Ал шын мәнінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны ҚР статистика комитетінің дерегінде көрсетілгендей 2,2 миллион емес, 2,8 миллионнан асып жығылады. Ол міндетті медициналық сақтандыру жүйесін (ММСЖ) енгізу бойынша халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізу барысында белгілі болды. Нәтижесінде медсақтандыру жүйесі аталған санаттағы азаматтарға қызмет көрсетуге дайын емес болып шықты. Бұл туралы Алматы қаласындағы №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Манас Рамазанов ММСЖ енгізу мәселесіне қатысты семинарда мәлім етті.
Оның айтуынша, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың бәрін қоса алғанда медициналық көмектің кепілді көлемін ұсыну үшін ММСЖ қорында шамамен 50 миллиард теңгедей болу қажет. Ал мұнша соманы жинақтау үшін медициналық сақтандыру қорына кемінде екі жылдай қаражат аударылуға тиіс. Әрі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар дәл осы аталған қаражат көлемін жинақтауға тікелей атсалысуы керек.
"ММСЖ енгізу – үлкен мәселе. Егер халықтың аталған тобы осы жұмысқа тартылмайтын болса, онда жүйе тиімділік әкелмейді", – деді ол.
Рамазанов мырзаның айтуынша, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар табыстарын заңдастырғысы келмейді. Олардың көбісі – жеке тасымалдаушылар, базарлардағы жүкшілер, құрылыс және қара жұмыспен айналысатын шағын бригадалар. Бас дәрігердің пайымдауынша, бұл адамдар жұмыспен қамту орталықтарында ресми тіркеуге тұрса, оларға үш ай көлемінде жұмыс орнын тауып береді. Олай болмаған күнде олар медициналық сақтандыру қорына ең төменгі еңбекақының 5%-ын өз бетінше аударып тұруға тиіс. Болжам бойынша, 2018 жылы ең төменгі еңбекақы 28284 теңгені құрамақ, демек жұмыссыздардың жарнасы 1440 теңгені құрайтын болады. Рамазанов мырза егер адам жұмысқа орналасқысы келмесе және ақша аударуға құлықты болмаса, онда ол жоспарлы медициналық көмектен қағылатынын айтты.
Оның келтірген дерегі бойынша, бүгінгі күні тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі триллион теңгеге жақындапты. Мемлекет жылсайын осынша соманы науқастарды емдеуге бөліп отыр. Оның қатарына жедел, жоспарлы көмек, вакциналау, әлеуметтік мәнге ие ауруларды емдеу жатады. Алайда аталған қаржы аздық етеді. Сондықтан ММСЖ енгізу қажет, ал жұмыс берушілер мен кәсіпкерлерден түсетін қаржы мемлекет бөлетін әлеуметтік пакетке демеу болмақ. Триллион теңге халықтың әлеуметтік жағдайы төмен тобына медициналық көмек көрсетуге жұмсалады. Ал қалған бес-алты миллиондай жұмыс істейтін азамат пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға медициналық көмек қорға түскен аударымдардың есебінен көрсетіледі.
"Халқымыз ұзақ өмір сүре бастады. Осыған байланысты қарт адамдардың саны артып келеді. Триллион теңгенің 60%-дан астамы бес жасқан дейінгі және 60 жастан асқан тұрғындарға жұмсалса, еңбеккеқабілетті халықтың еншісіне тек 40%-ы қалмақ, сондықтан қосымша жарнасыз медициналық көмек көрсету мүлдем қиын болады", – деп түсіндірді ол.
Рамазанов мырза жүйеге қатысу міндетті екенін еске салды. Егер кімде-кім сақтандыру үшін төлемеген болса, онда оған тек жедел көмек ғана көрсетілетін болады. Ал одан әрі емделу үшін ақылы қызметті пайдалана алады.
Мұндай өзгерістерге Алматы кәсіпкерлері қауымдастығының президенті Виктор Ямбаев наразы.
"ҚР Конституциясында біздің әлеуметтік ел екеніміз айтылған. Дей тұрғанмен халықтың бестен бірі медициналық қызмет көрсету секілді әлеуметтік қызметтен толықтан айырылғалы тұр. Ендеше қараны қалайша ақ деуге болады?" – деп сауал тастайды ол.
Оның сөзінше, өзін-өзі қамтығандардың мәселесі осы уақытқа дейін тасада қалып келді, өйткені шын мәнінде олар жұмыссыздар. Ямбаев мырза бұл санаттағылар үшін өз бизнесін заңдастыру қымбатқа түспек. Девальвациядан кейін жан бағып қана жүрген оларды енді тегін медициналық қызметтен айырғалы отыр.
"Қазақстанда ауру адамның мәселесін сау адамға арту арқылы медициналық сақтандыру жүйесін енгізгелі жатыр. Медициналық сақтандырудың жетілген моделі мүлдем жоқ. Мәселен АҚШ-та бұл өте өзекті мәселе. Америка қоғамының басым бөлігі сақтандыру жинақтарының болмауынан немесе оның жеткіліксіздігінен сапалы медқызметтерге қол жеткізе алмайды. Қазақстан – қойнауы кенге бай мемлекет, әйтсе де барлық ауыртпалықты халықтың иығына салып отырмыз. Оған қоса әлгі сома медициналық қызметтің құнын толықтай өтемейтінін айтуда", – деп түсіндірді.
Статистика комитетінің соңғы мәліметтері бойынша, Қазақстанның халық саны 18 миллион адамды құрайды, яғни осыған дейін декларация тапсырған 12% емес, халықтың 15%-дан астамы ММСЖ енбей қалуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілген болатын. Жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер аударымдар мен жарналарды сол кезден бастап , ал белсенді емес халық (жұмыссыздар) 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жарна төлей бастайды. Жоспарланғандай, ММСЖ қатысатын науқастар үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде емдеу және дәрі-дәрмекпен қамту тегін, ал медициналық мекеме көрсетілген қызметі үшін ақыны тікелей әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан алады.
2017 жылдың 1 шілдесінен бастап әр жұмысшы табысының 1% аударылса, 2018 жылдан бастап 1,5% ұсталады. Жеке кәсіпкерлер ең төменгі екі айлық көрсеткіштің 5%-ын төлейді. 2018 жылы ең төменгі айлық 28284 теңгені құрайтынын ескерсек, жеке кәсіпкерлердің жарнамасы ай сайын 2828 теңгені құрамақ.
Еркебұлан Қыздарбек, Римма Гахова