Болашақта мемлекет тарапынан мектептер салынбайды

7678

Алдағы уақытта елімізде жекеменшік мектептердің саны артады.

Болашақта мемлекет тарапынан мектептер салынбайды

Ел үкіметі балаларды білім ошағымен қамту мәселесін енді дотациялық жүйе арқылы шешпекші. Бұл жайлы ата-аналармен кездесу жиынында Шымкент қалалық білім саласын бақылау департаментінің басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.

"Қазір жекеменшік балабақшалар "Балапан" бағдарламасымен дотация алып жатыр. Бұрындары өздеріңіз білесіздер жекеменшік балабақшалар саны 10-15 тен аспайтын. Бес жылдың өзінде бір Шымкентте жекеменшік балабақша саны 500-ге жетті. Қазір балаларды балабақшаға орналастыру мәселесі 100 пайызға шешілді. Бүгінде ата-аналар балабақшаларды өздері таңдайтын жағдайға жетті. Дәл осы бағытта үкіметтің өзі жекеменшік мектеп ашуға дотацияларды көптеп бөлуде. Бір айдың өзінде біздің департамент тарапынан 14 жекеменшік мектеп ашылды. Оның бірі шетелден ұстаздар шақыртып оқытып жатыр. Яғни, жекеменшік мектептер арасында бәсекелестік пайда болды. Өйткені үкімет оларға дотация береді. Тек дотация алып балаларды тегін оқытып жатқан мектептер өте көп. Шымкенттің бір "Нұрсәт" шағын ауданынан лицензия алуға 4 сұраныс жатыр"- деді ол.

Яғни, жаңа жылдан бастап Шымкентте жекеменшік мектептердің саны артатын көрінеді. Бұл өз кезегінде мегаполистегі білім ошағының жетіспеушілігі мәселесін шешетін болады. 

Жанат Тәжиеваның айтуынша, ата-ананың мектепте оқитын әр баласы үшін жылына 380 мың теңге бөлінеді және ол қаржы ата-ананың жеке есепшотына келіп түседі екен. Сол ақшаны алып, балаларды қай мектепке беруге өзі таңдау жасай алады.  Бұл мектептердің арасындағы бәсекелестікті арттырып, білім сапасының артуына септігін тигізеді. Айта кету керек, ол 380 мың теңге тек баланың білім алуына арналған ақша. Ол қаржыны ата-ана басқа мақсатқа жұмсай алмайды. Ол ақшаға баланың кітабы,  ұстаздың ақысы, баланың оқитын мектебі кіреді.

Дегенмен ұстаздар жағы жекеменшік мектептердің ұтымсыз тұстарын да ашып айтты.

"Жекеменшік мектептер жұмысқа келісімшартпен бір жылға ғана алады. Ол мемлекеттік мектептердегідей шексіз мерзімде болу керек қой. Сондықтан мамандар бір жылдан кейін жұмыстан шығарып жіберсе, мен қайда барамын деп ойланады. Содан кейін оларға категория төлену керек, еңбекке жарамсыздығы да төлену керек, мемлекеттік мектептердегідей демалыс ақыға қосымша жәрдемақы қарастырылу керек. Соның бәрін қосымша қарастырса, мүмкін келешекте теңесіп кететін шығар", – дейді Шымкенттегі №80 жалпы орта мектеп директоры Сәуле Жантөреқызы.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу