Павлодарда сода зауыты салына ма?

Бұл жобаға көпшілік қарсылық танытқан еді.

Павлодарда сода зауыты салына ма? Фото: yandex.kz

Павлодар облысы ауаға ластаушы заттарды шығару көрсеткіші бойынша елімізде көш бастап тұр. Былтыр өңірдегі кәсіпорындардан 727 мың тоннаға жуық қалдық шығарылды. Соған қарамастан, кей инвесторлар әлі де индустриялық жобаларын жүзеге асыруға ниетті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Сондай ірі жобалардың бірі – осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған "Павлодар-Сода" зауыты.

Аталмыш кәсіпорынды салу арқылы өңірде отандық және әлемдік сұранысқа ие кальциленген соданың 200 мың тоннасы шығарылмақ. Аталмыш өндіріс орнын іске қосу үшін мемлекеттік бағдарлама аясында "Павлодар" арнайы экономикалық аумағы маңына арнайы инженерлік-коммуникациялық желілер де тартылды. Бірақ олар соңғы үш жылға жуық уақыт бойы қолданылмай құр жатыр. Өйткені зауытты іске қосу жұмыстары әзірше тұралап тұр.

Оның басты себебі қаржының жоқтығы көрінеді. Жалпы, бұл жобаны іске асыру үшін 75 млрд теңге көлемінде қаражат қажет. Пандемияға дейін бұл соманы алыс шетелдегі инвесторлар бөледі деп қарастырылған. Бірақ содан кейін бәрі өзгеріп, жобаның авторлары демеушісіз қалды. Қазіргі уақытта жақын шет мемлекеттерден басқа инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Ал жобаның әлі күнге дейін нақты іске айналмауының басты себебі – жергілікті жұртшылықтың наразылығы. Осыдан бірнеше жыл бұрын өткен қоғамдық тыңдау кезінде экологтар аталмыш зауыттың құрылысына қарсылық танытып, бірқатар нақты талап қойды.

Біріншіден, бастамашыл топ кальциленген сода өндірісін қолға алуды қаласа, жыл сайын тұтынатын су көлемін 2,4 млн текше метрден 1,1 млн текше метрге дейін азайтуға тиіс.

Екіншіден, соданы алу кезінде көмірді емес, сұйытылған газды қолдануы шарт. Бұл қоршаған ортаға тигізетін кері әсерді едәуір азайтады.

Үшіншіден, зауыттан шығатын 17 мың тонна қалдық толығымен өңделуі тиіс. Яғни, оны ашық алаңда, қоймада сақтауға болмайды.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, осыдан екі жыл бұрын белсенділер жоба авторларына осындай талаптарды тізіп берген соң, олар қайтадан қоғамдық тыңдау өткізуге өтініш берген жоқ. Бірақ бұл істі жылы жаба салуға болады деген сөз емес. Себебі сол кәсіпорын үшін мемлекет ақшасына инфрақұрылым тартылды. Оның жайы не болмақ?

"Мен инвесторлармен кездесіп, мәселені талқыладым. Байқағанымыздай, жобаны қаржыландыру көзі әлі толығымен шешілмеген. 75 млрд теңге – қомақты сома. Бастама авторларына жағдайды біржақты шешу үшін күзге дейін уақыт берілді. Оған дейін қандай да бір ілгерілеу болмаса бұл аумаққа басқа жобаларды тартамыз",– деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, "Павлодар-Сода" зауыты жылына 200 мың тонна "А" маркалы кальций қосылған соданы өндіруді жоспарлап отыр. Ел көлемінде сұраныс 400-450 мың тоннаны құрайды. Қажетті шикізаттар – тұзды Үлкен Қалқаман және Тұздысор көлдерінен, әктасты Керегатастан, ал аммиакты сыртан сатып алмақ. Алынған өнім шыны бұйымдары, хром қосылыстары, натрий фасфиттері өндірісінде шикізат ретінде қолданылатын болады. Негізгі тұтынушы – "Қазақстан алюминийі" зауыты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу