Оңтүстік өңірі бидай тапшылығынан арыла алмай отыр

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
4918

ОҚО диқандары Солтүстік өңірдің бидайына тәуелділіктен арылудың жолын қарастырып жатыр.

Оңтүстік өңірі бидай тапшылығынан арыла алмай отыр

Өңірдің егістік жері кең әрі тың болғанымен, бидайдың сапасы төмен. Жергілікті наубайханашылар ұнды солтүстіктен тасымалдауға мәжбүр. Тіпті сол өңірдің егістік алқаптарын жалға алып, өздеріне қажетті астық егуді қолға алған. Солардың бірі – "Амангелді" ЖШС.

"Оңтүстіктің өз бидайы өте жұмсақ. Сапасы төмен болып келеді. Нан жапсаңыз, арасы бірікпейді. Сондықтан тұтынушыларымыздың басым бөлігі солтүстік бидайының өніміне тапсырыс береді", – дейді серіктестік директоры Нұрлан Құралов.

Бұл серіктестік биыл Қазығұрт ауданында 12 мың га жерге масақты дәнді дақыл егіпті. "Түсім де жаман емес", – дейді серіктестік басшысы. Басты себеп – биыл көктемде жауын-шашын мол түсіп, егістік бітік шыққан.

"Биылғы орақ науқанын он күн ерте бастадық. Күн қарасып тұрды. Бұл бидайдың сапасына септігін тигізеді. Мәселен, ақуызы 26-27 бірлік болса, құрғақтылығы 6-7%-ға жетті", – дейді Нұрлан Құралов.

Солтүстіктің бидайына тәуелділіктен арылу үшін "Амангелді" ЖШС Қазығұрт ауданында егістік көлемін ұлғайтып, тұқым сапасын жақсартуға ден қойыпты. Нәтижесі де жаман емес дейді. Қазір мұндағы астыққа көршілес Өзбекстан, Ауғанстан және Иран елдері қызығушылық білдіріп, тапсырыстар беріп жатыр екен. Биыл "Амангелді" ЖШС осы елдерге 30 мың тонна бидай экспорттамақшы екен.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл өңірде 156 мың га жерге бидай егіліпті. Алайда бұл сұранысты қанағаттандыра алмайды. Оңтүстік халқы жылына 330 мың тоннаға жуық астық пайдаланады. Соның 164 мың тоннасын жергілікті диқандар қамбаға құяды екен. Ал қалған 150 мың тоннасы солтүстіктен сатып алынып, тасымалданады.

"Солтүстіктен бидай тасымалдаудың өзіндік қиындығы да бар. Алдын ала келісім жасамасаңыз, астықсыз қаласыз. Сондықтан келіссөздер қыс мезгілі мен ерте көктемде жүргізіледі. Оның үстіне теміржол шығыны жылдан-жылға ұлғайып келеді. Бұл нан бағасының құнына да әсер етпей қоймайды", – дейді он жылдан бері наубайхана ісін жандандырып жүрген Талғат Шеріметов.

Бидайдың жақсы болуы тұқымға да байланысты. Бұл ретте Түлкібас ауданы Келтемашат ауылындағы "Бесжал" өндірістік кооперативінің ұмтылысы ерекше. Бұл ұжым соңғы жылдары тұқымдық дайындау ісін қолға алып мол табысқа кенеліп жүр екен.

"Біздің серіктестік тұқым шаруашылығымен айналысады. Бидайлық тұқымымызға көбінде Сайрам, Төле би, Бәйдібек аудандарының диқандары тапсырыс береді. Былтыр гектарынан 25 центнерден өнім алдық, биыл 30-35 центнерден өнім жиналды", – дейді кооператив басшысы Спабек Іңкәрұлы.

Астықтан гөрі тұқымдық етіп нарыққа шығарған пайдалырақ. Мұны бесжалдықтар жақсы түсінеді. Алдағы уақытта тұқымдыққа қажетті егістік алқабының көлемін ұлғайтуды негізгі бағыт ретінде жандандырмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу