Онлайн сақтандыруға көшеміз

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2461

Ел азаматтары сақтандыру шартын ғаламтор арқылы рәсімдейтін болады.

Онлайн сақтандыруға көшеміз

Үкімет мүшелері бүгінгі отырысында сақтандыру саласында түбегейлі реформа бастайтын жаңа заң жобасын бекітті. 

Министрлер кабинеті мүшелеріне "Кейбір заңнамалық актілерге сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының мән-жайын түсіндірген ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың айтуынша, дамыған елдерде сақтандыру шарттарын интернет түгіл, телефон соғып та бекіте салуға болады екен және бұл қызмет халық арасында кең тараған. Бірақ бұған қол жеткізуге Қазақстанның цифрлануда кенже қалуы қолбайлау болуда.

Сондықтан әзірге онлайн тәртіппен рәсімдеудің өзі үлкен өзгеріске айналмақ. Себебі қаржылық реттеушінің байламынша, сақтандыруда қойылған көптеген бюрократиялық кедергілер Қазақстанда осы бизнестің дамуына және кең қанат жаюына мүмкіндік бермей отырған көрінеді.

Өз сөзінде Данияр Ақышев соңғы жылдардағы экономикалық белсенділіктің бәсеңдеуі және қаржы нарығында жаңа технологияларды енгізу ең алдымен сақтандыру нарығында қолданыстағы бизнес-процестерді бейімдеуді және қайта құруды талап ететінін атап өтті.

Оның айтуынша, тәуелсіздіктің ширек ғасырынан астам уақыт ішінде елімізде сақтандыру нарығы азаматтар мен кәсіпорындардың мүліктік мүдделерін қорғаудың тиімді тетігіне айнала алмады. Тиісінше ел экономикасының дамуында осы нарықтың маңызы әлі де төмен болып отыр.

"Барлық сақтандыру ұйымдарының сақтандыру сыйлықақылары мен активтерінің көлемі соңғы 10 жылда Қазақстаның жалпы ішкі өнімінің тиісінше 1% немесе 2%-нан аспайды. Біз дамыған елдерден ғана емес, кеңес дәуірінен кейінгі көптеген көршілерден артта қалып отырмыз. Мысалы ЭЫДҰ елдеріне сыйлықақы ауқымы ІЖӨ-ге шаққанда 7,5%-ды құрайды. Сонымен бірге сақтандыру секторы біз кірген ДСҰ-ның нарыққа шетелдік компаниялардың филиалдарын кіргізу талаптары іске асырылатын алғашқы сегмент болады. Мұндай жағдайларда ұлттық сақтандыру секторында шетелдік ойыншылар тарапынан болатын бәсекеге төтеп беретін орнықты даму моделін қамтамасыз ету үшін уақыт аз қалады. Сондықтан ортаның өзгеруі және сақтандыру нарығының алдындағы сын-қатерлер заңнаманы одан әрі жетілдіруді талап етеді", – деді Ұлттық банк басшысы.

Ал жаңа заң жобасы сақтандыру қызметтері қолжетімділігінің еліміздің ірі қалаларында ғана емес, сонымен қатар өңірлерінде де өсуіне жағдай жасауға, халық және бизнес үшін сақтандыру қызметтерінің сапасын арттыруға және құнын төмендетуге, сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, сақтандыру нарығының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

"Сақтандыру саласындағы жаңа заң жобасы Қазақстанда онлайн-сақтандыруды дамытуға түрткі болады, өйткені онда онлайн-сақтандыруды енгізу көзделген. Әлемде онлайн сатып алушылардың үлесі 40%-ды құрайды. 2015 жылы тұтынушылардың 79%-ы таяу жылдары сақтандыру құжатын электрондық арналар арқылы сатып алуға дайын екендігін білдірді. Мысалы Ұлыбританияның 70%-дан астам тұрғыны сақтандыру құжатын телефон немесе интернет арқылы сатып алады. Францияда онлайн полисті сатып алушы клиенттердің үлесі 50%-ға жуық", – деді Данияр Ақышев.

Оның байламынша, Қазақстанда халықты онлайн-сақтандыруды енгізу нәтижесінде сақтандыру шарттарын электрондық формада жасау мүмкіндігі беріледі. Бұған дейін қолданыстағы құқықтық база мұндай өнімді толық көлемде енгізуге мүмкіндік берген жоқ.

"Заң жобасы қабылданған жағдайда сақтандыру компанияларының интернет-ресурстары арқылы офиске бармай немесе агенттің қатысуынсыз сақтандыру шарттарын жасауға болады. Сондай-ақ сақтандыру төлемдерін алу үшін онлайн өтініш жасау мүмкіндігі пайда болады. Тиісінше автоматтандыру деңгейіне және сақтандыру компанияларының интернет-ресурстарына, дербес деректерді қорғауға және киберқауіпсіздікке талап белгілеу болжанады", – деді Ұлттық банк төрағасы.

Оның айтуынша, сақтандыру шарттары бойынша "Бірыңғай сақтандыру дерекқоры" (БСД) онлайн сақтандырудың негізгі элементі болады.

"БСД міндетті сақтандыру полистері бойынша бірыңғай есепке алатын ұйым және қойма болады. "Эталондық дерекқорды" қалыптастыру, оның басқа базалармен интеграциясы сақтандыру ұйымдарының клиенттері, сыйлықақылар және төлемдер бойынша барлық деректің шынайы болуын, актуарлық кестелер мен сақтандыру тарифтерінің негізделуін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік органдардың және ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен және дерекқорларымен интеграция адамдарды қашықтан сәйкестендіруге, қолданыстағы электрондық полистің жасалуын және бар-жоғын тексеруге мүмкіндік береді", – деп түйді Данияр Ақышев.

Жаңа заң жобасы қазақстандық туристердің де мүліктік мүддесін қорғайды. Туроператордың немесе турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы қолданыстағы заңнама туристердің мүддесін қорғауға мүмкіндік бермейді екен. Мысалы қазіргі кезде туристер сақтандыру төлемдерін шетелден қайтып келгеннен кейін және соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде ғана алады. Сақтандыру оқиғасы басталғанда туристің шетелде қорғалмауы айқын. Туристің сақтандыру төлемін алу құқығы пайда болатын оқиғалардың толық тізбесі жоқ. Зардап шеккен туристердің мүддесін қорғау үшін сақтандыру өтемінің сомасы да бірдей емес.

Сақтандырудың осы сыныбының шығынды болуына байланысты сақтандырудың бұл түріне лицензиясы бар 17 сақтандыру ұйымының 10-ы лицензиясын кері тапсырған.

Сол себепті енді қазақстандық туристерді қорғау мақсатында жаңа заң жобасы шет елге шығатын туристің өзінің мүліктік мүддесін міндетті сақтандыруға көшуді көздейді.

"Бағдарламалар халықаралық талаптар мен өнімдерге сай келеді және туристің өмірі мен денсаулығына зиян келтірумен байланысты "жазатайым оқиға", "шұғыл не жедел көмек", "репатриациялау" секілді базалық әлеуметтік тәуекелдерді қамтиды. Қамту есебінен сақтандыру құны жоғары болмайды: күніне шамамен 340 теңге. Сақтандырумен қамту 3,4–17 миллион теңге аралығында болады", – деп түсіндірді Ұлттық банктің басшысы Данияр Ақышев.

Ортақ келісім болғандықтан, премьер Бақытжан Сағынтаев жаңа заң жобасын қыркүйектен қалдырмай, парламентке енгізуге тапсырма берді.

Ел үкіметі бүгінгі жиынында сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді бәсекелестік ортаға беру мәселесі бойынша қолданыстағы заңнамаға түзету енгізетін жаңа жобаны да құптады.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл құжат та мәжіліске қыркүйекте енгізілуі тиіс.

"Заң жобасының аясында қарастырылған түзетулерді шартты түрде 2-ге бөлуге болады. Біріншісі – мемлекеттік қызметтерді бәсекелестік ортаға беру бойынша негізгі әдістерді бекіту. Екіншісі – қызметтердің бірінші тобы бойынша жұмыстың қорытындысы жөніндегі түзетулерді енгізу", – деді министр.

Ол мемлекеттік органдардың қызметтерін бәсекелестік ортаға беру енді жүйелі түрде жыл сайын жүргізілетіндігін хабарлады. Министрлік ұсынып отырған алгоритм 7 негізгі кезеңнен тұрады, олардың арасында жыл сайын мемлекеттік органдардың қызметтерін бәсекелестік ортаға беру үшін іріктеу, үкімет жанындағы комиссияда қызметтердің алдын ала тізбесін бекіту, бәсекелестік ортамен талқылау, нарықтың дайындығын талдау және реттеушілік әсерге талдау жүргізу бар. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметтерін бәсекелестік ортаға берудің мониторингін жүргізу де көзделуде.

"Ұсынылып отырған әдіс қызметтерді бәсекелестік ортаға беруді сапалы тұрғыда қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", –  деді Тимур Сүлейменов.

Ол сондай-ақ мониторинг рәсімдерін заң жобасы арқылы бекіту қарастырылып отырғанын атап көрсетті, бұл берілген қызметтердің бәсекелестік ортада іске асырылуының сапасы туралы шынайы ақпарат алу мақсатында жүйелі түрде қадағалау жасауға мүмкіндік беруі тиіс.

"Егер мониторинг бойынша қызметтерді берудің оң нәтижесі анықталған болса, ондақызмет бәсекелестік ортада қала береді", – деді бас экономист.

Заң жобасы арқылы қызметтердің бірінші тобы бойынша жұмыстардың қорытындысы заңнамамен бекітіледі, оның ішінде экологиялық аудит саласында міндетті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттеу ұсынылып отыр, яғни бизнеске қатысты көптеген мәселелер мемлекеттік реттеуден өзін-өзі реттеуге көшіру көзделуде. Сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігінің медициналық көмектің деңгейі мен сапасына азаматтардың қанағаттанушылық деңгейін анықтау жөніндегі қызметі бәсекелестік ортаға беріледі.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу