Израиль мен ХАМАС бір жылдан астам уақыт бойы Газадағы соғысты тоқтату және Израиль түрмелерінде отырған палестиналықтарды содырлар қолындағы израильдік тұтқындарға айырбастау жөнінде келіссөздер жүргізді.
Бірақ АҚШ, Қатар және Мысырдың қайта-қайта арағайындығына қарамастан, келіссөздер бірнеше негізгі мәселелерде тығырыққа тіреліп келеді. Олар: тұтқын алмасудың егжей-тегжейлері, атысты тоқтату туралы келісімнің тұрақтылығы, Израиль әскерінің Газадан шығарылуы жайлы түйіткілдер.
Күн сайын Израильдің соққыларынан ондаған палестиналық қаза табады. Сондай-ақ, Газадағы 2,3 миллион адамның көпшілігі сүреңсіз лагерьлерді паналауға мәжбүр. Оларға гуманитарлық топтар өте қажет көмекті жеткізу жолында үлкен қауіпке душар болып жатыр, ал сарапшылар палестиналық анклавты аштық жайлайтынын айтып, қайта-қайта ескертуде.
Израильде кепілге алынғандардың отбасылары соғыс ұзаққа созылған сайын ХАМАС-тың қолындағы жақындарынан айырылып қалмау үшін апта сайын шеруге шығады.
Тізімде аты-жөндері бар, бірақ тағдырлары белгісіз
ХАМАС пен басқа да топтар 2023 жылы қазанның 7-де Израильдің оңтүстігіне жасалған шабуылда тұтқынға алынған 100-ге жуық адамды әлі де ұстап отыр. Содырлар 1200-ге жуық адамды, негізінен бейбіт тұрғындарды өлтіріп, 250-ге жуығын ұрлап әкеткеннен кейін Газада алапат соғыс оты тұтанды. Израиль әскері кепілдегілердің үштен бірін өлді деп жариялады. Бірақ олардың шамамен жартысының жаны қиылды деген болжам тағы бар.
ХАМАС көптеген палестиналық тұтқынды, соның ішінде бейбіт тұрғындарды қырғынға ұшыратқаны үшін сотталған әккі содырларды да босатуды талап етіп отыр. Алайда Израиль мұндай тұтқындарды жіберуге құлықсыз.
Екі тарап бір-біріне аты-жөндер тізімін берді. Израиль кепілдікте кімдердің тірі екендігі туралы көбірек ақпарат беруді талап етіп отыр. Бірақ ХАМАС-тың айтуынша, кепілдегілердің мәртебесін анықтау үшін кем дегенде қысқаша бітім керек, өйткені оларды әртүрлі топтар шашыраңқы, жасырын жерлерде ұстап отыр.
ХАМАС ұзақ мерзімді бітімге ұмтылса, Израиль "толық жеңісті" қалап отыр
Дамып келе жатқан келісім көп фазалы жоспарды талап етеді. Бірінші кезеңде ХАМАС кепілдегілердің ең осалдарын босатады және Израиль күштері кейбір аймақтардан кері шегініп, палестиналықтардың үйлеріне оралуына және гуманитарлық көмектің көбеюіне мүмкіндік беруі керек.
Екінші қадамда – кепілдіктегілердің қалғандары ұзақ мерзімді атысты тоқтату және Израиль күштерін шығару шартына сәйкес босатылады.
ХАМАС соғыстың аяқталатынына кепілдік берілмесе, кепілдіктегілердің қалғандарын босатпайтынын ескертіп отыр. Жергілікті денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, Израильдің шабуылы Газада 46 000-нан астам адамның өмірін қиған. Олардың көбі – әйелдер мен балалар.
ХАМАС кепілге алынғандар түгел босатылса, қолындағы жалғыз ғана көзірден айырылып, Израильдің шабуылдарды қайта бастап, олардың қарқынын күшейтуіне жол ашудан қорқады.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху дәл осылай жасауға уәде әзір. Оның айтуынша, Израиль ХАМАС-тың әскери және басқару қабілетін жоймайынша және палестиналық содырларды қауіп төндіру қауқарынан айырғанша соғысты тоқтатпақ емес.
Израиль стратегиялық дәліздерді сақтап қалуға мүдделі
Өткен жазда Нетаньяху Израильдің Филадельфия дәлізінде, яғни, Газа-Мысыр шекарасының бойындағы жер белдеуінде тұрақты қалу ниетін жариялағанда келіссөздер тоқтап қала жаздады.
Израиль ХАМАС-тың осы дәліз астындағы туннельдер арқылы Газаға ұзақ уақыт бойы қару-жарақ тасымалдап келгенін және ХАМАС-тың қайта құрылуына жол бермеу үшін бұл аймақты өзі бақылауы керектігін алға тартып отыр. Бірақ негізгі делдал Мысыр бұл туннельдерді бірнеше жыл бұрын жапқанын және өзінің Газамен шекарасының арғы жағында Израиль әскерінің шоғырланғанына қарсы екенін ескертіп отыр.
Сондай-ақ Израиль Газа секторының солтүстігіндегі үйлеріне қайтатын палестиналықтарды тексеру механизмін жасауды талап еткен.
Айта кетсек, бір миллиондай адам Израильдің эвакуациялау туралы бұйрығынан кейін үйлерінен қашты. Оларды қайтару – ХАМАС-тың негізгі талабы. Бұл мәселенің егжей-тегжейлері әлі пысықталып жатыр.
Палестиналықтар Израильдің кез келген тұрақты оккупациясына қарсы, дегенмен ХАМАС Израиль әскерін шығару кестесіне қатысты икемділік танытқан.
Соғыстан кейінгі Газаға қарама-қайшы көзқарас
Израильдің сөзінше, ХАМАС енді ешқашан Газаны басқара алмайды. Бірақ әзірге балама үкімет құрудың нақты жоспары мақұлданбаған. Ішкі бәсекелестері болмағандықтан, ХАМАС Израильдің әскери операцияларынан кейін, тіпті ең қатты зардап шеккен аудандардың өзінде тез қайта топтасып, сектордың көп бөлігін әлі де бақылап отыр.
Байден әкімшілігі көптен бері үлкен пәтуа жасауды ұсынып келеді. Оған сәйкес, реформаланған Палестина билігі соғыстан кейінгі Газаны араб және мұсылман елдерінің, соның ішінде Сауд Арабиясының қолдауымен басқарып, Израильмен байланыс орнатуға тарихи қадам жасауы керек.
Бірақ араб және мұсылман жетекшілері мұндай жоспарға Израиль 1967 жылы Таяу Шығыс соғысында басып алған Батыс жағалауда, Израиль аннексиялаған Шығыс Иерусалим мен Газа секторында Палестина мемлекетін құруға жол ашқанда ғана қол қоятындарын мәлімдеп отыр.
Израиль үкіметі Палестина мемлекеттілігіне қарсы және Палестина әкімшілігінің Газадағы кез-келген рөлін қабылдамақ емес. Нетаньяхудың айтуынша, Израиль Газаны басқаруды саяси тәуелсіз палестиналықтарға тапсыра отырып, қауіпсіздікті ашық бақылауда ұстауы керек. Бірақ ешкім өз еркімен бұған келіспейтін сияқты. Оның үстіне, ХАМАС бұл аумақты басқару мәселесінде Израильмен ынтымақтасатындардың барлығына қауіп төндірген.
Алайда ХАМАС Газа секторын бақылауды өзге палестиналықтарға беруге дайын. Өткен жылдың соңында ХАМАС Мысырдың жоспарына сәйкес Газаны тәуелсіз саясаткерлер тобы Палестина әкімшілігі аясында басқарғанын құптады. Дегенмен, аталған әкімшілік бұл жоспарды әзірге қабылдаған жоқ.
ХАМАС сонымен бірге, 2007 жылы билікті басып алғаннан кейін Израиль мен Мысыр жариялаған блокаданың жойылуын талап етіп отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл талаптың орындалуы Газаны қайта құру үшін өте маңызды.
Алайда блокаданың жойылуы ХАМАС-тың үлкен жеңіске қол жеткізуіне және ақыр соңында оған әскери мүмкіндіктерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Ал Израиль үшін бұл үлкен сәтсіздік болар еді.