Жақсыбековтен қалған мәселені Көлгінов шешуге уәде етті

2788

Елордалық ата-аналар Нұр-Сұлтан әкімінен астана үшін ұят мәселені жоюды талап етті. 

Жақсыбековтен қалған мәселені Көлгінов шешуге уәде етті

Қалада №12 "балабақша–бастауыш мектеп" кешені деген мемлекеттік білім жүйесінде кездесе бермейтін өзгеше білім ордасы, гибрид ұйым бар. Елорда әкімі Алтай Көлгіновке жүгінген ата-аналар бұл оғаштыққа шенеуніктердің көз жұма қарап келе жатқанына наразы. Проблема бас қаланың алғашқы әкімі Әділбек Жақсыбеков кезінен бері шешілмей келе жатқан көрінеді.  

"Біздің 12-ші мектептің мектеп деген аты ғана. Шынында, осыдан 23 жыл бұрын ол іргедегі балабақша ғимаратына уақытша эвакуацияланған болатын! Қалалық биліктегілер де, Білім және ғылым министрлігінің шенеуніктері де бұл ғимарат әу бастан орта білім жүйесі үшін есептелмегенін түсінулері тиіс. Сіз жағдайдың қайғылы сипатын түсінесіз бе?", – деп сұрақ қойды әкім Алтай Көлгіновке ата-аналардың бірі, Қарлығаш Набиуллина.

Мұнда оқушылар 1996 жылдың көктемінен бері балабақша бүлдіршіндерін ығыстырып, парталарға тығылысып оқуға мәжбүр. Ал астана Ақмолаға келесі 1997 жылы көшіп келгені мәлім.  

Ата-аналардың мәліметінше, ширек ғасырға жуық уақыт ішінде "бір де бір министр, мәслихат депутаты, әкімдік қызметкері, білім беру басқармасының өкілдері түйткілдің шиеленісін тарқату үшін саусағын қимылдатпаған".

Ал мектептің тосын тарихын білетін шенеуніктердің орнын "осы мектепте бүлдіршіндер мен оқушылардың бірге оқуы бұрыннан қалыптасқан дәстүр екен" деп ойлайтын жас шенеуніктер басуда.

Білім мекемесі Ұлы Отан соғысынан кейін, 1966 жылы орыс-украин жазушысы Н.Гогольдің атымен оқушыларға есігін айқара ашты.

Алайда тура отыз жылдан соң, 1996 жылғы көктемде, мамыр айында сол кездегі Ақмола қаласындағы осы 12-ші мектептің негізгі ғимаратының екі корпусының 1-қабаты толығымен су тасқыны астында қалады. Содан мұғалімдер мен 8–9-сынып оқушылары жабыла жүріп, қос корпустағы мүлік-мүкәммалдың барлығын көрші балабақша ғимаратына тасиды. Ол кезде ата-аналар да, шәкірттер де, ұстаздар да мұны уақытша деп ойлаған. Алайда ата-аналардың айтуынша, ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу орнына әкімдік қос корпусты күресінге жіберіп, астындағы жер телімін сатқан. Осылайша, мектеп балабақша ішінде қалып қойды.

"Бұл бүкіл астаналық басшылық үшін масқара, сорақылық. Білім басқармасына тиесілі жерді әлдебір шенеунік мемлекеттік мүліктен шығарып, сатып жіберген. Құрметті әкім, жағдайды өз бақылауыңызға алыңыз! Біздің мектепте кезінде 2 корпус қана емес, сондай-ақ спорт залы, жеке корпуста орын тепкен шеберханалары, бақшасы, стадионы да болған. Осының барлығын қалпына келтірсеңіздер, сіздерге ата-аналар мен балалардың бірнеше буыны риза болады", – дейді тағы бір ата-ана Арман Есмағамбетов.

Қаласын-қаламасын, бәрібір қала әкімі Алтай Көлгіновке бұл мәселені шешуге тура келетінге ұқсайды. Өйткені бұл ата-аналар артында Сарыарқа ауданының "Кирпичный" тұрғын үй алабының тұрғындары тегіс тұр. Ал мектеп пен балабақша құрқылтайдың ұясындай екі қабатты, 14 жұмыс кабинеті бар мекемеде ұйлығысып отыр.

А.Көлгінов бұл мәселені шешуге уәде етті.

Айта кету керек, былтыр елорда әкімі болған Бақыт Сұлтанов Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында, "Астана қаласының 2019–2023 жылдарға арналған жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспардың" жобасын әзірлеп, Үкімет отырысында қорғаған болатын. Бірақ оны жүзеге асыруға уақыты жетпеді, Сауда және интеграция министрі болып, ауысып кетті.

"№12 балабақша–бастауыш мектеп кешені мәселесіне келсек, Нұр-Сұлтан қаласының жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспары аясында 600 орындық жаңа ғимарат салу жоспарланған. Сонымен бірге қолданыстағы ғимаратына күрделі жөндеу жүргізуге бюджеттік қаражаттар да бекітілді. Бұл іс-шаралар келесі 2020 жылы аяқталады. Бүгінде мектеп әкімшілігі ата-аналар көтерген, сондай-ақ қадағалаушы орган айтқан сын-ескертпелерді жою бойынша белсенді жұмыстарға кірісті. Асхана мен дәретханаларды күн сайын тазалау және дезинфекциялау бойынша іс-шаралар жоспарланған және іске асырылуда. Мектеп іші ары қарай қараңғы болмауы үшін жарықтандыру, шамдарды ауыстыру жүргізіледі", – дейді қалабасы Алтай Көлгінов.

Бұдан бөлек, кабинеттерде линолеумдарды ішінара ауыстыру қолға алынған. Балаларда үрей тудыра бермеуі үшін даладағы ұсқыны кеткен шағын архитектуралық нысандар боялыпты. Асханадағы адам жүрегін айнытар ескі ыдыс-аяқ орнына жаңалары сатып алынуда екен. 

Бұған қоса, спорт залында және хореография залында жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Әкім 2018 жылдың қыркүйегінен бері елордада әрбір мектеп жан басынан шаққандағы қаржыландыру әдістемесі бойынша қаражат алатынын еске салды. Қандай мектеп көп оқушы тартса, бюджеттен де көбірек қаржыландырылады. Оның аясында білім ордасының да қажеттіліктеріне қаржы қарастырылған. Ата-аналар жағдайы келсе, өз балаларын қаладағы өзге мектептерге апара алады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу