ОПЕК неліктен қазба отыннан бас тарту идеясына қарсы?

1018

БҰҰ климаттық саммитінде әлем елдері мұнай, газ, көмір тәрізді отын түрлерін тұтынуды бірте-бірте азайтуға келісті. Ал ОПЕК-тің бұған қатысты өз уәжі бар.

ОПЕК неліктен қазба отыннан бас тарту идеясына қарсы? Фото: office life

Бұл мәселе ОПЕК үшін неліктен маңызды?

Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының мүшелері бірігіп, әлемдегі барланған мұнай қорының 80%-ға жуығын және дүниежүзілік күнделікті мұнай өндірісінің шамамен үштен бірін бақылайды.

Ресей мен Қазақстан сияқты одақтастарды қамтитын ОПЕК+ болса, жаһандық шикізат қорларының 90%-на, өндірістің 40%-на иелік етеді.

ОПЕК мүшелері негізгі табыс көзі ретінде мұнай мен газдан түсетін кірістерге сүйенеді.

Мұнайдан келетін ақша 2010 жылдан бері ОПЕК лидері Сауд Арабиясының жалпы бюджеттік кірісінің 75%-ын, жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 40-45%-ын құраған екен.

Басқа ОПЕК+ мүшелері үшін ЖІӨ-дегі мұнай мен газдың үлесі 16%-дан 50%-ға дейін барады. 2022 жылы ОПЕК-тің мұнай экспортынан түскен таза кірісі 2021 жылмен салыстырғанда 43 пайызға артып, 888 миллиард долларға жеткен.

Демек, қазба отыннан бірте-бірте бас тартуға шақыратын кез келген мәлімдеме осы мұнай мен газ өндірісіне тәуелді елдердің экономикасы үшін қауіпті болуы мүмкін.

ОПЕК-тің энергетикалық трансформация туралы пікірталастардағы позициясы қандай?

ОПЕК-тің бас хатшысы Хайтам әл-Ғайс 6 желтоқсанда ОПЕК мүшелері мен COP28 одақтастарына жолдаған хатында әлем қазба отынның өзінен емес, одан тарайтын улы қалдықтарды нысанаға алуы керек деді. Және де ол дамушы елдерге қазба отын қорларын пайдалануға рұқсат беруге шақырды.

"Энергетикалық трансформация әділ, шынайы және инклюзивті болуы керек", - дейді әл-Ғайс.

ОПЕК мұнайға сұраныс 2045 жылға қарай тәулігіне 102 миллион баррельден 116 миллион баррельге дейін өседі деп есептейді. Ал Халықаралық энергетика агенттігі (ХЭА) "қара алтынға" сұраныс 2030 жылға қарай тәулігіне 93 миллион баррельге, ал 2050 жылға таман 55 миллион баррельге дейін төмендейді деген болжам айтып отыр.

Сұраныстың төмендеуі болашақта мұнай өндіруші елдердің табысын азайтады. Сайып келгенде, бұл олардың бюджеттері мен несиелік қабілетіне кері әсер етейін деп отыр.

ОПЕК ескерткендей, қазіргі және келешектегі мұнай мен газға сұранысты қанағаттандыру үшін орасан зор инвестиция қажет. Ал сол инвестицияны тоқтататын саясат сигналдар отын тапшылығына және энергия бағасының шарықтауына әкеліп, одан энергия импортына тәуелді кедей елдер қатты зардап шегуі мүмкін.

БАӘ - Мысырдан кейін климаттық саммит өткізген екінші араб елі және ОПЕК мүшесі. Оның ойынша, қазба отынның кезең-кезеңімен қысқаруы - бәрібір жүзеге асатын маңызды үрдіс. Бірақ бұндай отыннан бас тарту жан-жақты ойластырылған және әр ел мен аймақтың жағдайын ескеретін энергетикалық трансформация жоспарының бір бөлігіне айналуы керек.

ОПЕК+ үшін тағы қандай қауіп бар?

Біріккен Араб Әмірліктері сияқты ОПЕК+ мүшелерінің кейбірі туризм мен қаржылық қызметтерді дамыту арқылы экономикаларын әртараптандыруда прогреске қол жеткізді. Бірақ БАӘ мұнайсыз бюджет кірісінің жартысын бәрібір жоғалтар еді.

Бұл елдер үшін қазба отыннан біртіндеп бас тарту олардың мұнай қорларының құнына да қауіп төндіреді. Ал сұраныстың тез төмендеуі ең үлкен мұнай-газ запастарының "тұйық активтерге", яғни, ақшаға айналмайтын активтерге айналуына әкеп соғуы мүмкін.

ХЭА-ның болжамынша, келешекте тасталған мұнай-газ активтерінің саны артып, жаңартылатын энергия көздері арзандай түспек.

Сауд Арабиясы сияқты ОПЕК-тің негізгі экспортерлері мұнай өндірісінің арзандығы арқасында бәсекеге қабілетті энергетикалық салаларға ие, сондықтан басқаларға қарағанда бұл мемлекеттер өз активтерінің құнсыздануын бүгін-ертең көруі екіталай.

Дегенмен, Нигерия, Алжир, Ангола және Ливия тәрізді ОПЕК+ альянсының  кіші мүшелері сапасы төмендеу қорға ие. Сонымен қатар, олар мұнай өндіру үшін Батыстың энергетикалық ірі компанияларына сүйенеді. Сондықтан бұл елдер ірі жаһандық банктердің қазба отын жобаларын қаржыландыруға дайындығына да жанама түрде тәуелді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу