Отандық өндірістер тек телекөпірде танылып, кейіннен жоғалатыны несі?!

3320

Телекөпірде ғана танылып қалатын отандық кәсіпорындардың өнімдері халыққа белгісіз болып келеді.

Отандық өндірістер тек телекөпірде танылып, кейіннен жоғалатыны несі?! Фото: bnews.kz

Жердің асты мен үстіндегі қазбаға сеніп келген Қазақстан соңғы 5-6 жылда өнеркәсіп пен әртүрлі индустрияны дамытуға ден қойды. 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық инновациялық даму бағдарламасын қабылдай отырып, үкімет елдің төрт өңірі арасында зауыт ашудан "жарыс" ұйымдастырып келеді. Міне, кеше де Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен кезекті телекөпірде өңірлерде 23 жоба іске қосылды. Олардың арасында, құрылысы басталған жобалар да бар.

Жалпы, үкімет ИИД бағдарламасын қабылдағаннан кейін елімізде бұрын-соңды кездеспейтін зауыттар ашыла бастады. Қазақстан пойыз вагондарын да, құрылыс материалдарын да, терезе шілдерін де, тіпті, автөкөлікті де отандық өнімге айналдыруды көздеген болатын. Бірақ, саны көп зауыттардың сапасы қандай еді? Бұл жерде, зауыттың сырты мен іші емес, сол кәсіпорын шығаратын өнімнің сапасы сөз болғалы отыр.

Бағдарлама аясында шыққан кез келген дүние бәсекелес ортада бармағын тістеген баланың күйін кешіп қалмай ма деген қауіп бар. Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбектің ақпаратына сүйенсек, ИИД бағдарламасы аясында іске қосылған жобалар 2016 жылдың 1-тоқсанында осы уақыт ішінде өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемінің 20 пайызын ғана құраған екен.

Ал индустрияландыру бағдарламасының алғашқы бес жылдығында бағдарлама аясындағы жобалардың берген өнімі бүкіл өнеркәсіп өндірген өнімнің 10 пайыздық үлесіне әрең жеткен. Бұл жерде, Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында 4 трлн теңгенің 961 жобасы іске қосылғанын ескерсек, бұл кәсіпорындардың тек жүзге жуығы ғана тұрақты өнім береді деген сөз.

Қазақстан ауыр өнеркәсіптен жүз пайыз пайда көрудің амалын соңына дейін таппаған соң, елде жеңіл өнеркәсіпке желіккендер көбейді. Кілем өндіріп, киім тігемін деген зауыттарға да мемлекеттен қаржы бөлінді. Қолда бар мүмкіндіктерге қарамастан, Қазақстан киім-кешек пен тұрмыстық ұсақ-түйектің көбін әлі сырт елдерден импорттайды. Дүкендер мен базарлардағы Түркия, Қырғызстан елдерінде тігілген қатар-қатар киім-кешек – бұның бұлтартпас дәлелі.

Статистикалық көрсеткіштер де әзірге көңілден шықпай тұр. Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті дамытудың қазіргі заманғы жай-күйіне тоқталар болса, өңдеу өнеркәсібінің құрылымындағы жеңіл өнеркәсіп үлесі 1,1%. 2015 жылғы жеңіл өнеркәсіпте 1534 кәсіпорын тіркелген, оның ішінде, 20 – ірі, 35 – орта және 1479 шағын кәсіпорын. Кәсіпорындардың басым бөлігі (874) киім өндірісінде шоғырланған, 476 кәсіпорын тоқыма бұйымдарын және 184 кәсіпорын былғары және оған қатысты өнімді шығарумен айналысады. Жеңіл өнеркәсіптегі ірі кәсіпорындардың жартысы (9) Оңтүстік Қазақстанда орналасқан.

Бұл, бірінші кезекте, шикізат нарығының жақын орналасуына және еңбек ресурсына байланысты. Инвестиция және даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, тіркелген кәсіпорындардың 58%-ы ғана жұмыс істеп тұр. Ірі бизнес нарықтағы тербелістерге өте тұрақты, ал шағын бизнес, бұған дейін айтылғандай, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 90%-ы ғана. Бағасы жөнінен, оның ішінде, ҚР және өзге де елдерге жеңіл өнеркәсіп өнімдерін импорттайтын шетелдік компаниялармен де бәсекелесе алмайды екен.

"Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен"

Қош, сонымен, Қазакстан нарығын өзіміздің өніммен толтыру үшін де біраз шара қолданылды. Жеке кәсіпкерлер де жеңіл өнеркәсіп салаларын игеруге көшті. Бірі кілем шығарды, екіншісі тоқыма тоқыды, үшіншісі аяқ киім тіге бастады. Бірақ, Қазақстанның осы салаға жауапты жұмысшы органдары болсын, жеке кәсіпкерлер болсын, көбіне отандық өнімдерін жыл сайынғы осы телекөпір кезінде жылт еткізеді де жоқ болады.

Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін Жалпыұлттық телекөпірлер кезінде осы уақытқа дейін жеңіл өнеркәсіп саласындағы бірнеше кәсіпорын іске қосылғанмен, олардың Қазақстан нарығын игеріп келе жатқаны байқалмайды. Өйткені, қай қаланың болсын сауда орталықтары батыстық бренд пен шетелдік өнімге толып тұр. Астанада отандық тауарларды сататын универмаг ашылған еді. Мемлекет басшысы мен қаланың бұрынғы әкімі Әділбек Жақсыбеков аралап көргеннен кейін бұл универмагтың тауарларын тұтынған шенеуніктерді көрген ешкім жоқ. Тіпті, қарапайым халықтың да универмагқа сыймай, кассасына кезекке тұрғаны айтылған емес.

Ең өкініштісі, отандық тауарды дамытамыз, олардың жарнамасын жетістіреміз деген жауапты адамдар Қазақстанның жеңіл өнеркәсібіндегі, азық-түлік өнеркәсібіндегі тауарлардан бейхабар. Мысалы, 2016 жылдың шілдесінде "NADLoC жүйелі қолдау шаралары мен жергілікті үлестің идеологиясын дамыту жөніндегі орталықтың директоры Әсемгүл Балықбаева мен "Қазақстанда жасалған" тауар өндірушілер мен кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры Талғат Асылбаев журналистерге арнап брифинг өткізген болатын. Әдеттегідей, құрғақ баяндама дайындап келген спикерлер журналистерден тосын сұрақ күтпегені көрініп тұрды. Сонда, спикерлер "NADLoC" отандық тауар өндірушілерге бірқатар қолдау көрсетеді.

Біріншіден, ақпараттық қолдау көрсетеді. Қазақстандық үлес туралы интернет портал ашылды Сондай-ақ индустрияландыру картасына енген жобаларға сараптама жүргізіп береміз десе де сараптаманың нақты нәтижесін жария ете алмаған еді. Қазақстанда жасалған қай тауар шетелде танымал деген сұраққа жауап берген Әсемгүл Балықбаеваның аузына тек "Қазақстан" шоколады түскен еді. Сонда, Индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған Оңтүстік Қазақстандағы кілем тігетін зауыт, Елбасы үнемі үлгі етіп жүрген қазақстандық костюм, Мемлекет басшысы былтырғы телекөпірде ашып берген "Әлем БТ" тоқыма фабрикасы отандық өнім емес пе?

Жыл сайын телекөпір кезінде ғана танылып қалатын осындай отандық кәсіпорындардың кейінгі жұмысы, орындаған міндеттері қарапайым халыққа белгісіз болып келеді. Кешегі жалпыұлттық телекөпір кезінде де Нұрсұлтан Назарбаев италиялық технологиямен сәнді аяқ киім шығаратын өндірісті іске қосты.

"Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Осыдан бір жыл бұрын, біздің "Қазлегпром" фабрикасына келгеніңізде, Сіз бізге халық үшін модельді аяқ киімнің жаңа өндірісін құруды тапсырдыңыз. Сіздің тапсырмаңыз орындалды! Бүгін италиялық технологиямен сұрыптамасы кең аяқ киім өндірісі іске қосуға дайын. Ал жобаның орындалуы аяқ киім нарығындағы импортты алмастыруды қамтамасыз етеді. Құрметті Елбасы, ұжымымыздың атынан Сіздің отандық жеңіл өнеркәсіпті қолдағаныңызға және Сіз жүргізіп жатқан Индустрияландыру саясатына зор ризалығымызды білдіреміз", – дейді "Казлегпром-Алматы" ЖШС-нің директоры Айбек Бектұрғанов.

Мемлекет басшысы оған: "өзіміздің жеңіл өнеркәсіпті қолдау керектігін үнемі айтып жүрмін. Фабрикаларыңда болдым. Жаңадан өндіріс шығарады дегеннен кейін жиналысқа сендердің костюмдеріңді киіп келдім. Аяқ киімдеріңді де сатып алдым. Қазір аяғымды көтеріп, көрсете алмаймын. Сендердің аяқ киімдеріңді көріп отырмын. Осында отырған жұртшылыққа, қазақстандықтарға өзіміздің жеңіл өнеркәсіпті қолдау үшін өз тауарларымызды сатып алуға шақырамын. Әрі қарай осыны өндіріп, бәсекеге сай болып, француздардан да, итальяндықтардан да кем шығармайтын болыңдар", – деген міндет жүктеді.

Бектұрғанов мырза міндетті орындай алатын болса, енді Қазақстанның сауда орталықтарындағы бутиктерде Италия мен Түркия елінде емес, Қазақстанда тігілген сәнді аяқ киімдер толып тұруы керек. Бұны әрине уақыт көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу