Алғашқы боп егінге орақ салғандардың қатарында қазығұрттық "Айқожа" өндірістік кооперативі де бар. Техникасын жаңартып, науқанға қызу дайындалған кәсіпорын бидайдың алғашқы тоннасын қамбасына құйды. 1998 жылы құрылған кооператив меншігінде жалпы 12700 гектар жер бар.
"Бүгінде біздің кооперативтегі жер көлемі 12700 гектарға жетіп отыр. Оның 6700 гектары тәлімді, 1000 гектары шабындық, қалғаны ауыспалы егіске жатады. Біз бидай, арпа, мақсары ғана емес, картоп және самырсақ егумен де айналысамыз. Өткен жылы 1050 гектар бидай алқабынан 24 центнерден қамбаға 2520 тонна астық жинап, мол табысқа қол жеткіздік. Биылғы межеміз 24,5 центнер деп болжап отырмыз", – дейді "Айқожа" өндірістік кооперативі төрағасының орынбасары Саян Батырбаев.
Қазіргі таңда орақ науқанында 30-ға жуық адам еңбек етіп жатыр. Жұмысшылардың орташа жалақысы 60 мың теңгені құрайды. Кооперативтегі егін ору науқанын жаңадан сатып алынған комбайндар қыздыра түскен. Жалпы биыл қазығұрттық астық егумен айналысатын қожалықтар жаңа 32 техника сатып алған.
Биыл күнгей облыста бидай ору науқаны 10 күнге кеш басталды. Мамандар мұның себебін көктемгі жауын-шашынның мол түсіп, ауа райының жылдағыдан салқын болғанымен байланыстырады.
"Биылғы ауа райының, нақтырақ айтсақ, көктемнің салқын болуы әсерінен орақ оруды айдың аяғында бастап отырмыз. Жылда 20-шы маусымда бастап жіберетінбіз. Облысымызда биыл жалпы 218 мың гектар жерге бидай мен арпа егілді. Соның 177 мың гектары бидай, 41 мың гектарын арпа құрап отыр. Есебіміз бойынша биологиялық түсімі 18,5 центнер болады деген болжам бар", – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков.
Биыл өңір диқандарының басым бөлігі арпа дақылын егуге ден қойған. Оның басты себебі – гектарлы бидайға берілетін субсидияның алынып тасталуы. Мемлекет тарапынан берілетін демеуқаржыдан қағылған диқандар жаппай арпа, мақсары, жоңышқа мен сүрлем жүгері егуді қолға алыпты. Соның себебінен биыл арпа көлемі едәуір артып отыр.
"Гектарлық субсидия биыл ақ егіске берілмейтін болды. Тек бізде қазір мақтаның гектары мен тоннасына, жоңышқаға, мақсарыға, жүгеріге, яғни сүрлемге беріліп жатыр. Осыны ескерген диқандар негізінен мал азығына қажетті дақылдар егумен шұғылдануда. Бірақ бұл үрдістен үркудің қажеті жоқ. Өйткені біздің облысымыз бидай егуді негізгі бағыт ретінде ұстанбайды", – дейді Серік Тұрбеков.
Жасыратыны жоқ, оңтүстік бидайының сапасы солтүстік бидайымен салыстыруға келмейді. Биологиялық сұрпына сай, жемазыққа өте қолайлы. Алайда жергілікті билік биыл өндірілген бидайдың 70 пайызын ұн өнімдерін дайындауға пайдаланбақ ниетте. Ол үшін солтүстіктен сапалы бидай тасымалдап, жартысын араластырып нан өнімдерін әзірлеуді жоспарлауда.
"Оңтүстік бидайының сапасы төмен болғандықтан, бидайымыздың 70 пайызын ғана пайдаланамыз. Қалған 30-40 мың тоннасын дәнге алып қаламыз", – дейді басқарма басшысы.
Ақ егіс түрі оңтүстіктің барлық аудандарында егіледі. Бірақ биыл Бәйдібек ауданының диқандары 40 мың гектарға дән сеуіп, қамбасын алтын дәнмен толықтырмақшы. Екінші орында Қазығұрт ауданы тұр. Мұнда диқандар 38 мың гектарға бидай егіп, орақ жұмыстарын қыздыра түсуде.
Қазығұрт ауданындағы "Айқожа" өндірістік коооперативіне қарасты егістік алқабына арнайы атбасын бұрып, егіс ору науқанының куәгері болған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев аудан басшылығына алдағы жылдары арпа, бидай егіс көлемін арттырып, оны экспорттау мен тұқымдық сапасын жақсарту мәселесіне назар аударуды тапсырды.
"Өкінішке қарай, облысымызда тұқымдық сорттардың зерттеліп, саралануы жоғары дәрежеде емес. Сондықтан шаруалар шамалары келгенше жергілікті сорттарды пайдаланып келеді. Осыған байланысты қазір ақ егіс тұқымдарының сапасын реттеу үшін арнайы бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Себебі, егін егуде тұқымның сапалы болуы өте маңызды", – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 218 мың гектар бидай егілген. Одан 401 мың тонна астық жиналады деген жоспар бар.
Ақжол Қараспан