Осы қыста тағы қандай қалаларда апат болуы мүмкін?

4116

Қауіп төнген қалалар қатарында Астана, Петропавл, Павлодар, Семей, Тараз, Қарағанды қалалары бар. 

Осы қыста тағы қандай қалаларда апат болуы мүмкін? Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысының Екібастұз қаласындағы жылу-электр орталығындағы апат отандық жылу энергетикасында ауыр ахуал қалыптасқанын паш етті. Толыққанды инвестиция салынбауы салдарынан тозу деңгейінің "шыңына жеткен" энергетикалық қуаттылықтар алдағы жылдары бірінен соң бірі күйрей бастауы мүмкін деген сарапшылардың үрейлі болжамы шындыққа айнала бастағанға ұқсайды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Мұның алдында, қарашада билік Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында төтенше жағдай режимін жариялауға мәжбүр болды. Ондағы жылу-электр орталығында (ЖЭО) болған кезекті апат салдарынан шаһар жылусыз қатып қалды. Барлық оқушылар қашықтан оқуға көшірілді. Балабақшалар жаппай жабылды. Соған қарамастан жергілікті тұрғындарға берілмеген жылу үшін ақы талап еткен түбіртектер жолданған. Жаураған жұртшылық жандәрмен электр жылытқыштарды сатып алып бір шығындалса, солар арқылы электр есептеуіштерінің тілін зымыратып, қуатқа тағы шығындалды.

Жылу беруді жедел қайта қалпына келтіру мүмкін болмапты: арада екі апта өтсе де, жергілікті тұрғындар үйлері жылымағанына, ыстық су жоқтығына шағымданды. Аймақ басшысы проблеманың туындауына орталық басшылығының жұмысына салғырттығын, бақылаудың болмауын, сондай-ақ мазутқа су араластырылуын айыптады. Қалалық ЖЭО-да 3 қазандық жұмыс істеп тұр: біреуі ғана жоғарғы қысымды, қалған екеуі – орташа қысымды. Бірақ пәтерлерде жылу орта есеппен 20 градусты құрады.

Енді елді ақшұнақ аяз қысуда. Салдарынан тозған жабдықтар мен қазандықтар жоғары жүктемеге шыдамай, жаппай бұзыла бастауы ғажап емес. Қыстың салаға арнаған нағыз сыны – алда.

Ақпарат құралдары мен қоғам белсенділері Екібастұздағы апат – олигарх Александр Клебановтың бақылауындағы ЖЭО-ларда бір жылда орын алған екінші апат екеніне назар аудартады. Себебі, Екібастұз ЖЭО-сын басқаратын "Экибастузтеплоэнерго" ЖШС – "Павлодарэнерго" АҚ құрылымындағы еншілес кәсіпорын. Өз кезегінде бұл акционерлік қоғам Клебанов бақылауындағы "ЦАЭК" ("Центрально-Азиатская электроэнергетическая корпорация") АҚ құрамына кіреді.

"Бұдан бұрын, бір жылдан аз уақыт ішінде басқа оқиға болды: биылғы 20 наурызда Петропавл ЖЭО-2-де үш мұржа-мұнараның бірі құлады. Соның кесірінен кәсіпорынның қызметкер әйелі үйіндінің астында қалып, қаза тапты. Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалды. 16 маусымда Петропавл ЖЭО-2 жұмысын қалыпқа келтіру үшін 17,5 миллиард теңге шығындау қарастырылып отырғаны мәлім болды. Апаттың себептерінің бірі ретінде Клебановтың бағыныштылары тарапынан тиісті бақылау болмағаны аталды. 11 тамызда "Экибастузтеплоэнерго" ЖШС Екібастұздың ЖЭО-сы мен жылу желілерін ұстап тұруға өзінің шамасы жетпейтінін мәлімдеді. Бұл ретте Екібастұздың олигархқа тиесілі жылу желілері 70%-дан астамға тозғаны анықталды", – деп жазды КазТАГ.

Енді міне, 30 градус аязда қала жылусыз қалып отыр.

Салада үлкен проблемалар қордаланғанын билік те мойындады. Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаментінің ақпаратынша, қазіргі кезде монополистер уәкілетті органды тиісті түрде ақпараттандырмайды. Сондықтан алпауыттарды есеп беруге міндеттеу үшін "Жылу энергетикасы туралы" заңына өзгерістер әзірленіп жатыр.

"Енгізілетін түзетулер жылыту маусымы кезінде жылумен қауіпсіз жабдықтауды қамтамасыз етуге көмектеседі. Өйткені қазіргі кезде меморгандарда ақпараттың болмауы жылу энергиясының тапшылығын болдырмауға бағытталған шаралар қабылдауға мүмкіндік бермейді. Тиісті ақпараттың болмауы азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жылу энергиясының тапшылығын және апат қаупін тудырады. Тұтынушылар қажетті жылудан жаппай қол үзеді. Бүгінде жабдықты, қазандықты, турбинаны және басқасын жөндеуге шығарса, немесе жылу көздерін қолданыстан шығарса, кәсіпорынның ол туралы меморгандарды хабардар ету талабы көзделмеген. Салдарынан, қазіргі уақытта Қазақстанның бірқатар қалаларында жылу энергиясының тапшылығы қалыптасуда", – деп хабарлады ведомство. 

Департаменттің мамандары қауіп төнген қалалар қатарында Астана, Петропавл, Павлодар, Семей, Тараз, Қарағанды қалаларын және осы өңірлерді атады. Басқаларында да ахуал күрделі көрінеді. Елордада жылу қуатының тапшылығы кесірінен жаңадан бой көтерген бірнеше тұрғын үй кешені жылу көздеріне қосыла алмай, қолданысқа берілмеді. Астананың өзінде құрылысы аяқталған жаңа ТК-ларда пәтеріне кіріп алған тұрғындарға биылғы қыста электр жылытқыш жағуына тура келуде. Қала әкімдігі олар тек 2023-2024 жылу маусымында ғана жылу көзіне – жаңа ЖЭО-3-ке қосылуы ықтимал деп отыр.

Жаңа заңнамалық түзетулер мен тетіктер меншік құқығына қарамастан, жылу көздері мен жылу желілерін пайдаланатын жылумен жабдықтаудың барлық субъектілеріне, соның ішінде монополистерге де қолданылады. Олардың бәрі жылу-электр станциялары мен орталықтарындағы ахуал туралы, сондай-ақ қандай да бір жабдықты жөндеуге шығаратыны жөнінде меморганға хабарламаны жазбаша нысанда жолдауға міндеттеледі.

Қазақстан қызметіне жүгінген халықаралық консультанттар да саладағы ахуалдың ауыр екенін растады. Дүниежүзілік банк пен Азия банкінің деректерінше, қазіргі уақытта Қазақстан қалаларының коммуналдық инфрақұрылым объектілерінің, жабдықтардың орта есеппен 75%-ы ауыстыруды немесе жаңғыртуды қажет етеді.

"Ал аудандық жылу желілерінің 80%-ы ескірген. Соның кесірінен жылу энергиясының үлкен бөлігі жолай босқа шығын болады. Моно және шағын қалалардың проблемаларының бірі – инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның қанағаттанарлықсыз күйге жетуі болып табылады. Су, кәріз, жылу және электр желілерінің жоғары дәрежеде тозуы айтарлықтай қаржылық инвестицияларды қажет етеді", – делінген халықаралық институттар есебінде.

Нәтижесінде, жылдар бойы қаржы салмай, әбден ескі-құсқы күйге түсірген жылу орталықтарының ауыртпалығын монополистер мемлекетке аса салуы да мүмкін.

Сала қазіргі тұйықтан шығуы үшін біраз жыл кетпек.

"Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 2014 жылы 2 500-ден астам қазандық болған. Сонымен бірге қолданыстағы заңнама жылу өндіретін субъектілерді ақпарат ұсынуға міндеттемейді. Атап өтетін жайт, істен шыққалы тұрған жабдықтарды ауыстыру бойынша уақытылы шаралар қабылдау үшін іс-шаралардың кешенін жүзеге асыру қажет болады. Оның ішінде жобалау-зерттеу және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу керек. Олардың бәрін аяқтау 5 жылдан артық уақытты талап етеді", – делінген Энергетика министрлігінің жаңа талдауында.

Министрліктің дерегінше, ел бойынша ЖЭО-лардың негізгі жабдықтарының тозу көрсеткіші орта есеппен 55,42%-дан асты. Тозудың ең жоғары деңгейі Жамбыл облысында – 89,3%.

Ал ел бойынша жылу желілерінің тозуы орта есеппен 59%-дан асты.

Сонымен бірге Энергетика министрлігі жылу энергетикасының жоғары апаттылық дәрежесіне жеткеніне назар аударды: жекелеген өңірлер бойынша жыл сайын әрбір шақырым құбырға шаққанда 1-ден 10-ға дейін зақымдану, бұзылу, апат болуы оқиғалары тіркеледі. Салыстырсақ, Еуропада бұл көрсеткіш жылу желісінің әр шақырымына шаққанда 0,1 оқиғадан аспайды.

Қазақстандағы жылу және бу желілерінің жалпы ұзындығының 28%-ы немесе 3 220 шақырымы шұғыл жаңартуды қажет етеді.

Мұның бәрі тек ресми деректер: әкімдіктер, коммуналдық қызметтер, монополистер жоғарыдан тексерушілер сау ете қалмауы, мазаламауы үшін көрсеткіштерді қолдан "көркемдеуі" ғажап емес.

Бірақ осының өзі Қазақстанның қысқа қандай күйде енгенін көрсеткендей. Мұндай масқара жағдайды тек қырғын соғыс болып жатқан елдермен салыстыруға ғана жараса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу