Палестина-Израиль тайталасының хронологиясы

1990

Аяусыз, қанды шайқастар ондаған жылдар бойы жалғасып келеді. 

Палестина-Израиль тайталасының хронологиясы Фото: Anadolu Agency

ХАМАС-тың сенбі күнгі шабуылдарының ауқымы мен күрделілігі бүкіл әлем лидерлерін таң қалдырды. Бұның бәріне ондаған жылдарға созылып, мыңдаған адамның өмірін қиған, тұтас ұрпақты оккупацияда өсуге мәжбүрлеген, миллиондарды зымырандар мен бомбалардан үрейлендірген қанды да қатыгез соғыстар себепші.

Екі ғасырды қамтыған тайталастардың негізгі оқиғаларының қысқаша мазмұны төмендегідей:

Биыл бірнеше рет Израильдің жүздеген жауынгері Палестинаның Дженин қаласына әскери шабуылдар жасады. Қаңтар айында палестиналық ер адам Шығыс Иерусалимдегі синагога алдында жеті адамды өлтірген еді.

2022 жылы Израиль қалаларына жасалған лаңкестік шабуылдардан кейін Израиль күштері өздері оккупациялап отырған Батыс жағалауда кем дегенде 166 палестиналықты атып өлтірді.

2021 жылдың мамыр айында Израиль полициясы Исламдағы үшінші қасиетті орын - Иерусалимдегі әл-Ақса мешітіне рейд жүргізді. Оның соңы Хамаспен 11-күндік соғысқа ұласып, 200-ден астам палестиналық пен 10 шақты израильдік мерт болды.

2018 жылы Израиль Газа мен Израильді бөліп тұрған барьер маңында өткен наразылықтарға жауап беру кезінде кем дегенде 170 палестиналықты өлтірді.

2014 жылы Хамас үш израильдік жасөспірімді ұрлап әкетіп, өлтіргеннен кейін Израиль шабуыл бастап, ал Газадан оған зымыран жаудырылып, 1881 палестиналық пен 60-тан астам израильдік опат болды.

2012 жылдың қарашасында Израиль Хамастың әскери жетекшісі Ахмед әл-Джабариді өлтірді. Содан кейін басталған 1-апталық атыстан 150-ден астам палестиналық пен кем дегенде алты израильдік қаза тапты.

2009 жылдың қаңтарында Израиль мен палестиналық қарулы топтар  атысты тоқтатуға келісті, содан кейін Израиль Газадан жауынгерлерін әкетіп, осы сектор шекарасы бойына орналастырды.

Газадан атылған зымырандарға жауап ретінде Израиль 2008 жылдың желтоқсанында Хамастың нысандарына шабуыл жасап, 200 палестиналықты мерт қылды. Көп ұзамай Израиль Хамасқа қарсы құрлықтық операцияны бастады. Барлығы 1200 палестиналық пен 13 израильдік қаза тапты.

2006 жылдың қаңтарында Палестина басшысы және ФАТХ жартылай әскерилендірілген ұйымының негізін қалаушы Ясир Арафат қайтыс болғаннан кейін шамамен бір жыл өткенде, Палестинада парламенттік сайлау өтіп, онда Хамас жеңіске жетті. Бір жылдан кейін Хамас ФАТХ күштерін талқандап, Газаны өз бақылауына алды.

2005 жылдың қыркүйегінде Израиль әскерлері Газадан шығарылды, бірақ Израиль палестиналықтардың осы секторға кіріп-шығуын шектегені үшін үлкен сынға ұшырады.

2000 жылдың қыркүйегінде Кэмп-Дэвидте Израиль мен Палестина арасындағы келіссөздер тығырыққа тірелгеннен кейін бірнеше ай өткенде,  палестиналық жастар Израиль полициясына тас лақтырып, Екінші Интифаданы (көтеріліс) бастады. Израильмен соғысуға әзірлік танытқан Хамасқа Палестинада қолдау күшейді.

1997 жылы екі жанкештінің бомбалық шабуылынан 27 адам қаза тапты. Содан кейін Израиль премьер-министрі Шимон Перес Хамасқа қарсы үздіксіз соғыс жүргізетінін ескертті.

1993 жылы Арафат мырза мен Израильдің сол кездегі премьер-министрі Ицхак Рабин АҚШ президенті Билл Клинтонның арағайындығымен Осло келісіміне қол қойды. Тараптар қақтығысты тоқтатып, аймақта екі мемлекет құруға уағдаласты. Бұны қолдамаған Хамас Израильде жанкештілермен бірнеше жарылыс жасады.

1987 жылы желтоқсанда Батыс жағалау мен Газада тұратын палестиналықтар Израильге қарсы Бірінші Интифаданы бастады. "Мұсылман бауырлар" қозғалысы Хамас қозғалысын құрды.

1979 жылы 26 наурызда Ақ үйде Мысыр мен Израиль бейбіт келісімге қол қойды. Бұның нәтижесінде Израиль әскері Синай түбегінен толық әкетілді. Екі ел оккупацияланған аумақтарда тұратын палестиналықтардың өзін-өзі басқаруына мүмкіндік беретін келісім жасады. Үш жылдан кейін президент Рейган Иорданияның қадағалауымен палестиналықтардың толық автономиясын қолдайтынын білдірді, бірақ Израиль бұл жоспарды қабылдамады.

1973 жылы қазанда Йом Киппур (Ақирет күні) соғысында  Мысыр мен Сирия күштері Израильді араб елдеріне қолайлы шарттарға көндіруге тырысты. 19-күндік соғыста 2700-ге жуық израильдік сарбаз қаза тауып, мыңдағаны жараланды.

1967 жылы маусымда "алты күндік" соғыс кезінде Израиль Газа секторы мен Синай түбегін басып алды.

1957 жылы қаңтарда Израиль Мысыр жерінен әскерін шығарып, Газа ешқашан Мысырға тиесілі болмаған деген уәжбен осы сектор мен Акаба шығанағы аймағынан кетпеу туралы шешім қабылдады.

1956 жылы қазанда, Мысыр президенті Суэц каналын мемлекет бақылауына алып, Израильді кемелер қатынасынан оқшаулағаннан кейін бірнеше ай өткенде, Израиль армиясы Синай түбегі мен Газа секторына басып кірді. Сол жылдың қарашасында Біріккен Ұлттар Ұйымы Ұлыбритания, Франция және Израильді Мысырдан әскерлерін әкетуге шақырды.

1949 жылы жаңадан құрылған Израиль мемлекеті өзіне соғыс жариялаған араб елдерімен бірқатар бітімдерге қол қойды. 1949 жылғы келісімдер бойынша Газа секторы Мысырдың бақылауында болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу