Павильоны жоқ, қоры жоқ, ауыл қайтіп күн көрер

Тұрақтандандыру қорының қамқорлығы ауылға жетпейді.

Павильоны жоқ, қоры жоқ, ауыл қайтіп күн көрер

Азық-түліктегі апшыны аракідік қуыратын бағаны ауыздықтау үшін тұрақтандыру қорын құра білген билікке ішіміз жылиды. Алда-жалда нарықтағы баға жалына қол салдырмай туласа, тырп еткізбей тізеге басатын бұл тәсіл  – тәуір-ақ. Сосын ішіміз жылымай қайтсін. Тек бір "әттеген-айы" бар. Ол – мұндай үрдістің ауылдарды айналып өткендігі.

Бұл  – байдың асын байғұс қызғанғандық емес. Қымбатшылықтың ұясы ауылда. Бес кір сабын – бір қой болған заман емес, әрине. Одан Құдай сақтасын. Бірақ павильоны жоқ, қоры жоқ, ауыл қайтіп күн көрер? Мұны бұған дейін де жазғанбыз. Араға жыл салып, жарғақ құлағымыз жастыққа тимей, қайта қозғауға мәжбүрміз. Әйтпесе "жыламаған балаға тамақ бермейтіні" анық емес пе? Түйе сұрасақ, бие берер деген дәме де жоқ емес. Жеке басымызға емес, ауылдағы ағайынға алаңбыз...

Қордың шапағаты кімге тиеді
Сонда ойымызға тұрақтандыру қоры және жеңілдетілген бағамен сауда жасайтын әлеуметтік павильондар оралады. Өкінішке қарай, нарықтағы бағаны тұрақтандыруға бағытталған қор аудандарда жоқ. Ал әлеуметтік павильонның не екенін ауыл жұртшылығы мүлдем білмейді. Өйткені ондайды ғұмырында естіп көрмеген.  

Рас, тұрақтандыру қоры "Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы үкіметінің 2012 жылғы 9 қазандағы № 1280 қаулысына сәйкес, облыстар, республикалық маңызы бар қала, Астана аумағында аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал ету және азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн құрылған астықты қоспағандағы азық-түлiк тауарларының жедел қоры болып табылады. Яғни заң бойынша тұрақтандыру қоры облыстар, республикалық маңызы бар қала, Астана аумағында құрылады. Сол арқылы белгілі бір аумақта аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал және азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етеді. Атап айтайық, аумақта, тек бір қалада ғана емес. Олай болса қор, біздіңше  аймақты түгел қамтуға тиіс. Жеңілдетілген бағамен саудаға өнім шығаратын қордың әлеуметтік павильондары құрып кеткенде  бірлі-жарымы дәтке қуат беріп, аудандарда да орналасуы қажет-ақ. Әйтпесе қымбатшылықтың қысымын ауылдықтардан артық білетін пенде жоқ. Бағаның негізсіз өсуінің ошағы осы ауылдарда. Алайда қаладағы бағаға бақылау бар да, ауылдағы бағаға "қой" дейтін қожа жоқ.

Біле-білсеңіз, қаладағы азық-түлік құны ауылда екі есеге жетіп жығылады. Жасыратын несі бар, ауылдағы азық-түлік алыпсатардың қолында. Яғни олар қаладан алып, оның үстіне өз бағасын қосады. Содан ауылдағылардың  қалтасына салмақ түседі. Ендеше тұрақтандандыру қорының қамқорлығы, шарапаты мен шапағаты ауылға неге жетпейді? Арзандау көкөніс, бакалеялық өнімдері бар әлеуметтік павильондар аудандарда желісін неге жалғамайды?

Тұрақтандыру қоры үшін  Қарағанды қаласының аумағындағы бірнеше сақтау қоймалары сақадай сай. Қойма халыққа ең қажетті азық-түлікке сықиып тұр. Аумалы-төкпелі бағаның толқымалы кезеңінде қаладағылардың қалтасын қағуға жол бермейтіні анық.

Қолда бар дерекке  сүйенсек, бүгінде тұрақтандыру қорына 902 тонна көкөніс салынған, оның 742 тоннасы картоп, 100 тоннасы сәбіз және 60 тоннасы пияз. Бұл тауарлар әлеуметтік павильондарда тұрақты бағамен сатылмақ. Оған қоса облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен картоптың құнын тұрақтандару қоры құрылған.

Картоптың бір келісін 90-100 теңге көлемінде ұстап қалу үшін облыста тұрақтандыру қоры құрыла бастады. Ол үшін қоймаға 742 тонна картоп жеткізілген. Ауылшаруашылық басқармасының есептеуінше, осы қор бағаны тұрақты ұстап тұруға септігін тигізеді.

Әлбетте нарық заманында біреуге бағаны белгілеп бермек емеспіз. Бірақ қалада бағаны тұрақтандыру үшін қарекет жасалғанда, одан ауыл неге тыс қалады?  Көкейімізді тескен сауал – осы. 

Қашпаған қашардың уызынан дәмету
Өзге өңірдің жылт еткен жаңалығын көрсек, ішіміз қылп ете қалады. Бұл – көрсеқызарлық емес. Көсегеміз көгергенін көксегендік қана. Дәл солай, қоңсы қонған Ақмола облысы фермерлерінің "Ақмол" дүкені ашылғанда, тағы елеңдескенбіз. Сонда "Біздің Қарағанды аграрларының елордалықтардан несі кем?" деген сұрақ сумаңдап, көмейімізге тығылған. Бәсе, несі кем? Немесе несі басым? Қарағандының өзі бай, төрт түлігі және сай. Егін-шөп, көкөнісіңізден де кемдік көрер жөні жоқ. Ендеше  бұқараны ауылшаруашылығының арзан өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ететін фермерлердің дүкенін ашуға аймақтың адымын не аштырмайды? Қоңыр күзде көш-керуенін түзейтін ауылшаруашылық жәрмеңкесі тақиямызға тар емес, әрине. Десек те, маусымдық сипатқа ие жәрмеңке хақында емес сөз. Сөз – тұрақты жеткізушісі һәм өндірушісі бар ауылшаруашылығы өнімдерінің тұрақты жұмыс істейтін ірі дүкені туралы. Сөйтіп қашпаған қашардың уызынан дәмететін жайымыз бар.

Дәмететін жөніміз бар көрінеді. Статистикалық деректер аграрлық секторда  Қарағандының әлеуеті мықты дегенді көлденең тартады. Сандар сөйлеп тұрғанда, тіл мен жаққа сүйенуден аулақпыз. Статистикадан ұққанымыз – Қарағандының фермерлері отқа қарап отырған жоқ. Айдағандары бес ешкі емес, мыңғырған мал екен.

Сонымен статистикаға сүйенсек, шамамен, аймақта бұл күні ауыл, орман және балық шаруашылығында ірісі, ортасы, шағыны бар 598 заңды тұлға тіркеліпті. Ал Қарағанды облысында бірігіп тірлік кешуге белді бекем буып, кооперативке жұдырықтай жұмылғаны 114 көрінеді. Жалпы, облыстағы ауыл шаруашылығында жүрген жандардың 2017 жылғы қаңтар-қарашада шығарған өнімдерінің құны 224956,7 млн. теңгені құрапты, өткен жылғы сәйкес кезеңге 0,3%-ға жоғары екен. Демек, дүкендер желісін неге ашпасқа деп аузымызды ауыртуымыз негізсіз емес. Мәселен, қаңтар-қараша айларында мал мен құстың барлық түрлерінің (тірідей салмақта) союға өткізілгені немесе шаруашылықта сойылғаны 110 251,5 тонна, сиыр сүтi  410 252,0 тонна, алынған  жұмыртқа 567 260,3 дана екен. Соңғы екі жылда Қарағанды облысында 73 ауыл шаруашылығы кооперативі және құрылған. Онда 3 мыңға жуық адам бар. Мұның сыртындағы облыстың ұқсатушы кәсіпорындары өнімдерін қосыңыз. Яғни, ауыл шаруашылығы дүкендерінің бір емес, бірнешеуін қаланың әр бұрышынан ашып, шашып тастауға, оны жабдықтауға әлеуеті де, әлеуметі де жетерлік. Бұған бұқара да, біз де бәс тігуге бармыз.

"Ақмолға" аңсар неге ауды
Осы арада айта кеткен жөн. Қарағандының қақ ортасында "Алтын арба" сауда-фермерлік орталығы бар. Орталық ашылғанда өнімін өткіземін дейтін шаруашылық, қосалқы шаруашылықтарға бірқатар жеңілдіктер, жақсылықтар ұсынған. Заманауи талапқа сай салынған орталық арзан һәм экологиялық таза өніммен аймақты толық қамтиды деген есек дәме де болған. Делдалсыз сауда деген. Солай болса, солай шығар. Бірақ, аймақтағы 500-ге жуық фермердің ет-ірімшік-құрты онда көптеп кездеспейді. Оған қоса, жұрттың барлығы сонда ағылып жатпайды да. Себебі, "Адамды заман билемек, заман оны илемегі рас" екен. Ондағы төрт түліктің өнімі - кем,  киім-кешек, көйлек-көншек саудасы көбейе түскен. Қазір тағам-тамақтан гөрі кәкір-шүкір саудалап кеткенін өтірік дей алмаймыз. Сондықтан, "Ақмолға" аңсарымыз ауғаны да. Сонымен бірге, бұл сөзімізде жұртшылықтың өтініш-тілегі, базына-назы бар. Әйтпесе, жер астынан жік шығарып, оның құлағын тік шығарар басымызға күн туа қойған жоқ.

Бізге таңсық болған "Ақмолдың" жеткізушілеріне назар аударалық. БАҚ-та жарияланған ақпараттар дүкенге "елордаға азық-түлік жеткізумен аймақтың 128 кәсіпорыны айналысады. Оның ішінде 68-і мал шаруашылығы өнімдері (ет және ет өнімдері, жұмыртқа), 54-і өсімдік өнімдері (ұн, картоп, көкөніс, сұйық май)" дейді.

Мұндай өңдеуші кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы өнімімен күн көруші қожалықтар жыртылып артылады. Олай болса, олардың өнімін делдалсыз қабылдайтын, жабайы саудадан мәдениетті саудаға қарай шығаратын осындай дүкен ашылса деген ойдан еш өрескелдік көрінбейді. "Аспандағы айды әпер" деп отырған тағы ешкім жоқ. Біз тек бұқараның тілегін жеткізуші ғанамыз. 

Қызғалдақ Айтжанова, Қарағанды

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу