Өскеменде Қытай нарығына бағытталған зауыт ашылады

Шығысқазақстандықтар бал мен майды қытайлықтардың жеңсік асына айналдырмақшы.

Өскеменде Қытай нарығына бағытталған зауыт ашылады

Шығыс Қазақстанда тағы бір май зауыты салынады. Қытай нарығына ғана жұмыс істейтін бұл кәсіпорын өңірдегі барлық диқандарды бір акционерлік қоғамға біріктірмек.

Қытай нарығының құлпын ашу шығысқазақстандық шаруалар үшін тағдыршешті мәселе. Бізге ең жақын орналасқан Шыңжан өлкесінде ғана 28 млн халық тұрады. Бұл игерілмей жатқан экспорттық әлеуетті іргеміздегі көршіміз арқылы пайдаға жаратуға болады деген сөз.

Біздің табиғи өнімдер ол жақта үлкен сұранысқа ие. Біз бұған шекаралық ынтымақтастық аясында өткен бірнеше жәрмеңкеде көз жеткізгенбіз.

Өткен жылы екі елдің мемлекет басшылары агроөнеркәсіп саласындағы ұзақмерзімді серіктестікті одан әрі нығайту мәселесін мықтады. Нәтижесінде арадағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріліп, алдағы 2 жылда Өскемен қаласының аумағынан ауылшаруашылық тауарларын Қытай стандарттарына сай сертификаттайтын зертхана құрылатын болды. Бұл келісім "China-EurasiaExpo 2016" халықаралық көрмесі кезінде ресми рәсімделді.

Жобаның тезірек жүзеге асуын шаруа қожалықтары мен кооперативтер асыға күтуде. Шығысқазақстандықтар қытайлықтарға ет өнімдері мен күнбағыс майын, бидай, бал және панта ұсынады. Олардың нарығы біздің өнімдерді талап алуға даяр. Алайда бір мәселе бар, ол – сапа стандарты. Яғни Қытай Қазақстаннан келетін өнімдерді шекарадан өз талаптарына сай өткізеді. Зертхана іске қосылғаннан кейін шекараның арғы бетінде сұралатын барлық құжатты Өскеменде "бір терезе" жүйесі арқылы реттеуге мүмкіндік туады.

"Жетпісінші, сексенінші жылдары бір ғана Шығыс Қазақстанның омарташылары жылына 50 мың тонна бал өндіретін. Қазіргі қарқын 5-10 мың тоннадан аспайды. Бұл өз ішімізде балға деген сұраныс аз екенін көрсетеді. Қытайға жол ашылса, сұраныс еселеп артар еді. Біздің одаққа бес облыстан мың жарым омарташы біріккен. Егер зертхана ойдағыдай жұмыс істеп, Қытайға бал өткізу ісі оңтайланатын болса, бір жылдың ішінде-ақ бал өндірісін жеті мың тоннадан 15-20 мың тоннаға жеткізуге болады", – дейді "Алтай балы" омарташылар одағының төрағасы Геннадий Калер.

Көршіміз стандарттау және сертификаттау саласындағы серіктестікке 2000 жылдан бері басымдық беріп келеді. Әуелі АҚШ және Батыс Еуропа елдерімен тығыз байланыс орнатса, енді Ресей, Иран, Қазақстан мемлекеттерімен серіктес болмақшы.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаевтың айтуынша, қытайлықтардың стандарттау жүйесінде техникалық регламент жоқ. Есесіне тауар айналымына қатысты 194 мыңнан астам стандарт бар. Оның өзі ұлттық, кәсіби, жергілікті және кәсіпкерлік болып төртке бөлінеді.

"Біз осылардың ішінде ұлттық стандарт бойынша жұмыс істейміз. Өйткені ол Қытайдың барлық аумағына жарамды", – дейді басқарма басшысы.

Зертханада кем дегенде 8 маман жұмыс істеуі қажет екен. Олардың бесеуі фитосанитар, үшеуі ветеринар болуы тиіс. Көршілеріміз аталған мамандарды өз базаларында оқытуға дайын.

Облыс әкімі Даниал Ахметов зертханаға қойылатын аса қымбат қондырғыларды Қытай тарапы ұсынатынын айтты.

"Қытайдағы импортқа қойылатын стандарт АҚШ-тың талабынан да қатаң. Біздің өнімдер барлық талаптарға сай. Тек соны зерттеу нәтижелері арқылы бекітіп отыру қажет. Зертхананы келесі жылы ашуды жоспарлап отырмыз. Қытайлық серіктестер тиісті қондырғыларды өздері орнатуға дайын", – деді облыс әкімі.

Айтпақшы, зертхана бекерден-бекер Өскеменде ашылайын деп жатқан жоқ. Өскемен-Майқапшағай бағытындағы халықаралық жол 2018 жылы толық жөнделіп бітеді. Осының арқасында тасымалдаушылар өнімді бір күннің ішінде көрші елге жеткізетін болады.  

Әзірге Қытай нарығына кедергісіз өтіп жатқан өнім күнбағыс майы болып тұр. Сұраныс болған соң оның өндірісі де қарқынды.

Республика бойынша өндірілген күнбағыс майының негізгі бөлігі Шығыс Қазақстанның үлесінде. Қазақстан бойынша барлық тазартылмаған майдың 82,9%-ын, тазартылған майдың 52,3%-ын шығысқазақстандық май зауыттары өндіріп отыр. Осының арқасында елдегі сұйық майға деген сұраныстың 70%-ын отандық зауыттар өтеп, импортты ығыстыра бастаған. Ал экспортталатын күнбағыс майының көлемі өткен жылмен салыстырғанда төрт есеге артқан.

Айта кетейік, "Май", "Востоксельхозпродукт", "Өскемен май зауыты" сияқты ірі өндірушілердің қатарына 2019 жылы тағы бір май зауыты қосылады.  

"Бұл зауыт тек Қытайдың сұранысы үшін жұмыс істейді. Майдың сапасынан бөлек, оның қаптамасының сапасына да көңіл бөлінеді. Алдағы уақытта қазіргідей пластик құтыларды қойып, еуропалық стандарттарға сай қаптамаларға көшеміз", – дейді облыс әкімі.

Даниал Ахметовтың айтуынша, Өскеменде бой көтеретін жаңа зауытқа облыс орталығынан инфрақұрылымы дайын жер телімі беріледі. Қажет болса "Даму" қоры арқылы 7,5 жылға 8%- бен несие ұсынылуы мүмкін.

"Облыста Шемонаиха, Глубокое, Зырян және Бородулиха сынды астықты аудандар бар. Осы аудандардағы диқандар бір акционерлік қоғамға бірігіп, өсірген күнбағыстарын жаңа зауытқа өткізеді. Бір сөзбен айтқанда, барлығы жаңа зауыттың акционері атанады", – деді Даниал Ахметов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу