Open space: жайлы кабинеттегі жұмсақ кресломен қоштас

Алматы облысындағы мектеп директорлары жұмыс кабинеті үшін 1500 шаршы метр аумақ артық қолданғаны анықталды.

Open space: жайлы кабинеттегі жұмсақ кресломен қоштас

Қазір қала түгілі ауылдағы мектеп директорларының кабинетіне кіру мұң болып тұр. Білім ордасындағы бас мұғалімдердің жұмысы шенеуніктің басқару стиліне көше бастағаны жасырын емес. Жалпы, мансап пен қызметтің буына піскен мектеп директоры мини-диктаторға айналуға шақ қалғандай әсер қалдырады. Өкінішке қарай, мұның дәлелі болатын келеңсіз оқиғалар жайлы жиі жазылып, көп айтылып жүр.

Шынымен, мектептерге бала сыймай, оқу сыныптарының жетіспеушілігі күн тәртібінен түспей тұрғанда, мектеп директорының ат шаптырым кабинетті жасақтап, жанға жайлы қоныс ретінде қолданып отырғаны ақылға сыймайды. Мәселен, Алматы облысы бойынша мектептерге тексеру жүргізген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақтық департаментінің өкілдері бірталай жайттың бетін ашты. 740 мектептің жағдайын зерделегенде, жалпы көлемі 1500 шаршы метр аумақтың заңға сәйкес қолданылмай, директорлардың жеке мүддесіне қызмет еткені анықталды. Бұл дегеніңіз, 174 кабинеттің сәні мен салтанаты жарасып, мектеп басшысының құтты орны болып бос тұрғанын білдіреді.

"Біз облыстағы 740 мектепке мониторинг жасадық. Әсіресе, директорлардың жұмыс кабинетінің аумағы заңда белгіленген мөлшерден аспауын негізге алдық. Бірақ,  1500 шаршы метр нормадан асып тұр. Аумағы атшаптырым, көлемі заңда белгіленген талаптан артық 174  кабинет анықталды. Агенттік тарапынан директорларға ескерту жасалып, жайлы кабинетте бас тартып, басшының жұмыс орынын оқушыларға өте жақын жерге көшіру ұсынылды", –  дейді департаменттің Мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Жеңіс Андабеков.

Айтпақшы, Мемлекеттік регламент бойынша қызметшінің кабинеті халыққа қол жетімді болуға тиіс. Әсіресе, мектеп басшысының жұмыс орны ғимараттың бірінші қабатында орналасуы керек. Бұл  директордың мектеп өмірі мен оқушыларға етене жақын болуға мүмкіндік береді дейді мамандар. Екінші жағынан алғанда, 1 адам отырған үлкен бөлмеге бүтін сыныпты оқытуға болады екен. Демек, орын жетіспеушілігін аз да болса шешу арқылы 3 ауысымда білім беру үрдісін азайтуға болады. Бүгінде Алматы облысында 27 мектептің оқушылары 3 ауысыммен оқуға мәжбүр болып отыр.

Жалпы, қызметкерлерді кең сарайдай кабинет пен жұмсақ креслоға отырып басқарудың күні өтіп барады. Қазір әлемде барлық басқару құрылымдары неғұрлым қарапайым жұмыс үлгісін таңдап, тұрғындарға мейлінше ашық болуға бет бұрды. Нақты айтқанда, дүниежүзі Open space режиміне көшуді аяқтап қалды. Бұл үрдіс Қазақстанға да сатылап еніп жатыр. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлердің халыққа жақындауы мемлекеттік қызметтің ашықтығымен қатар, артық шығындарды оңтайландыруға жол ашпақ. Бастысы, қоғамда қалыптасқандай, басшылықтағы мемлекеттік қызметкердің ортақ іске емес, жеке жағдайына көбірек бөлуіне тоқтам болады. Өкініштісі, тұрғындардың түсінбеушілігі мен ашу-ызасын да туғызатыны жағдай бар. Жоғарыда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті аймақтағы біраз мемлекеттік мекемелерге арнайы тексеру жұмыстарын жүргізін айттық. Сонда шенеуніктердің дені атшаптырым кабинеттерде отыратыны анықталды. Облыс бойынша қызметтік ғимараттарды пайдалануға қатысты 50 000 шаршы метр аумақ тиімсіз қолданыста болып келіпті.   

Сондай-ақ, басшылар арасында бюджет ақшасына жеке ғимараттарды жалға алу жағдайы да анықталған екен. Мысалы, Талдықорған қаласы әкімдігіне қарасты халықты жұмыспен қамту орталығы жалпы алаңы 206 шаршы метр ғимаратты заңсыз жалға алып, оған әр жыл сайын 7 млн 380 мың теңге ақы төлеп отырыпты. Осындай қателік Текелі қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі басшысы тарапынан да жіберілген. Бұл мекеме өткен жылы жекеменшік ғимараттан кеңсе жалдап, айына 100 мың теңге, жылына 1 млн 200 мың теңгені орынсыз жұмсап отырыпты.

Әрине, облыста мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жақсы үрдістер де бар. Соның бірі тұрғындарға Open space жобасы бойынша қызмет көрсетуге көшкен Үштөбе қаласының әкімдігінің жұмысы. Қазір Қаратал ауданның орталығындағы басқару қызметі толықтай жабық кабинеттерден бас тартып, келушілерді ашық алаңдарда қабылдауда.

"Үштөбедегі "Сервистік әкімдік" қызметін өңірге ғана емес, республикаға үлгі ретінде ұсынып отырмыз. Өткен жылдан бастап Open space жүйесіне көшкен әкімдік мемлекеттік қызметтің 41 түрін көрсетеді. Мұнда Үштөбе қаласы әкімінің аппараты, білім беру, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімдері, Қаратал ауданы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығы сияқты мекемелер орналасқан",  дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті өкілі Сымбат Исрапулова.

Гүлжан Амангелдіқызы, Алматы облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу