Жемқорлар 1,5 млрд теңгені жеп қойды

Қазына қаржысына қол сұғудың шығысқазақстандық үлгісі жаға ұстатты.

Жемқорлар 1,5 млрд теңгені жеп қойды

Шығыс Қазақстанда жұмыспен қамту саласына бөлінген қаржы талан-таражға түсіп, қолды болған. Облыстық прокуратура осындай қорытынды шығарды.

Бұған дейін "Жұмыспен қамту-2020", "Өнімді жұмыспен қамту", "Кәсіпкерлікті дамыту" сынды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру көрсеткіші бойынша ШҚО үнемі алдыңғы орыннан көрініп жүрді. Тіпті жұмыспен қамту орталықтары арқылы шағын несие алғысы келетіндердің саны артуына байланысты республикалық бюджеттен қосымша қаржы сұраған кездері де болды. "Бақсақ, бақа екен" демекші, мұның артында құлқынға құныққандардың бас пайдасы мен бақай есебі тұр екен.

Облыстық прокуратураның тексерісі әшкерелегендей, жоғарыдағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда 12 мың заңсыздық анықталған. Салдарынан қазына қаржысының 1,5 млрд  теңгесі тиімсіз жұмсалған.

Прокурорлар ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бөлінген несиені мақсатсыз жұмсау фактілерін тіркеген. Бұл туралы облыстық прокуратураның қоғамдық мүддені қорғау басқармасының басшысы Ержан Рысбаев: "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ-ның облыстық бөлімшесі жергілікті салық органдарында тіркелмеген 24 азаматқа 51 млн теңгеден астам қаржыны негізсіз берген. Несие алғандар ақшаны оңды-солды шашып, мақсатсыз жұмсаған. Мысалы  Т. деген азамат 15 бас  ірі қара сатып алу үшін берілген 3 млн  теңгеге өз атына жылжымайтын мүлік рәсімдеген", – деді.  

Оның айтуынша, 37 адам мал сатып аламыз деген желеумен 82 млн теңгеден астам несие алып, бір айдан кейін кәсіпкерлік қызметін тоқтатқан. Бұдан бөлек жалған құжат арқылы еңбекақы алып келген 39 жалған жұмысшы анықталған. Бұдан мемлекетке 6 млн теңге шығын келген. Оның 2 млн теңгесі бюджетке қайтарылған. Қалған ақшаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған.

"Заңға қайшы әрекеттер жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінің көмегімен жүзеге асырылған. Мысалы Абай ауданында жергілікті кәсіпкер орталық өкілдерімен сыбайласып, қағаз бетіндегі жұмысшыларға жалақы ретінде бөлінген 500 мың теңгені жымқырған. Ал шын мәнінде ешқандай жұмыс орны да, жұмысшы да болмаған", – деді  Ержан Рысбаев.

Басқарма басшысының баяндауынша, ішкі көші-қон саласында да бірсыпыра былықтың беті ашылған.

"Семей қаласының жұмыспен қамту орталығына болашағы бұлыңғыр деп танылған Айнабұлақ, Знаменка, Таңат және Приреченское ауылдық округтерінен қала маңындағы елдімекендерге көшу туралы 11 өтініш келіп түскен. Өтініш иелеріне 11 пәтер бірілген. Тексеріс барысында көші-қон полициясы өтініш берген отбасылар жоғарыда көрсетілген жерлерде бұрын тұрмағанын анықтаған. Олар бұл округтерге өтініш берерден бірнеше күн бұрын ғана тіркелген. Жалған қоныс аударушыларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген 11 пәтер қайтарып алынатын болды", – деді  Ержан Рысбаев.

Оның айтуынша, несиені мақсатсыз жұмсау және сеніп берілген мүлікті ысырап ету фактілері бойынша осыған ұқсас 15 іс сотқа дейінгі тергеуге жіберілген.

"Алдағы уақытта оңай олжаға қызығып, қазына қаржысын қара басының қажеттілігіне  жұмсамақ болған лауазымды тұлғалар сот алдында жауап береді. Талан-таражға түскен 1,5 млрд теңгенің әзірге 471 млн теңгесі бюджетке қайтарылды. Қалған қаржыға қатысты іс жүріп жатыр", – деді облыстық прокуратураның қоғамдық мүддені қорғау басқармасының басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу