңгеге тең болды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу