500 мың педагог айлығының өскенін сезіне алмай отыр – Президент

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5105

Алдағы төрт жылда ұстаздардың еңбекақысы екі есе өседі.

500 мың педагог айлығының өскенін сезіне алмай отыр – Президент

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Тамыз конференциясында мектептерде ағылшын тілін оқытуға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, үш тілді жүйеге көшу оқытушылар мен білім беру бағдарламаларының дайындығына қарай жүзеге асырылады.

"Бұл ретте ғылыми-жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндіктеріне қарай оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асырылуы тиіс. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: "Қазақ тілі үш тілдің бірі болып қалмайды, үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді", деп өте өнегелі ой айтты. Сондықтан ағылшын тілін оқытуды 2-3 сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5 сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын", – деді Президент республикалық Тамыз конференциясында.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы әкімдіктердің ұстаздарды түрлі шараларға жұмылдыруына қатысты да ойын білдірді. 

"Жергілікті әкімдік ұстаздарды әкімшілік мақсаттарға, білім беру саласына еш қатысы жоқ түрлі шараларға жұмылдыра отырып өз өкілеттіктерін асыра пайдаланады. Білім беру жүйесінің сапасына теріс ықпал ететін тағы бір кедергі – ұсынылатын реформаларда педагогтардың нақты қажеттіліктерінің ескерілмеуі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент әзірленіп жатқан "Педагог мәртебесі" туралы заң мұғалімдерді ынталандыратын шараларды қамтитынын еске салды. Оның пікіріше, педагогтардың мәртебесін шынайы көтеруді қамтамсыз ету маңызды.

"Бәсекеге қабілеттілікті көтеру үшін педагогтардың жоғары мәртебесіне сөз жүзінде қол жеткізуіміз керек. Педагог мәртебесі туралы заң жобасында қолдаудың кешенді шаралары қарастырылған. Бұл ұстаз жүктемесін қысқарту, ар-абыройының сақталуына кепіл беру, материалдық ынталандыру. Соның ішінде сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін екі есе ақы төлеу, барлық педагогтардың еңбек демалысын 56 күнге дейін көбейту, магистрлік деңгей үшін қосымша төлем және өзге де ынталандыру шаралары бар", – деді Мемлекет басшысы.

Тамыз Конференциясында ел Президенті баяндағандай, алдағы 4 жылдың ішінде мұғалімдердің еңбекақысы 2 есе өседі.

"Педагог жүктемесін қысқартатын, кәсібіне сай емес қызметтерге тартуға тыйым салатын шектеу қою, шектен тыс есептілік пен негізсіз тексерулерді шектеу дербес қаралады. Мұғалімдердің еңбекақысы базалық лауазымдық жалақы арқылы есептеледі. Сол себепті елдегі 500 мың педагог айлығының елеулі мөлшерде өскенін сезіне алмай отыр. Мұны тура айту керек. Мұғалімдердің еңбекақысы ең төменгі айлықтардың бірі болып тұр. Экономикадағы орташа еңбекақының 65 пайызын ғана құрайды. Әрине, мұнымен келіспейміз. Сондықтан Үкіметке білім жүйесіне білікті мамандар тарту мақсатында және педагогтардың мәртебесін көтеру үшін мұғалімдердің еңбекақысын 4 жылдың ішінде 2 есеге арттыруды тапсырамын", – деді Президент.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу