Халық несиенің қай түріне әуес

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
18298

Екінші деңгейлі 4 банк онлайн-несие рәсімдейді.

Халық несиенің қай түріне әуес

Қазақстанда қаржы операциясын жүргізіп отырған 28 банктің 19-ы қарапайым халыққа пайыздық мөлшерлемемен кепілзатсыз қарыз береді, ипотека рәсімдейді және тұтынушылық несие ұсынады.

Бүгінгі таңда ел азаматтары қаржы институттарына 6 трлн теңге қарыз. Бір қызығы борышкерлер қарызға белшелерінен батып отырса да, банкке барудан, қарыз алудан бас тартпайды.

Бірінші несие бюросының мәліметінше, 2018 жылы халықтың қарызы 2017 жылмен салыстырғанда 15%-ға ұлғайған. Зерттеу қорытындысында қазақстандықтардың кепілзатсыз берілетін тұтынушылық несиеге әуес екені анықталған. 2017 жылы қаржы ұйымдарының клиенттерге берген жалпы қарызының 49,7%-ын тұтынушылық несие құраса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 4,4%-ға өсіп, 54,1%-ды бағындырған.  

Бірінші несие бюросының дерегінше, микроқаржы ұйымдарының онлайн-несие рәсімдеуі де өсім көрсеткен. 2017 жылғы 0,8% көрсеткіш, 2018 жылы бірден 2,5%-ға қарғыған.

Естеріңізге салайық, былтыр 16 шілдеде онлайн-несиелендіруге қатысты заңға өзгеріс енгізіліп, қарыз шарты бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі 100%-дан аспауға тиіс деген шарт қойылды. Осыған орай онлайн-несиенің 1 күндік пайыздық мөлшерлемесі 0,21% болып бекітілді.

Қазіргі уақытта елімізде 4 екінші деңгейлі банк онлайн-несие рәсімдейді. Қалғандарына несиенің мақұлдануына ғана онлайн тапсырыс беруге болады.

Банктер беретін онлайн-несиенің микроқаржы ұйымдары беретін онлайн-несиеден артықшылығы бар. Бірінші, қарыз сомасы көп, екінші, мерзімі ұзақ, үшінші пайызы аз.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша несие нарығындағы жағдай жақсара бастаған.

"Банктердің активтері 25,2 трлн теңгеге дейін өсті. Былтыр несие беру көрсеткіші 24%-ға ұлғайды. Қайта құрылымдаудан өткен және лицензиядан айырылған банктердің несие портфелін қоспағанда, экономиканы несиелеудің жылдық өсімі 7%-ға көбейіп, 884 млрд теңгені құрады", – деді ол үкімет отырыстарының бірінде. 

Ұлттық банк басшысының сөзінше, ипотекалық несиелендіру бағдарламасы да несие нарығының көшін алға сүйреп келеді.

"7 ақпандағы жағдай бойынша, "7-20-25" бағдарламасы аясында банктер 5 181 өтінімді мақұлдап, азаматтарға 61 млрд теңге қарыз берді. Экономиканың басым секторлары үшін берілетін 600 млрд теңге ұзақмерзімді қарыз да несие нарығындағы көрсеткіштердің жақсаруына ықпал етуі тиіс", – деді Данияр Ақышев.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу