"Сіздер кәсіпорындарды тексеруге мораторий жарияланбауын арқау етіп отырсыздар. Алайда әңгіме функционалдық міндеттер жайында болып отыр. Сіздердің міндеттеріңіз – жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшартты қалай орындап жатқанын бақылау. 15 жылдан бері Май ауданында мемлекеттік актіні жасамай-ақ алтын, күміс, платина, мыс, мырыш, қорғасын, кобальт, алюминий, магний, вольфрам, молибден кенін барлау жүріп жатыр. Жерге құқық белгілеуші құжат рәсімдемеген 13 кен орны белгілі болды. Бұл жерде мораторийсіз-ақ жұмыс жетіп жатыр", – деп атап көрсетті Павлодар облысы прокурорының орынбасары Қуат Артықбаев алқа жиналысында.
Табиғат қорғау прокуратурасының ақпары бойынша, облыстың өкілетті органдары 2011 жылдан бастап жер қойнауы учаскілерін байқауға шығару немесе тікелей келіссөздер негізінде келісімшарт жасауға қатысты нақты шаралар қабылдамай отырғанын айтты.
"Облыс аумағында орналасқан 139 кен орнының 66-ы ғана жұмыс істеп тұр, ал қалғандары талай жылдан бері пайдаға асырылмай бос жатыр. Аймақта қатты пайдалы қазбалар қорының 35 учаскісі бар, оның 14-і игерілмеген. Кең тараған пайдалы қазбалары бар 50-ден астам жер қойнауы учаскілерін пайдалануға беру дұрыс ұйымдастырылмай отыр", – деді Павлодар облысының табиғат қорғау прокуроры Дәурен Кенбаев. Сонымен бірге прокуратураның айтуынша, кен орнын әзірлеу инвестицияның, жаңа жұмыс орнының, бюджетке түсім жасаудың қосымша көзі болып табылады. Жер қойнауы, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы соңғы жеті жылда тек бір рет – 2015 жылы ғана байқау өткізген. Оның қорытындысы бойынша тек жеті кен орны бойынша ғана жеңімпаз анықталған, бірақ күні бүгінге дейін солардың біреуімен де келісімшарт жасалмаған.
Павлодар геология және жер қойнауын пайдалану аймақтық инспекциясы қолынан келгеннің бәрін істегенін айтады мекеме басшысы Татьяна Крахалева. Сондай-ақ, оның айтуынша, 2016 жылы жоспардан тыс үш тексеріс жүргізілген. Сондай тексерістің бірі Үштерек ауылы тұрғындарының ЖШС жұмысына қатысты шағым жасауына байланысты жүргізілген. Алайда кәсіпорын тарапынан қарсылық туындауына байланысты тексеріс болмаған. Екі ай бойы инспекция барлық жерден көмек сұрап, мемлекеттік органдардың, жергілікті полиция мен прокуратураның табалдырығын тоздырыпты. Бірақ ешкім көмек қолын созбаған.
Салғырттық салдары
Аймақта төрт жылдан бері жалпы ұзындығы 400 шақырымдай болатын республикалық және жергілікті маңызы бар жол салынып, қайта қалпына келтіріліп жатыр. Жергілікті биліктің ақпары бойынша, осы уақыт ішінде қүрылыс компаниялары жол және су құрылысы үшін қажетті пайдалы қазбаларды өндіруге 50 рұқсат алған. Оның 34-нің жарамдылық мерзімі 2015-2016 жылы аяқталған, алайда, прокуратураның мәліметі бойынша, бірде-бір құрылыс компаниясы жер қойнауын пайдалану нысандары бойынша жұмысты тоқтату немесе таратуды қолға алмаған.
"Мысалы, "Павлодарэнерго" АҚ жер қойнауы басқарамасының 2013 жылдан 2015 жыл аралығында жұмыс істеуге берген рұқсаты негізінде 2-ЖЭО және 3-ЖЭО су құрылысы үшін екі кен орнында балшық өндірген. Ол жыл сайын 800 мыңнан астам текшеметр көлемінде балшық өндірген. Алайда рұқсаттың жарамдылық мерзімі бітсе де, акционерлік компания пайдаланылған кен орнын жаппай отыр. Жол құрылысымен айналысып отырған алты кәсіпорынның да жұмысы осындай күйде. Мемлекеттік лауазымдық тұлғалардың салғырттығынан жер қойнауын пайдалану нысандарын жабу немесе ондағы жұмысты тоқтату бойынша бағдарлама әзірленбеген, жер телімдерін қалыпқа келтіру жұмысы жүргізілмеген", – деді Дәурен Кенбаев.
Прокуратура ақпары бойынша, мемлекеттік органдардың келісімшарт жасалған аумақтарда не болып жатқандығынан хабары жоқ. Сондай-ақ кен орындарын пайдаланып болғаннан кейін өндірісті жабуға қатысты шығындар өтемақысы аударымдары түсетін тарату қорының жұмысы да ретке келтірілмеген. Бүгінгі күні аударымдар бойынша орындалмаған міндеттердің жалпы сомасы 14 млн теңге болып отыр.
Ұрлық жасап ұсталды
Алқада жария болған ақпаратқа сүйенер болсақ, сәуір айында табиғат қорғау прокуратурасы құм шығаратын кенішті заңсыз пайдалануды тоқтатқан. Осы іске қатысты облыс орталығының екі тұрғыны қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу жұмысы жүргізілуде.
"Кеніш бұрыннан бері заңсыз пайдаланылып келеді. Одан құмды тонналап тасыған да кездер болған. Келтірілген шығын көлемі есептелуде", – деді облыстың табиғат қорғау прокуроры Дәурен Кенбаев.
Сондай-ақ, прокурордың мәліметі бойынша, "Дегелең Семей Тау" ЖШС 14 жылдан астам уақыт бойы жер телімін рәсімдемей "Ковыльное" кен орнында құрылыс тасын өндіруде. Кеніштің ауданы 14,8 гектар.
Покуратура анықталған болған барлық заң бұзушылық лауазымдық тұлғалардың салғырттығынан дейді. Тексеріс қорытындысы бойынша индустрия және даму министрі, сондай-ақ облыс әкімі атына анықталған тәртіп бұзушылықты ретке келтіру туралы ұсыныс жасалды.
Гүлназ Ермағанбетова, Марина Попова, Павлодар