Отандық уран таблеткалары қалай дайындалады?

3093

Елімізде уран таблеткалары мен жылу бөлетін құрамалар шығарумен айналысатын бірегей өндіріс ошақтары Өскеменде орналасқан.

Отандық уран таблеткалары қалай дайындалады? Фото: Қазатомөнеркәсіп

Оның ішінде 1949 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Үлбі металлургия зауытында отын таблеткалары шығарылады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Бұл кәсіпорын – уран, бериллий, тантал және ниобий өнімдерін өндірушілердің бірі. Ал, 2021 жылы іске қосылған "Үлбі-ЖБҚ" зауыты Қытайдағы атом электр станциялары үшін жылу бөлетін құрамалар өндірісімен айналысады. Өткен аптада журналистер тобы аталған зауыттардың жұмысымен танысып қайтқан болатын. Стратегиялық маңызды нысан болып есептелетін екі кәсіпорынның   қайнаған қызу тіршілігі материалымызға арқау болмақ.

Отын таблеткаларының негізгі тұтынушысы – Қытай

Үлбі металлургия зауыты (ҮМЗ) мен "Үлбі-ЖБҚ"-ның жұмысы бір-бірімен тығыз байланысты. Екі кәсіпорын бір өндірістік аумақта орналасқан. Баспасөз туры ең әуелі уран таблеткалары өндірісінен басталды.

Зауытта қолданылатын негізгі шикізат – уран республикамыздың оңтүстік аймағынан алынатыны белгілі. Өндірісте төмен байытылған уран қолданылады.

ҮМЗ – "Қазатомөнеркәсіп" ҰҚ" АҚ еншілес ұйымы. Кәсіпорын 1997 жылдан бастап аталмыш ұлттық компания құрамына кіреді.

"Кәсіпорындарға жіберілетін шикізаттан уран гексафториді жасалады. Содан кейін бұл гексафторид байыту зауыттарына жіберіліп, оны уран-235 изотопы бойынша байытады. Атом энергетикасы 5 пайызға дейін байытумен жұмыс істейді. Гексафторид алынғаннан кейін ол біздің цехқа түседі. Біз оны қатты күйден газға, содан кейін сұйық күйге ауыстырамыз. Бұл ерітіндіні тазартып, одан соң аммиак тұндыру әдісімен уран диоксиді ұнтағын аламыз", - деді "Үлбі металлургия зауыты" АҚ уран өндірісі бойынша директордың орынбасары Алексей Болтанов журналистерге арналған баспасөз турында.

Нормативтік құжат талаптарына сәйкес болған жағдайда ғана бұл ұнтақ таблетка жасауға жіберілетін көрінеді.

Уран таблеткалары цилиндр пішінді болып келеді. Сондай-ақ Алексей Болтанов бір таблетканың өзі 700 келі көмірдің қуатымен пара-пар энергия бөлетінін тілге тиек етті.  

Ядролық отынның маңызды бөлшегін дайындап шығару бірнеше кезеңді қамтитын қиын әрі ұзақ процесс екенін көрдік. Өндіріс орны тәулік бойы жұмыс істейді. Бір ауысымда түрлі учаскелерге бөлінген 10-ға жуық аппаратшы, бұдан бөлек ауысымдағы шебер, көмекші қызмет өкілдері де бар.

Отын таблеткаларын дайындауда "зергерлік" сатыны атап өтпеске болмайды. Өндірістің бұл сатысында көбінесе әйелдер жұмыс істейді. Соның бірі – аппаратшы Елена Терлецкая. Ол зауытта 1999 жылдан бастап еңбек етеді. Еленаның сөзінше, бұл кәсіпорында оның ата-анасы, ағасы да жұмыс істеген.  

"Біз таблеткалардың ақауын тексереміз. Бір партияда 225 таблетка болады. Қазір осында 7 әйел жұмыс істеп отыр. Әрқайсымыз орта есеппен 8 металл ыдыстағы таблеткаларды дайындаймыз. Жұмысым өзіме ұнайды", – деді ол.

Бүгінгі таңда жұмысшылардың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету зауыттың негізгі бағыттарының бірі болып есептеледі.

Отандық уран таблеткаларының негізгі тұтынушылары – Қытай мен "Үлбі-ЖБҚ" зауыты. Өткен жылы аспан асты еліне шамамен 100 тонна уран таблеткасы жөнелтілген. Бұдан бөлек 100 тонна "Үлбі ЖБҚ" зауытына жіберілді. Кәсіпорынның жалпы қуаты жылына 400 тоннаны құрайды.

Спикерден Қытайдан басқа елдермен жұмыс істеу жоспарда бар ма деп сұрадық.

"Жоспарда бар. Бірақ білесіздер ме, бұл – нарық өте тар. Әлемде бұл өндіріспен айналысатын компаниялар аз. Француздар өздері үшін таблетка шығарады, ресейліктер, америкалықтар да дәл солай. Бұл нарыққа қосылу өте қиын. Иә, маркетингтік қызметтер әрекет етуде. Бізде швед компаниясымен үлкен жоба болды, таблетка өндірісін сертификаттау жоспарланған болатын. Ол таблеткалардың дизайны сәл өзгешелеу. Өкінішке қарай, сыртқы саяси жағдайға байланысты, атап айтқанда логистика бойынша өнімдерді Ресей аумағы арқылы жеткізу керек болатын, бұл жоба тоқтатылды. Жағдайдың жақсаруын күтеміз", – деді Алексей Болтанов.

Бүгінгі таңда Өскемен қаласы бойынша шығарындылардағы "Үлбі металлургия зауытының" үлесі қаланың барлық өнеркәсіптік кәсіпорындары шығарындыларының 0,08 пайызын құрайды. Зауыт басшылығы зауыт экологиялық тұрғыдан таза кәсіпорын болып саналатынын айтты.

"Үлбі-ЖБҚ" зауыты келесі жылы толық қуатына шығады

"Үлбі-ЖБҚ" зауытында Үлбі металлургиялық зауытының қатысу үлесі 51 пайыз болса, қытайлық CGNPC-URC компаниясының үлесі – 49%. Мұнда француздық Framatome компаниясының AFA 3G дизайны негізінде жылу бөлетін құрамалар дайындалады. Осыған дейін айтып кеткеніміздей, бұл өндіріс ошағындағы өнімдер Қытайға жіберіледі.

Құрамалардың іші отын таблеткаларымен толтырылады. Таблеткалар Үлбі металлургия зауытында дайындалады. Бір жылу бөлетін құрама 264 жылу бөлетін элементтен (твэл) тұрады және онда жалпы 450 келіге жуық уран болады. Бір жұмыс ауысымында жоқ дегенде 2 жылу бөлетін құрама дайындалады.

Зауытта жылу бөлетін құрама дайындау, элементтер әзірлеу мен уран металы орналасқан таблеткалар учаскелері бар. Өндірісте робототехника қолданылады.

"Үлбі-ЖБҚ" елімізде ғана емес, сонымен қатар Орталық Азияда АЭС үшін отын өндіретін жалғыз кәсіпорын болып саналады.

Белгілі болғандай, зауыт келесі жылы толық өндірістік қуатқа (ред. – жылына 200 тонна) шығуға ниетті. Биыл кәсіпорын Қытайдағы атом электр станцияларына жылу бөлетін құрамалардың екінші партиясын жеткізген. Бұл – 30 тоннадан астам төмен байытылған уран.

Кәсіпорын Қазақстанда салынатын атом электр станциясына жылу бөлетін құрамаларды жеткізе ала ма? "Үлбі металлургия зауыты" АҚ Басқарма төрағасы Сергей Бежецкийдің сөзінше, бұл таңдап алынатын реактор дизайнына тікелей байланысты.

"Егер қытайлық немесе француз реакторының дизайны болса, мұндай жағдайда жеткізе аламыз. Егер Ресейдің немесе Оңтүстік Корея реакторының дизайны таңдалса, онда жеткізе алмаймыз. Себебі басқа дизайндағы жылу бөлетін құрамаларды құрастыру үшін жаңа учаскені ұйымдастыру қажеттігі туындайды. Егер де бір реактор 35 тонна болса, жоба экономикалық тұрғыдан тартымды болу үшін 200 тонна қажет. Бұл учаскені салу бізге тиімсіз болады. Яғни бұл жағдайда сатып алған әлдеқайда арзан шығады", – деді ол БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде.

Екі зауыт мысалында еліміздегі бейбіт атом саласының даму қарқынын көрдік. Жалпы бұл саланың маңызы мен рөлі жыл санап артып келеді. Дүние жүзінде уран өндіруден жетекші ел саналатын Қазақстанның атом өнеркәсібі жаңа кезеңнің бастауында тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу