Отандық зауыттар "оталды"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
8924

Мамырда елімізде 2 572 автокөлік құрастырылды.

Отандық зауыттар "оталды"

"ҚазАвтоӨндіріс" Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының хабарлауынша, қаңтар-мамыр аралығында отандық зауыттар жалпы құны 71,5 млрд теңге болатын 11 869 автокөлік құралын құрастырған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70,8%-ға артық. Құрастырылған техникалардың басым бөлігі (11 118) – жеңіл автокөлік. Жалпы, жеңіл автокөліктер өндірісі былтырғы жылмен салыстырғанда 77,5%-ға ұлғайып отыр.

Сондай-ақ, жыл басынан бері 135 автобус құрастырылыпты. Бірақ, бұл көрсеткіш былтырғы деңгейден 5,6%-ға төмен. Бұдан бөлек, жүк көліктерін құрастыру 3,2%-ға кеміген. Қаңтар-мамырда 365 жүк көлігі өндірілген. Осы уақыт аралығында нарыққа жол тартқан мамандандырылған арнайы автотехникалар саны – 56. Бұл өткен жылғы деңгейден жоғары. Былтыр 38 арнайы автотехника құрастырылған болатын. Сонымен қатар, тіркеме өндірісі де өсім көрсеткен. Былтыр 130 тіркеме құрастырылса, биыл 195 тіркеме зауыттан шыққан.

Ал мамыр айының қорытындысы бойынша 2 572 автокөлік құрастырылыпты. Аталған көрсеткіш былтырғы деңгейден 34,4%-ға артық. Былтыр мамырда 1 913 автокөлік нарыққа жол тартқан еді.

Соңғы бес айда 10 202 отандық автокөлік сатылған. Ал былтыр 5 320 көлік өз иесін тапқан еді. Бір жылдағы айырмашылық 91,8%-ды құрап отыр. Отандық автоөндірістің нарықтағы үлесі 33,7%-дан 47,3%-ға ұлғайған.

Әдеттегідей, отандық автоөндіріс саласында "АЗИЯ АВТО" АҚ көш бастап тұр. Компания жыл басынан бері 5 786 техниканы құрастырған. Бұл бес айда өндірілген жалпы көлік санының 56,7%-ына тең. Одан кейінгі орынға "СарыарқаАвтоӨндіріс" ЖШС (3 915 техника құрастырған, жалпы үлесі – 38,4%) жайғасқан. Сондай-ақ, тізімде "СемАЗ" ЖШС (210 техника, 2,1%), "КАМАЗ-Инжиниринг" АҚ (162 техника, 1,6%), "Hyundai Trans Auto" ЖШС (74 техника, 0,7%) және "Daewoo Bus Kazakhstan" ЖШС (55 техника, 0,5%) компаниялары бар.

Ал ел тұрғындары тарапынан сұранысқа ие бренд – Lada. Қаңтар-мамырда сатылған көліктердің 4 537-сі осы брендке тиесілі. Сондай-ақ, қазақстандықтар Hyundai (2 454 бірлік), KIA (1 007 бірлік), JAC (526 бірлік) және Ravon (508 бірлік) брендтеріне де қызығушылық танытады екен.

Жеңіл автокөліктер сатылымында алғашқы үштікке Lada брендінің модельдері енген. Нақтырақ айтсақ, жыл басынан бері 1 336 бірлік Lada Granta, 1 275 бірлік Lada 4x4, 804 бірлік Lada Vesta өз иесін тапқан. Сонымен қатар, қазақстандықтар Hyundai Tucson (774 бірлік) мен Hyundai Accent (611 бірлік) көліктеріне де қызғушылық танытады.

"ҚазАвтоӨндіріс"-тің мәліметінше, қаңтар-мамыр аралығында жеңілдетілген автонесие мемлекеттік бағдарламасының қатысушыларына 2 063 автокөлік берілген. Бұл – жалпы автокөлік сатылымының 20,2%-ы.

Бес айдың қорытындысы бойынша отандық автозауыттардың жалпы ішкі өнімге қосқан үлесі 71,5 млрд теңгеге тең болған. Бұл бір жыл бұрғынғы көрсеткіштен 82,3%-ға жоғары.   

"ҚазАвтоӨндіріс" Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағы директорлар кеңесінің төрағасы Олег Алфёровтің сөзінше, отандық зауыттар өндіріс көлемін тұрақты түрде ұлғайтып келеді. Мәселен, мамыр айында өндіріс үш есе артқан.

"Отандық автокөліктер сатылымы мамыр айында жақсы нәтиже көрсетті. 2015 жылдың ортасынан бастап есептегендегі ең үздік көрсеткіш осы айда тіркеліп отыр. Жыл басынан бері импорттық автокөліктер сатылымы 9%-ға өссе, отандық көліктерге деген сұраныс екі есе ұлғайды. Қазақстанда құрастырылған көліктерге деген сұраныс жоғары болып отыр. Бұл тенденцияның сақталып келе жатқанына біршама уақыт болды", – дейді Олег Алфёров.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу