Орта Азия үлкен өзгерістің алдында тұр

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
7872

Ирак пен Сириядағы лаңкестер ерте ме, кеш пе біздің өңірге қарай бет алуы әбден мүмкін.

Орта Азия үлкен өзгерістің алдында тұр

2017 жылдан бастап шикізат дағдарысының бәсеңдеуі Орта Азия елдеріндегі экономикаға оң әсер етіп, өңірдің Еуразия кеңістігіндегі маңызы арта түспек.

Экономикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, биылдан бастап Орта Азияның 5 мемлекеті үшін жағымды жаңалық аз болмайды. Қытай, Ресей, Иран үштігінің арасындағы өңірдің экономикасы үштіктің экономикасымен бірлесе дамуға бет алмақ.

Мұнайға тәуелді Ресей бастаған ТМД елдерінің экономикалық өсімі шикізат бағасының екі есе өсуімен тың серпін алады деген пікір бар. Бұл, әрине, алдымен Қазақстанға қатысты. Сонымен қатар, өткен аптада заманауи Жібек жолы көлік дәлізі арқылы Қытайдан Британия астанасы Лондонға алғашқы жүк пойызы өтіп, Қазақстан арқылы тасымалданатын тауар көлемінің көбеюіне сеп болды.

Түркіменстан мен Иран арасындағы сауда айналымы биылдан бастап еселеп өскені байқалады. Түркияның Анадолы ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Иранның Түркия мен өзге де аймақ елдеріне экспорттайтын табиғи газы сұранысты жаба алмай жатқан көрінеді. Соның нәтижесінде парсы елі енді Түркіменстаннан тартатын көгілдір отынға сұранысты ұлғайтпақ.

Бұдан бөлек, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қариннің пікірінше, Қытайдың Орта Азия елдеріне құятын инвестициясы да биылдан бастап арта түспек. Бұл, әрине, Қытай үкіметінің өзінше ойластырған сыртқы саяси ұстанымы. Естеріңізде болса, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Азия инфрақұрылым инвестиция банкі жұмыс істей бастаған. Халықаралық банктің негізгі салымшысы – Қытай үкіметі. Оған жалпы капиталдың үштен бірі тиесілі болса, екінші ірі инвестор Үндістан, одан кейін Ресей. Қазақстанда акционер ретінде кіретін ірі халықаралық банктің негізгі бағыты – Орта Азия мен Оңтүстік Шығыс Азия елдеріндегі дамушы мемлекеттердің инфрақұрылымына қаржы салу. Тұтастай Азия елдерін қамтып аларлық ірі жобаны бірер жылда Дүниежүзілік банкпен бәсекелес болатынын болжаушылар да жоқ емес.

Жалпы Орта Азия елдерінің соңғы бірнеше жылда әлемдік саясат пен экономикада көпшіліктің назарына ілінбей, бір шетте бөлініп қалғаны жасырын емес. Былтыр Жапония премьері Синдзо Абэнің өңірге жасаған мемлекеттік сапары, АҚШ мемлекеттік хатшысының туры өңірдің экономикалық әлеуетінен үміт күттіретінін көрсетсе керек.

Бұл тұрғыда аймаққа Қытай инвестициясының әлеуеті жоғары. Қазақстанның шикізат қоры мен ауыл шаруашылығы саласына қаржы салған Қытай Тәжікстанның инфрақұрылымын жақсартуға бет бұра бастаған. Өткен аптада Атамбаевтың Бейжіңге жасаған сапарында Қытай үкіметі Қырғызстанның экономикасына да бейжай қарай алмайтынын білдірген болса керек.

Жылдар бойы жалғыз жатқан Өзбекстан бұдан былай көршілермен интеграциялық қатынастарға бет бұратыны байқалады. Шавкат Мирзиеев билігі ә дегеннен-ақ бірнеше елмен визалық режимді алып тастап, алдымен Ресеймен, кейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігімен байланысты нығайтты. Нәтижесінде елдің оңтүстік өңірі мен Ташкент арасында ауқымды көлік қатынасы ашылды.

Өзбекстанның артынша саяси жүйенің өзгеруін Түркіменстан да бастан кешуі мүмкін. 2017 жылға белгіленген Түркіменстанның президенттік сайлауы бұрынғыдан өзгерек болуы ықтимал. Өйткені алдағы сайлауға елдің үш партиясы өз кандидатурасын ұсынып, саясаттанушылар олардың мүмкіндіктерін тең бағалап отыр.

Ерлан Қариннің пікірінше, келер жылғы Қырғызстандағы сайлау болса, мерзімінен бұрын өткізілуі мүмкін. Өзгелерге қарағанда Қырғызстан билігі бұл жолы сайлауды барынша жеңіл өткізуге тырыспақ.

Өңірдің еуразиялық кеңістіктің қақ ортасында орналасуы мен игерілмеген шикізаттық қоры ірі компанияларды да, жекелеген үкіметтерді де қызықтыратыны рас. Дегенмен өңірдің географиялық орналасуында кері әсер ететін факторлар да баршылық.

Ерлан Қариннің айтуынша, Ирак пен Сириядағы лаңкестердің ерте ме, кеш пе біздің өңірге қарай бет алуы әбден мүмкін. Сирия мәселесінің соңғы бірнеше аптада бір жақты болып келе жатқанын сарапшылар бір ауыздан айтып отыр. Алдымен Ресей, Иран, Түркия үштігі аймақтағы бұл жердің тағдырын шешуде батыс елдерін біржола бөліп тастағанының өзі мәселені біржақты еткен. Астананың бұл тұрғыда модератор болуына қарасақ, аталған үштіктің мәселені тек оған қатысы бар немесе кесірі тиюі мүмкін елдер ғана шешуі керек дегенге ұқсайды.

Егер Сирия мәселесі алдағы бірер жылда шешілетін болса, онда содырлардың ендігі лаң көрсететін жері Орта Азия елдерінің бірі болуы мүмкін дегеннің айтылғанына көп болды. Бұл тұрғыда Қазақстан стратегиялық зерттеу институты жалғыз шешім ретінде өңір елдерінің тізе қосып жұмыс істеп, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында әрекет ету екенін алға тартады.

"Сирия дауы басталғалы ұмыт қалған Ауғанстан мәселесі бүгінде оңалды дейтіндер қателеседі", – деген Ерлан Қарин АҚШ әскерінің толығымен кетіп қалған кезінде ескі дерттің қайта сыздауы мүмкін екенін айтты. Бұрынғыдай емес, Ауған үкіметі қазір өзін-өзі қорғай алатын деңгейге жеткенімен, әлі де болса сыртқы күштердің қолдауына мұқтаж екені анық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу