Отандық ұшқыштар Air Astana-ның саясатына наразылық білдіруде

2194

Өз мамандарымыз тұрғанда Қазақстанның шетелден ұшқыш іздеуінің жөні бар ма?

Отандық ұшқыштар Air Astana-ның саясатына наразылық білдіруде

Ұлттық авиакомпанияның Ирландиядан персонал іріктеп алуға 2 ай ішінде 1,3 миллиард теңге шығындағаны туралы хабар сала мамандары арасында қызу пікірталас туғызды. Себебі екі жылдай өршіген пандемия және карантиндік шектеулер кезінде отандық авиакомпаниялар персоналын біраз ықшамдаған болатын. Қысқартуға отандық мамандар да іліккен. Енді олардың орнына шетелден жұмыскерлерді алғаны ма? Анық-қанығын білдік.

"Тапсырыс беруші – "Эйр Астана" АҚ-ы. Сатып алу әдісі – бір көзден сатып алу. Лоттардың жалпы сомасы – 1 259 574 120 теңге. Шешімнің жүзеге асырылған датасы – 2020 жылғы 1 сәуір. Жеткізу орны – Ирландия. …Қысқаша сипаттамасы – персоналды іріктеу қызметі. Қосымша сипаттамалары – авиациялық персоналды іріктеу және жалдау қызметтері. Мәртебесі – сатып алу жүзеге асырылды", – делінген "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының сатып алулары порталында орналастырылған тендердің түсініктемесінде.

Жалпы бұл әуе тасымалдаушысы акцияларының бақылаушы пакеті мемлекетке тиесілі. Air Astana-ның 51%-ына "Самұрық-Қазына", 49%-ына британдық BAE Systems PLC иелік етеді.

Сала белсенділерінің бірі Жанат Жиянұлының баласы Елдар көк сеңгірінде самғауды бала кезден армандапты. Ақыры осы жолға түсіп, мамандықтың қыр-сырын меңгерген. Елдар Көлік және коммуникациялар министрлігінің Азаматтық авиация орталығының Астанадағы Мемлекеттік авиациялық орталығында оқып, оны 2012 жылы табысты аяқтады.

"Шеберлігін ұштау үшін ол оқуын жалғастырып, 2014 жылы Алматыдағы "Азаматтық авиация академиясы" АҚ-ның Авиациялық колледжін бітірді. "Ұшқыш-пилот" деген біліктілікке ие. Бұл сала маманнан жоғары жауапкершілікті, жан-жақты біліктілікті талап етеді. Ұшқыштар өмір бойы үйренеді. Ұлым осымен тынбай, 2018 жылы Алматы қаласындағы Азаматтық авиация академиясын да тәмамдады. Оған Авиациялық техника және технология мамандығының бакалавры дәрежесі тағайындалды. Қайда оқыса да, студенттер арасындағы үздігі болды. Алайда әлі күнге дейін мамандығы бойынша жұмысқа тұра алатын емес. Өйткені ұшқыш мамандығы бойынша жұмыс орны шектеулі. Оның үстіне мемлекеттік авиакомпанияның өзі персоналын шетелден алып жатыр дегенді естіп, жігері құм болды. Өз мамандарымыз жоқ емес, жетерлік. Балалық шақтан ұшақты басқаруды аңсады. Қазір жасы 27-де, тепсе темір үзетін шағы", – дейді ұшқыштың әкесі. 

Жанат Жиянұлы баласы мамандықтан түңіліп, арманын құрбан етіп, өмірден баз кеше ме деп қорқады екен. Отандық мамандар топ-тобымен шетелге кетуде. Оның қаупі де бар. Жаһанда соғыс өршіген заманда тіпті азаматтық ұшқыштарды да жеке әскери компаниялар мол ақшамен қызықтырып, өз сапына тартуы ықтимал.

Тек патриоттар ғана елде қалып, әуе тасымалдаушыларындағы қосалқы жұмыстарды атқарып, күндердің бірінде әуе көлігінің тізгінін қолына алуды армандауын жалғастырды. 

Қынжылтатыны сол, соңғы жылдары әлжуаздығын паш етіп жүрген авиациялық билік тіпті ұлттық ірі тасымалдаушыны персоналын іріктеуде қазақстандық мамандарға басымдық беруге көндіре алматынын білдіріп отер. Содан Эйр Астана және басқа да отандық авиакомпаниялар мамандарын сырттан тасып келген.

Бірақ ақпарат құралдары сөз еткен 1,3 миллиард теңгеге Air Astana Ирландиядан жаңадан персонал жалдамапты. Керісінше, бұрын сол елден тартқан қызметкерлерін жұмыстан босатып, солармен жалақы, сыйақы, әлеуметтік қамсыздандыру секілді келісімшартта белгіленген қолдау шаралары бойынша есептескен екен.

Салаға жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің жауабынан осыны аңғаруға болады. Комитет Air Astana-ның ақпарат құралдары жариялаған тендеріне қатысты шағымды қарапты. Бұл жерде журналистерді және жұртты бағдарламаның "персоналды іріктеу қызметі" деген атауы жаңылыстырса керек. 

"Негізі, "Самұрық-Қазынаның" сатып алулар порталында орналастырылған лотта оның егжей-тегжейі нақтыланбаған. "Эйр Астана" АҚ авиакомпаниясының ақпараты бойынша сөз болып отырған 2020 жылғы сәуір-маусым айлары кезеңіндегі ақшалай шығындар авиакомпанияның шетелдік ұшқыштармен арадағы контрактілерді мезімінен бұрын бұзуға байланысты туындаған. Яғни олармен түпкілікті есеп айырысу жүргізген. Аталған сома осыған жұмсалды. "Эйр Астана" АҚ барлық шетелдік пилоттарымен арадағы контрактілерін мерзімінен бұрын бұзды. Бұл оған пандемия уақытында қазақстандық ұшқыштардың бүкіл жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндік берді", – дейді Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева.   

Оның сендіруінше, өткен жылдары қабылданған барлық шаралар пандемия салдарларын жұмсартуға және еңсеруге бағытталды. Нәтижесінде, сала жайрап қалған жоқ, онсыз да саны аз авиакомпаниялар жабылып қалмады.

Дегенмен комитет нарық ойыншыларына кімді жұмысқа алу керектігін таңа алмаймыз дегенге келтірді. 

"Бүгінде Эйр Астана барлық түйіндеме-өтініштерді job.airastana.com мансаптық платформасы арқылы орталықтандырылған түрде қабылдайды. Ал босаған жұмыс орындарына персоналды конкурстық іріктеу арқылы алады. Отандық ұшқыштар сондай-ақ құжаттарын "SCAT" АҚ-ның cvops@scat.kz, hr@scat.kz, "QAZAQ AIR" АҚ-ның, hh.kz, qsamruk.kz-тің электронды пошталарына жолдауы қажет. Жалпы Еңбек кодексінің 23-бабына сәйкес, қалаған адамды жұмысқа қабылдауы – жұмыс берушінің құқығы әрі еркін таңдауы болып табылады. Сонымен бірге "Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы" заңының 5-бабы бойынша көлiк кәсiпорындарының шаруашылық қызметiне араласуына меморгандардың құқығы жоқ", – деді Салтанат Томпиева.   

Айта кеткен жөн, көрші Ресейде азаматтық авиация Батыстың санкциялары кесірінен ең көп зардап шеккен салаға айналды. Аэрофлот, "Уральские авиалинии" және басқалары персоналының үлкен бөлігін демалысқа, уақытша "простойға" жіберуде, еңбекақысын кесуде. Егер соғыс ұзаса, Ресейге қарсы санкциялар әлсіремесе, орыс авиациясына қойылған тыйым жойылмаса, оның авиациясында жаппай қысқартулар басталуы мүмкін. Онда ұзақ жылдық тәжірибесі бар мамандары Қазақстанға ағылмақ. Қазірдің өзінде ресейлік әуе тасымалдаушыларының персоналы Қазақстаннан жұмыс табуға ынтығып отыр. Демек заңды өзгертіп, ішкі нарығымызды, отандық мамандарды қорғауға көшкен жөн болса керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу